6001-22-00-6ап/94
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 12 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші С.Ү.Баймаханов, судьялар Ш.Т.Даниярова, Ж.Б.Ермағамбетова болып,
талап қоюшы:
«А[...]» шаруа қожалығының өкілдері адвокат А[...], С[...],
жауапкерлер:
Т. Рысқұлов ауданы әкімінің және «Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-нің өкілі Ж[...],
мүдделі тұлғалар:
«Ж[...]» шаруа қожалығы және «МА[...]» ЖШС-нің өкілі адвокат М[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында қашықтықтан бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы Т. Рысқұлов ауданы «А[...]» шаруа қожалығының жауапкерлер Т. Рысқұлов ауданының әкіміне, «Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне әкімінің қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қазандағы, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 16 қарашадағы ұйғарымдарына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы «А[...]» шаруа қожалығы (бұдан әрі - ш/қ) басшысы А[...] аталған жауапкерлерге қатысты сотқа берген талап қоюын нақтылап, соттан Т. Рысқұлов ауданы әкімінің 27 ақпан 2017 жылғы «Ж[...]» шаруа қожалығы ауылшаруашылық жерлерінен қайта құрылуына байланысты жалпы көлемі 2310,65 га. оның ішінде 775,0 га. егістік, 1473,9 га. жайылым 51,15 га. шабындық, 10,6 га. бөгде жер телімдерін «М[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС) уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 49 жылғы ұзақ мерзімге беру туралы № 70 қаулысының «А[...]» шаруа қожалығына тиесілі 412 га. егістік және 405,6 га. жайылым жерлерге қатысты бөлігін заңсыз деп танып күшін жою туралы талап қою арызымен жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қазандағы ұйғарымымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабының 2-бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес талап қою арызы қайтарылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 16 қарашадағы ұйғарымымен аталған сот ұйғарымы күшінде қалдырылған.
«А[...]» шаруа қожалығының өкілдері кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының ұйғарымдарының күшін жойып, өткізілген мерзімді қалпына келтіру туралы арызды қанағаттандыруды сұрайды.
Талап қоюшы өкілдерінің кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер, мүдделі тұлға өкілдерінің кассациялық шағымға қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша бірінші және апелляциялық саты соттары аталған заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс материалдарына қарағанда, «А[...]» шаруа қожалығының басшысы А[...] жауапкер «МА[...]» ЖШС-не 2017 жылғы 4 ақпандағы жиналыс шешімінің күшін жою, жер учаскелерін қайтару, жер пайдалану актісін қайтаруды міндеттеу туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандандырылған ауданаралық экономикалық соты істі тараптардың қатысуымен қарап, 2020 жылғы 21 мамырдағы шешімімен талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдырған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының
2020 жылғы 25 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Осы азаматтық істі қарау барысында талап қоюшы өзінің талабын нақтылап, «Ж[...]» шаруа қожалығынан «МА[...]» ЖШС-не өткен 412 га. егістік және 405,6 га. жайылым жерлерді қайтаруды сұраған.
Сотпен «Ж[...]» шаруа қожалығының жалпы көлемі 2310,65 га. жер телімдері «МА[...]» ЖШС-не Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің 27 ақпан 2017 жылғы № 70 санды қаулысының негізінде берілгені анықталған.
Сот актілерінде аталған қаулының дауланбағаны, жарамсыз деп танылып күші жойылмағаны нақты толық көрсетілген.
Сонымен, талап қоюшының дау айтып отырған әкімдіктің қаулысы оған алғашқы азаматтық істі қарау кезінде толық мәлім болғаны сотта анықталған.
2021 жылдың 1 шілдесіне дейін қолданыста болған АПК-нің 29тарауының 294-бабының 1-бөлігінің талабына сәйкес, азамат және заңды тұлға құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өздерiне мәлiм болған күннен бастап үш ай iшiнде сотқа арызбен жүгiнуге құқылы екені көзделген.
Апелляциялық сатының қаулысы 2020 жылғы 25 тамызда шығарылған және көрсетілген уақыттан бастап 3 ай ішінде талап қоюшының азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгінуге мүмкіндігі болған.
ӘРПК күшіне енген кезде АПК-нің 29-тарауы шеңберінде талап қоюшының талап қоюды ұсыну мерзімдері жоғалған.
ӘРПК-нің 136-бабының 5-бөлігіне сәйкес, құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Әкімнің 2017 жылғы 27 ақпандағы қаулысына ӘРПК-нің 136-бабының 5-бөлігіне сәйкес шағымдану мерзімі де аяқталды.
Азаматтық кодекстің 185-бабына сәйкес, ерекше жағдайларда, талап қоюшының жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсiз халде болу, сауатсыздық және т.б.) бойынша талап қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн сот орынды деп таныған кезде қалпына келтіріледі.
Талап қоюшының тиісті талап қою арызымен сотқа уақытылы жүгінуін объективті түрде болдырмаған жағдайлар келтірілмеген және сотпен анықталмаған.
Осылайша, алқа жергілікті соттардың талап қоюшының сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алу себептерінің дәлелсіздігі туралы тұжырымдарымен келіседі. Оны қалпына келтіруге сотта негіз болған жоқ.
Осыған байланысты, ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес өткізіп алған шағым беру мерзімін қалпына келтіруден бас тартуға байланысты бірінші сатыдағы соттың талап қоюды қайтаруы заңды болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттардың талап қоюшының жоғарыда көрсетілген шешімді даулау туралы талаптарын кері қайтару туралы тұжырымдары дұрыс.
Сондықтан дауланып отырған бірінші және апелляциялық саты соттарының ұйғарымдары күшінде қалдырылуға жатады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 169бабының 1-бөлігінің, АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қазандағы, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 16 қарашадағы ұйғарымдары күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «А[...]» шаруа қожалығының өкілдерінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова
Ш. Даниярова Ж. Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.