ВС РК - Постановление от 17.01.2024 по делу 6001-23-00-6ап/517 (Административное)

6001-23-00-6ап/517

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 17 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Г.К.Нурбаев болып,

талап қоюшы А[...], оның өкілі А[...], жауапкер өкілі Қ[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі» (бұдан әрі - Министрлік) мемлекеттік мекемесіне «BIZDIN TANDAU» саяси партияны құруға қатысты хабарламаларды растаусыз қайтарған әрекеттерін заңсыз деп тануды, саяси партияны құру ниеті туралы хабарламаны растауды және заңнамаға сәйкес келмейді делінген бастамашыл топ азаматтары туралы ақпаратты беруді міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 қыркүйектегі шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшы өкілімен келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жауапкердің «BIZDIN TANDAU» саяси партияны құруға қатысты хабарламаларды растаусыз қайтарған әрекеттерін заңсыз деп тануды, саяси партияны құру ниеті туралы хабарламаны растауды және заңнамаға сәйкес келмейді делінген бастамашыл топ азаматтары туралы ақпаратты беруді міндеттеу жайлы талап қоюмен жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшының өкілі қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күштерін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.

Сот отырысына қатысушының түсіндірмесін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Соттармен анықталғандай, 2022 жылғы 15 маусымда Министрлікке А[...], С[...], Қ[...], Б[...], Б[...], Ж[...], Ж[...], А[...], Т[...], А[...] «BIZDIN TANDAU» саяси партиясын құру ниеті туралы 2022 жылғы 10 маусымдағы №1 хабарламасы келіп түскен.

Хабарламаға ұйымдастыру комитетінің 2022 жылғы 10 маусымдағы жиналысының хаттамасы, ұйымдастыру комитетінің мүшелері туралы мәліметтер (10 азамат) және саяси партияны құру жөніндегі азаматтардың бастамашыл тобының тізімі (1 275 адам) қағаз тасымалдағышта қоса берілген.

Ұсынылған құжаттарда саяси партияның бастамашыл тобының электрондық тасығышта тізімі болмағандықтан, келіп түскен хабарлама 2022 жылғы 15 маусымда растаусыз қайтарылған.

2022 жылғы 20 маусымда Министрлікке «BIZDIN TANDAU» саяси партиясын құру ниеті туралы 2022 жылғы 17 маусымдағы №2 хабарламасы келіп түскен.

Хабарламаға ұйымдастыру комитетінің 2022 жылғы 10 маусымдағы жиналысының хаттамасы, ұйымдастыру комитетінің мүшелері туралы мәліметтер (10 азамат) және саяси партияны құру жөніндегі азаматтардың бастамашыл тобының тізімі (1 473 адам) қағаз және электрондық тасымалдағышта қоса берілген.

Бастамашыл топтардың тізімдері заң талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты, келіп түскен хабарлама 2022 жылғы 20 маусымда растаусыз қайтарылған.

Саяси партияны құруға қатысты хабарламалардың растаусыз қайтарылғаны бойынша ұйымдастыру комитетінің мүшелері 2022 жылғы 1 шілдеде Министрлікке шағым жолдаған. Шағымға 2022 жылғы 26 шілдеде жауап ұсынылған.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 6, 8, 12-баптарын және Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 29 мамырдағы №66 бұйрығымен бекітілген «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу жөнінде мемлекеттік қызметтер көрсету» қағидаларын (бұдан әрі - Қағида) басшылыққа ала отырып, «BIZDIN TANDAU» саяси партиясын құру туралы ұсынылған хабарламаларды растаусыз қайтарған әрекеттерімен келіскен.

Заңның 6-бабының 1-тармағына сәйкес саяси партия саны жеті жүз адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінің атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады. Азаматтар саяси партияның құрылтай съезіне (конференциясына) жеке өзі қатысады. Азаматтардың саяси партияның құрылтай съезінде (конференциясында) сенімхат бойынша өкілдік етуіне жол берілмейді. Саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) дайындау және өткізу үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының бастамашы тобы мүшелерінің қатарынан құрамында кемінде он адам болатын ұйымдастыру комитеті құрылады.

Ұйымдастыру комитеті тіркеуші органға тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша электрондық және қағаз жеткізгіштерде азаматтардың саяси партия құру жөніндегі бастамашы тобының тізімін және ұйымдастыру комитетінің мүшелері туралы мәліметтерді тіркеуші орган белгілеген нысандағы хабарламаны табыс етеді. Қағидалардың 6-қосымшасымен бекітілген мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесіне сәйкес азаматтардың саяси партияны құру жөніндегі бастамашыл тобының электрондық (EXCEL форматында) және қағаз жеткізгіштерде тізімі ұсынылады.

