ВС РК - Постановление от 31.05.2023 по делу 6001-23-00-3гп/180 (Гражданское)

6001-23-00-3гп/180

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 31 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші Н.К.Шәріпов, судьялар М.Т.Балкен, А.С.Савинова, талап қоюшының өкілі - Д[...],

жауапкер Д[...] және оның өкілі - К[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы М[...] жауапкер Д[...] тұрғын үйден мәжбүрлеп шығару туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Жамбыл облысы Шу аудандық сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі шешімін және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Д[...] өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Талап қоюшы өзіне мұра етіп қалдырған даулы тұрғын үйде жауапкердің заңсыз тұрып жатқанын уәждеп, оның меншік иесі ретінде құқығын бұзып отырғанын көрсетіп, жауапкерді мәжбүрлеп шығаруды міндеттеу туралы талап қоюмен жүгінген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 қазандағы қаулысымен заңды күшіне енген Жамбыл облысының Шу аудандық сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер Д[...] отбасымен басқа тұрғын үй берілмей еріксіз түрде мәжбүрлеп шығарылған.

Д[...] өзінің өтінішхатында жергілікті соттардың іс бойынша қабылдаған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.

Жоғарғы Сот алқасы жауапкерлердің өтінішхатта көрсеткен уәждерін тыңдап, іс-құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, осы іс бойынша сот актілерінің күші жойылуға, азаматтық істі Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамымен жаңадан қарауға жіберуге жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен

қайта қарауға негiздер болып табылады. Мұндай заң бұзушылықтар орын алған.

Іс құжаттарынан 2021 жылғы 9 желтоқсандағы өсиет бойынша мұраға қалдырылған Жамбыл облысы, [...] мекенжайда орналасқан тұрғын үйге М[...] атына мұра алу құқығы туралы куәлік ресімделіп, оның даулы тұрғын үйге мұрагер болып аталғаны анықталған. Өз кезегінде талап қоюшы атасының өзіне мұра етіп қалдырған даулы тұрғын үйге жеке мүдделерін жүзеге асыру мақсатында мүлікті өз қалауынша иелене алмай отырғанымен уәждеп, жауапкерді даулы тұрғын үйден еріксіз түрде мәжбүрлеп шығару туралы сотқа талап қоюмен жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюшының бұл уәждерімен келіскен және негізді деп тапқан.

Азаматтық іс материалынан анықталғандай, істі қарау барысында жергілікті соттар М[...] даулы тұрғын үйге меншік иесі болып табылатыны жөніндегі 2021 жылғы 13 желтоқсандағы мемлекеттік тіркеу туралы хабарламаны және ресімделген мұра алуға құқығы туралы куәлікті басшылыққа алып, жауапкердің жылжымайтын мүлікті өзіне тиесілі емес екенін біле тұра өз еркімен босатпай, талап қоюшының өз үйін пайдалану құқығынан шектеген деген тұжырымға келген және талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім шығару арқылы Д[...] және онымен бірге тұрып жатқан отбасымен бірге даулы тұрғын үйден еріксіз түрде мәжбүрлеп шығаруды міндеттеген.

Арызданушы кассациялық өтінішхатында соттардың бұл тұжырымдарымен келіспей, заң талаптарына сәйкес келмейтінін көрсеткен. Өйткені істі қарау барысында Д[...] талап қоюшының атасы Ж[...] заңды некеде тұрғанын және сол некеден 2006 жылғы 6 ақпанда туған М[...] есімді екеуіне ортақ кәмелетке толмаған қызының бар екеніне қарамастан, соттардың бұл аталған уәждерді елемегенін көрсеткен. Керісінше атасының бұрынғы некеде болған әйелі Д[...] оның мұраға қалдырған үйінде заңсыз тұрып жатыр деген талап қоюшының жалған жауабын сот қабылдап, ортақ некеден туған М[...] үй-жайсыз көшеде қалдырып, арызданушының конституциялық құқығының бұзылғанын көрсеткен. Дегенмен де арызданушының көрсеткен бұл негізді уәждерімен келісуге болады.

«Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы № 5 нормативтік қаулысының 6 - тармағына сәйкес белгіленген тәртіппен қабылданған мұра, ол ашылған күннен бастап мұрагерге тиесілі деп танылады. Сондықтан мұра алу құқығы туралы куәлікті алу мұрагердің міндеті емес, құқығы болып табылады, көрсетілген куәліктің болмауы мұрагерлік құқықтан айырылуға негіз бола алмайды.

Жоғарғы Сот алқасы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтамай, сот отырыстарында талқыланған мән-жайларға нақты құқықтық баға бермей, негізсіз сот актілерін қабылдауға жол берген деп тұжырымдайды.

Өйткені жергілікті соттар дауды қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамаған, яғни бірінші сатыдағы сот шешімінің қарар бөлігінде жауапкер Д[...] отбасымен басқа тұрғын үй берілмей еріксіз түрде мәжбүрлеп шығару туралы көрсетілген, бірақ оның отбасына кіретін нақты жеке тұлға көрсетілмеген және ол тұлғалар іс бойынша тарап ретінде тартылмаған. Сондай-ақ, Д[...] қайтыс болған Ж[...] заңды некеден 2006 жылғы 6 ақпанда туған Диана есімді екеуіне ортақ қыздарының бар екенін де сот елемеген. Бұл мән-жайларды ескермеске болмайды.

Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, істі қайта қарау кезінде жауапкерлердің тобын анықтау қажет яғни, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1069-бабына сәйкес кәмелетке толмаған М[...] мұрадағы мiндеттi үлеске құқығының бар екенін және онымен нақты мұра қабылданғанын немесе қабылданбағанын анықтау қажет. Сондықтан іс бойынша әділдік принциптеріне сәйкес келетін жағдайларды сондай-ақ сот, кәмелетке толмаған қыздарының бар екенін ескере отырып, тараптардың өзара татуласулары үшін шаралар қолдану керек деп түйіндейді.

Іс құжаттарынан қарағанда жауапкер өзінің апелляциялық шағымында оның басқа мекенжайда тұрып жатқанын көрсеткен, ал істі қайта қарау барысында бұл мән-жайларға да мән беру керек деген тұжырымға келуге болады. Сондықтан жауапкердің өз отбасымен бірге даулы тұрғын үйде нақты тұрып жатқанын анықтау қажет, өйткені талап қоюшының құқығының бұзылғанын дәлелдеу үшін аса маңызды мәні бар. Осылайша бірінші сатыдағы сот жауапкердің сотқа берген мәліметтеріне дұрыс баға бермеген, ал апелляциялық алқа бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексермеген деген тұжырымға келуге болады. Жоғарыдағылардың негізінде, сот алқасы жергілікті соттардың осы істі қарау барысында АПК-нің 224-бабының талаптары сақталмай, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген қорытындыға келеді.

Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды. Сондықтан кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың актілерінің күшін жойып, азаматтық істі Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамымен жаңадан қарауға жіберу туралы тұжырымға келді.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы,

Жамбыл облысы Шу аудандық сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі шешімін және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 қазандағы қаулысының күші жойылсын.

Азаматтық іс Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамымен жаңадан қарауға жіберілсін. Д[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Н.К. Шәріпов А.С. Савинова

М.Т. Балкен

Көшірмесі дұрыс

Судья

М.Т.Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.