Қ А У Л Ы
2025 жылғы 5 қараша №6003-25-00-2К/971 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья А.Тоқсанбаев,
судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова,
прокурор Н.Молдаханов, талап қоюшының өкілдері С.Таурбаева, Ж.Күлтебай, М.Сералиева, жауапкердің өкілдері Н.Бегижанов, М.Кураганов, А.Бишенов, К.Байжанов, үшінші тұлға «Республикалық эпизотияға қарсы отряд» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілдері У.Чушеков, Т.Закарьянов, үшінші тұлға «Ветеринариядағы ұлттық референттік орталық» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өкілдері А.Сагандыков және А.Аубакировтың қатысуларымен ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы ауыл шарушылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті» Республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «QazBioPharm «Ұлттық холдингі» акционерлік қоғамына келтірген материалдық залалды өтеуге міндеттеу туралы талап қоюымен қабылданған
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
«Қазақстан Республикасы ауыл шарушылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті» Республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – комитет) жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырылған.
Жауапкер «Ұлттық холдинг «QazBioPharm» акционерлік қоғамынан талап қоюшы «Қазақстан Республикасы ауыл шарушылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті» Республикалық мемлекеттік мекемесінің пайдасына 145 097 400 теңге залал, мемлекет пайдасына 4 352 922 тенге мемлекеттік баж өндірілген.
Шағымда, апелляциялық сатыдағы сот, сот отырысында дәлелдемелерді зерттемегенін, тараптардың уәждері тыңдалмағанын, мемлекеттік сатып алу шарты бойынша сапасыз тауар жеткізілген жағдайда тауардан бас тартуға және оны ауыстыруды талап етуге құқылы екені қарастырылғанын көрсетіп, тапсырыс беруші сотқа сапасыз тауардың құнын ақшалай өндіру туралы
талаппен жүгініп, дұрыс емес қорғану тәсілін таңдаған. Талап қоюда лабараториялық зерттеулер бойынша алты хаттамада жалпы 4 432 050 дозаны құрағанын, ал талапты 5 182 050 дозаға негіздеп, 750 000 дозаға артық залалды есептегенін, апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары жол берілмейтін дәлелдемелерге негізделгенін көрсетіп, сот актісінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Кассациялық сот тараптардың түсіндірмелерін, прокурордың сот актілерінің заңдылығы туралы қорытындысын тыңдап, шағым уәждерін және іс құжаттарын зерделеп, келесі негіздерге байланысты апелляциялық сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Сот актілерінен анықталғандай, комитет (тапсырыс беруші) мен QazBioPharm (жеткізуші) арасында жасалған 2023 жылғы 10 наурыздағы мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес жеткізуші тапсырыс берушіге дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы өзге де бұйымдарды, оның ішінде 931 194 684 теңге жалпы сомаға 33 256 953 доза мөлшерінде малдың сібір жарасына қарсы вакцинасын жеткізуге міндеттенеді.
Жеткізуші «КазНИВИ» ЖШС-гі шығарған вакциналарын шартта көрсетілген жеткізу мерзіміне сәйкес Астана, Шымкент, Семей, Ақтөбе қалаларына, Алматы облысына: 2023 жылғы 31 наурызға дейін 13 142 684 доза (жалпы сомасы 367 995 152 теңгеге), 2023 жылғы 31 шілдеге дейін 8 262 491 доза (жалпы сомасы 231 349 748 теңгеге), 2023 жылғы 1 қарашаға дейін 11 851 778 доза Республикалық қорға (жалпы сомасы 331 849 784 теңгеге) жеткізген.
2023 жылы республикада ауыл шаруашылығы жануарларының сібір жарасымен ауруының бірқатар ошақтары тіркелген. Осыған байланысты, әлеуметтік шиеленістің және қоғамның қауіпсіздігін болдырмау мақсатында бұл мәселе 2023 жылғы 14 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралып, нәтижесінде бұл мәселелер Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне одан әрі есеп беру үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарының бақылауында болған. (отырысқа жеткізуші мен тапсырыс берушінің өкілдері қатысты).
Вакцинаның сапасына күмән туындауына байланысты олардың тиімділігін анықтау үшін шетелдік референттік зертханаларда вакциналарды тәуелсіз зерттеу жүргізу тапсырылған.