Алайда, тіркеуші орган - Министрлікпен азаматтардың саяси партия құру жөніндегі бастамашы тобының тізімі бірінші рет тек қағаз тасығышта, ал екінші рет ұсынған тізімде дұрыс емес деректер (қайтыс болған азаматтар, әскери қызметшілер, шетелдіктер, сондай-ақ азаматтар туралы өзекті емес мәліметтер) анықтаған.

Бұл өз кезегінде бастамашыл топпен, оның ішінде Ұйымдастыру комитетімен, Қазақстан Республикасының Саяси партиялар туралы заңнамасының талаптарын өрескел бұзылғандығын көрсетеді, себебі Заңның 2-тарауымен көзделген талаптар сақталмаған.

Заңның 11-бабының 1-тармағымен тiркеушi орган Қазақстан Pecпубликасының заң актiлерiнде көзделген негiздемелер бойынша, сондай-ақ партия құрудың заңда белгiленген тәртiбiн бұзған, берiлген құжаттар, соның iшiнде оның партия мүшелерiнiң тiзімдерi Қазақстан

Республикасының заң актiлерiне сәйкес келмеген жағдайда саяси партияны мемлекеттік тiркеуден бас тартатындығы бекітілген.

Заңның 12-бабымен Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдарының сақталуына, азаматтардың саяси партия құру жөнiндегi бастамашы тобының, саяси партия мүшелері тiзiмдерiнiң дұрыстығын осы Заңның 6-бабы 1-тармағының, 8-бабының, 10-бабы 6- тармағының талаптарына сәйкестігіне тексеруді тіркеуші орган жүзеге асырады.

Демек, Министрліктің даулы әрекеттері заңды, өйткені Заңның 12бабына сәйкес аталған талаптардың сақталуын бақылау Министрлікке жүктелген, яғни ұсынылған тізімді тексеру оның құзыретіне кіреді.

Тізімдерді тексеру тәртібі Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №427 бұйрығымен бекітілген Азаматтардың саяси партия құру жөніндегі бастамашылық тобы, саяси партия мүшелері тізімдерінің дұрыстығын тексеру қағидаларының 3- бөлімімен регламенттелген.

Жоғарыда көрсетілген Қағидалардың талаптарына сәйкес, басқа индикаторлармен қатар, тiзiмдердi тексеру рәсiмі Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімі бойынша тiзiмдерде көрсетiлген адамдарды Қазақстан Республикасының азаматы болуы тұрғысынан тексеруді қамтиды.

Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының (бұдан әрі - Дербес деректер туралы Заң) 1-бабының 2) тармақшасымен дербес деректер - ол мәліметтер негізінде айқындалған немесе айқындалатын дербес деректер субъектісіне қатысты, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тiркелген cол мәліметтер екендігі қарастырылған.

Дербес деректер туралы Заңның 11-бабының 1-тармағымен қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізе алатын меншік иелері және (немесе) операторлар, сондай-ақ үшiншi тұлғалар субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі не өзге де заңды негіздер болмағанда оларды таратуға жол бермеу талаптарын сақтау арқылы олардың құпиялылығын қамтамасыз ететіні белгіленген.

Жоғарыда айтылғандардан Министрлікке ұсынылған тізім мен тіркеуші органның Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің Ұлттық тізілімінен (мемлекеттік деректер базасынан) алған нәтижелері дербес деректерге жататындығы туындайды.

Сондықтан, олардың мазмұны мен нәтижелері Дербес деректер туралы Заңымен қорғалады және субъектінің, яғни жеке тұлғаның, келісімінсіз таратылуға жатпайды, өйткені ондай жағдайда оның заңмен қорғалатын құқықтары мен заңды мүдделері қозғалады.

Жоғарыда баяндалғанның және тізімнің заң талаптарына сәйкес келмеуі анықталуына байланысты сот алқасы жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдарымен келіседі, өйткені жауапкер заңнама нормаларын және онымен қарастырылған рәсімдік талаптарды бұзуға жол берген жоқ.

Келтірілген мән-жайлар мен заң нормалары аясында жергілікті соттардың сот актілері заңды әрі негізді, өйткені жауапкердің дауланып отырған саяси партияны құруға қатысты хабарламаларды растаусыз қайтару барысында Министрлік тарапынан заң бұзушылықтарға, оның ішінде процедуралық сипаттағы, жол берілмеген.

ӘРПК-нің төртінші бөлігімен сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартадындығы бекітілген.

Осыған орай, сот алқасы сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, соттармен заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген деп санайды. Дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 қыркүйектегі шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г. Дуйсенбаев

Судьялар Б. Нажмиденов

Г. Нурбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.