ҚАУЛЫ
2025 жылғы 27 мамыр 6001-24-00-6ап/3396 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып,
жауапкер «Қазақстан Республикасының Бас әскери прокуратурасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Бас әскери прокуратура) өкілі А.А.Ақтілеудің қатысуымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Альбина Ниязқызы Дуйсембекованың жауапкер Бас әскери прокуратурасына, «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі» мемлекеттік мекемесіне «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімсіздік тануға әрекет жасамай, ведомствовалық комиссия құрмау әрекетсіздігін заңсыз деп тану, сотқа жосықсыз деп тану жөнінде талап қоюға міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қазандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі ұйғарымымен талап қоюы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен қайтарылған. Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Басқа сотқа қатысушылар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы жауапкер Бас әскери прокуратурасы өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда №30212 әскери бөлімінде азық-түлік ұйымдастырушысы болып табылатын «Бастау снаб» ЖШС-де шетелдіктердің болуын ресми тексеруге қатысты арызы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасы» РММ-мен қаралған.
Тексеру қорытындысы бойынша талап қоюшының өкіліне №30212 әскери бөлімінің асханасында Өзбекстан Республикасының 7 (жеті) азаматының төлқұжатсыз жүру фактісі анықталғаны, қазіргі таңда бөлімше аумағында шет мемлекеттерінің азаматтары жоқ екендігі туралы хабарланған.
А.Н.Дуйсембекова сотқа жауапкерлер «Бастау» ЖШС-не сенімсіздік тануға әрекет жасамай, ведомствовалық комиссия құрмау әрекетсіздігін заңсыз деп тану, сотқа жосықсыз деп тану жөнінде талап қоюға міндеттеу туралы талап қоюымен жүгінген.
Соттар талап қоюды қайтарғанда тараптардың арасында жарияқұқықтық қатынастар туындамаған. Талап қоюшының «Бастау» ЖШС-не қатысты шағымдары уәкілетті органдармен қаралып, құзыретіне сәйкес тиісті түсіндірмелер берілген. Өз кезегінде, шағымды қараған мемлекеттік мекеменің түсіндірме жауаптары әкімшілік сот тәртібінде даулануға жататын әкімшілік актілер болып табылмайды.
Мемлекеттік мемкемелер талап қоюшының арызын тексеріп, әкімшілік қалауды жүзеге арсыру шегінде, оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен арыз иесіне жауап берген.
ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қазандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Альбина Ниязқызы Дуйсембекованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.