Комитет сібір жарасына қарсы вакцинаның белгіленген стандарттарға сәйкестігін зерттеу жүргізу үшін хаттарды:
Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының «National Viterinary Services Laboratory» тәуелсіз халықаралық референс-зертханасына, АҚШ, Айова штаты, Эймс қ. 2023 жылдың 26 қазанында;
«Жануарлар мен жемге арналған дәрілік заттардың сапасы мен
стандарттауының Бүкілресейлік мемлекеттік орталығы» (Всероссийский государственный центр качества и стандартизации лекарственных средств для животных и кормов») федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесіне (ВГНКИ) 2023 жылдың 27 қазанында жіберген.
ВГНКИ зерттеулеріне сәйкес (2023 жылғы 19 желтоқсандағы № 2303-Б23-6239-Д сынақ хаттамасы) № 04170236 сериялы вакцина келесі көрсеткіштер бойынша сәйкес келмейді: 1. Диссоциация - сәйкес келмейді (біртекті емес колониялар анықталды. Колониялардың диссоциативті формалары 96% құрайды). 2. Тірі споралар - 55-ВНИИВВИМ штамына тән емес колониялар анықталды. 3. Иммуногенділік - сәйкес келмейді (вакцина иммуногенді емес). Морфологиялық қасиеттері - сәйкес келмейді. (Грам бойынша боялған бульондық және агарлық культуралардан жасалған жағындыларда 55-ВНИИВВИМ штамы бактерияларының типтік емес морфологиясы байқалады. Бактериялардың инволюциялық формалары бар. 5. Қозғалғыштық - сәйкес келмейді (қозғалғыш таяқшалар мен тізбектер бар). 6. Стерильділік - сәйкес келмейді (бөгде бактериялық культураның өсуі анықталды). 7. Типтілік - сәйкес келмейді, өсу 55-ВНИИВВИМ штамының культурасы үшін типтік емес (жеткізу 657 120 доза).
Тәуелсіз халықаралық зертханасы (2024 жылғы 10 қыркүйектегі № 24012591 сынақ актісі) № 04170236, № 04350837 сериялы вакцина сыналған үлгілерінің нормативтік-техникалық құжаттама талаптарында көзделген вакцинаның сапалық сипаттамаларына сәйкес келмейтінін растаған.
2024 жылдың 24-26 сәуірінде Жамбыл, Алматы облыстарының әкімдіктерінен вакцина құтыларында көк, қабыршақтар, түс өзгеруі, лайлану байқалғаны туралы бірқатар хаттардың келіп түсуіне байланысты Комитеттiң Ветеринариядағы ұлттық референттік орталығында (бұдан әрі – ВҰРО) вакцина сынамаларының сапасына бақылау жүргізілген.
Шарттың 13-тармағына сәйкес тапсырыс беруші немесе оның өкілдері шарттың қолданылу мерзіміне қарамастан техникалық ерекшелікке сәйкестігін растау үшін тауарларға техникалық бақылау және/немесе сынақтар жүргізуі мүмкін. Осы сынақтарға жұмсалатын барлық шығыстарды жеткізуші көтереді. ВҰРО-ның зертханалық сынақ нәтижелері бойынша төмендегі сериядағы вакциналар нормативтік-техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейді:
2024 жылғы 31 мамырдағы №01-2024 хаттамасына сәйкес №04310837 сериялы вакцина (жеткізу 775 000 доза);
2024 жылғы 31 мамырдағы №02-2024 хаттамасына сәйкес №04320837 сериялы вакцина (жеткізу 750 000 доза);
2024 жылғы 31 мамырдағы №03-2024 хаттамасына сәйкес №04330837 сериялы вакцина (жеткізу 749 950 доза);
2024 жылғы 31 мамырдағы №05-2024 хаттамасына сәйкес №04350837 сериялы вакцина (жеткізу 750 000 доза);
2024 жылғы 31 мамырдағы №18-2024 хаттамасына сәйкес №04410837 сериялы вакцина (жеткізу 749 980 доза);
2024 жылғы 28 маусымдағы №19-2024 хаттамасына сәйкес №04250537 сериялы вакцина (жеткізу 750 000 доза).
Тәуелсіз халықаралық зертханасының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі №24012591 сынақ актісіне сәйкес сериясы №04170236 вакцина нормативтіктехникалық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейді (жеткізу 657 120 доза).
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімін материалдық залал жауапкердің кiнәсінен болғаны анықтамағанымен және талап қоюшы өз құқықтарын қорғау үшін дұрыс тәсіл таңдамағанымен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарған.
Жоғарыда аталған сериялы вакциналар ветеринариялық профилактикалық іс-шараларды (вакцинациялау) жүргізу кезінде қолданылған. Сапасыз вакциналарды пайдалану вакцинацияланған ауыл шаруашылығы жануарларында вакцина жасалғаннан кейін иммунитеттің болмауына әкеп соққан, бұл сібір жарасы ауруларының өршуіне себеп болған.
