6001-24-00-6ап/507
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 17 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нурбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып, жауапкер өкілі Л.А.Бабиеваның қатысуарымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Дуандик Айтжанович Каржаубаевтың жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығару туралы бұйрығын заңсыз деп тану және тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қалпына келтіруді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 қарашадағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қаңтардағы қаулысына жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Д.А.Қаржаубаев жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, негіздемесінде 2009 жылдың 29 сәуірінен «Оралман» санаты бойынша тұрғын үй алу кезегінде тұрғанын, алайда Қазақстан Республикасының азаматтығын алған соң, Басқарманың 2020 жылдың 24 қарашадағы бұйрығымен тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығарылғанын көрсеткен.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 қарашадағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.
Басқарманың талап қоюшы Д.А.Қаржаубаеыты тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару туралы 2020 жылғы 24 қарашадағы N 03-03/97 бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Басқармаға талап қоюшы Д.А. Каржаубаевты мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебіне 2009 жылғы 29 сәуірден бастап «Қандас» санаты қалпына келтіру міндеттелген.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Сот алқасы, жауапкер өкілі Л.А.Бабиеваның кассациялық шағым уәждерін қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда Басқарманың тарапынан қолданыстағы заңнама талаптары сақталмағанын, яғни Д.А.Каржаубаев «Қандас» санаты бойынша тұрғын үй алуға кезекте тұрғанын, алайда Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін тұрғын үймен қамтамасыз етілмегенін негіздеген.
Сот алқасы, жергілікті соттардың талап қоюшы Д.А.Қаржаубаевтың талап қою арызы толық көлемде қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымы ӘРПК-нің 8-бабына, яғни әділдік қағидатына сай келеді деп санайды.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) Заңның 68-бабының 7) тармақшасы бойынша «Қандастар» халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жатады.
«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына сәйкес қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің жеңілдіктерді, өтемақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға құқығы бар.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Басқарманың 2009 жылғы 29 сәуірдегі шешімімен Д.А.Каржаубаев мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебіне «Оралман» (қазіргі таңда – Қандас) санаты бойынша кезекке тұрғызылып, 2020 жылғы 24 қарашадағы бұйрығымен Д.А.Каржаубаев Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына байланысты, яғни «Қандас» дәрежесі жойылуына байланысты тұрғын үй кезегінен шығарылған.
Басқарманың даулы бұйрығы жоғарыда аталған Заң талаптарына қайшы қабылданған, себебі «Қандастар» халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жатады және олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әлеуметтік көмек түрлерін алуға құқығы бар тұлғалар.
Талап қоюшы Д.А.Каржаубаев 2009 жылдың 29 сәуірінен Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп сот алқасы есептейді, себебі талап қоюшы Д.А.Каржаубаевтың 3-топтағы мүгедек екені, Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін, яғни 2009-2020 жылдар аралығында «Оралман» санаты бойынша тұрғын жаймен қамтамасыз етілмегені, осы уақытқа дейін меншік құқығында баспанасы жоқ екені ескерілген.
Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы жауапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің
- тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 қарашадағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Г.К. Нурбаев Е.Ж. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.