Жеткізуші тапсырыс берушіге ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жануарларды аурулардан қорғау, адам мен жануарларға ортақ аурулардан халықтың денсаулығын сақтау жөніндегі міндеттерін орындайтын мемлекеттік органның алдында сапалы вакциналарды жеткізу бойынша шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамаған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 350бабының 1-тармағына сәйкес мiндеттеменi бұзған борышқор несие берушiге оның бұзылуынан туындаған залалдың орнын толтырып беруге мiндеттi.
Шарттың 16-тармағының талаптарына сәйкес, егер, бақылау немесе тексеруден өткен тауарлар техникалық ерекшелік талаптарына сәйкес келмесе, тапсырыс беруші олардан бас тартуға құқылы, ал жеткізуші жарамсыз тауарды (сериясын) ауыстыруға міндетті, егер тапсырыс беруші тауарды нақты пайдаланылған жағдайда, жеткізуші барлық шығындарын өтейді, оның ішінде шарттың қолданылу мерзіміне қарамастан тауардың құны мен тапсырыс берушінің қоймасынан тауарды қолдану (вакцинация жүргізу) орнына тасымалдау, сақтау бойынша қызметтерге жұмсалған шығындарды өтейді немесе шарттың жарамсыз тауарды түгелдей қалпына келтіреді.
Жеткізуші техникалық ерекшелікте көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін тауарды жеткізген. Зертханалық зерттеулерде көрсетілген сапасыз вакцина серияларының жалпы саны 5 182 050 доза, әр дозасы 28 теңге тұрғанда жалпы сомасы 145 097 400 теңге.
Сот алқасы осы мән-жайларды ескеріп, комитетке елдің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін вакциналарды сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жұмсау түрінде залал келтірілгенін анықтаған.
Апелляциялық сатыдағы сотпен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы жан-жақты, толық анықталған, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған.
Жауапкердің талап қоюшы шарттың 16-тармағына сәйкес зиянды өтеу тәсілін дұрыс таңдамағаны туралы шағым уәжін сот негізсіз деп санайды, себебі жауапкер тауардың сапасыз болуында кінәсі дәлелденбегені туралы
ұстанымда. Одан бөлек, тапсырыс беруші тауарды пайдаланған. Бұл тауарды қолдану уақыты өтіп кеткен. Мұндай жағдайда, жауапкердің талап қоюшы жарамсыз тауарды түгелдей қалпына келтіру туралы талап қою арқылы құқықтарын қорғау қажет еді деген уәжі назарға алуға жатпайды.
Сондай-ақ, 2023 жылғы 12 қазандағы №3-М-23-005 хаттамасына сәйкес №04170236 сериясының (657 120 доза), 04410837 сериясының (749 980 доза) вакцинасы нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес келетіні және талап қоюда 5 182 050 дозаға негізделген залал, нақты мәлімделген көлемнен 750 000 дозаға артық екені туралы уәждері дәлелсіз екені анықталды. Себебі, ол вакциналар сәйкесінше Тәуелсіз халықаралық зертханасының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі № 24-012591 сынақ актісіне және ВҰРО-ның 2024 жылғы 31 мамырдағы №18-2024 хаттамасына сай нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес келмейтіні, яғни тауардың сапасыз екені анықталған. Осылайша талап қоюдың негізі ретінде көрсетілген сапасыз тауарлардың саны мен өтелуге тиіс материалдық зиян сомасы сәйкес келеді.
Тапсырыс беруші тауарды өзіне қабылдап алғаннан бастап, ол тиісті оңірлерге жеткізіліп пайдаланған уақыт аралығында температуралық режимді сақтамағаны салдарынан тауардың сапасы нашарлағаны туралы шағым уәжі де негізсіз, себебі жоғарыда аталған зерттеу нәтижесімен вакциналарда болуға тиіс емес басқа штам анықталған. Мұндай сапасыздық температуралық режимді сақтамау салдарынан пайда болмайды.
Кассациялық шағымның басқа уəждері алқа қаулысының қорытындыларын теріске шығармайды, тек келіспей, дәлелдемелерге басқа құқықтық баға берумен байланысты. Шағым иесімен сот алқасының материалдық және процестік құқықтық нормалары елеулі түрде бұзғаны туралы дәлелдемелер ұсынылмаған.
Сондықтан, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
А.Тоқсанбаев
Төрағалық етуші
Судьялар
А.Даненова
М.Ибрагимова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.