КСАД РК - Постановление от 22.04.2026 по делу 6003-26-00-4к/456 (Административное)

1

ҚАУЛЫ

22 сәуір 2026 жыл №6003-26-00-4к/456 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші М.А.Туғанбаев,

судьялар – Р.М.Айнақұлова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшының өкілі Е.С.Иманбаевтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – талапкер, Академия) жауапкер жеке сот орындаушысы Байнур Сәбитович Балгазыевке келтірген борышкерге жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту органдарына есепке тұру қажеттілігі туралы ескерту-хабарламаны уақтылы жолдамау түріндегі әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша қабылданған,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қазанындағы қаулысына талапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап, АНЫҚТАҒАНЫ:

Академия жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі шешімімен талап арызды қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қазанындағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылған.

Кассациялық шағымда талапкер істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге дұрыс баға берілмегендігін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағандығын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап арызды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Сот отырысының уақыты мен орыны туралы тиісінше хабарланған жауапкер мен мүдделі тұлға сотқа келген жоқ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабына сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Академия өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келді.

Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

2025 жылғы 17 ақпандағы сот бұйрығымен Академияның талабы қанағаттандырылып, борышкер А.Н.Бисенбаевтан мемлекет пайдасына оқуға жұмсалған ақшалай қаражат 993 046 теңге және 14 896 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

2025 жылы 19 наурызда аталған сот бұйрығының негізінде жеке сот орындаушы Б.С.Балгазыев (әрі қарай – жауапкер, ЖСО) атқарушылық өндіріс қозғаған және оның аясында төмендегі іс-әрекеттерді жасаған:

2025 жылғы 19 наурызда борышкерге оған қатысты атқарушылық іс жүргізу қозғалғаны туралы СМС арқылы хабарлаған және сонымен қатар борышкердің мүлкіне, мүліктік құқықтарға билік ету бойынша әрекеттер жасауына тыйым салу, борышкердің банктердегі шоттары жəне онда ақша қаражаттарының бар-жоғы, банкте орналасқан мүліктің бағасы жəне сипаттамасы туралы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы туралы ақпарат алу жəне оларға тыйым салу туралы қаулы шығарған;

2025 жылғы 10 сәуірінде борышкердің банктік шоттарына инкассалық өкімдер қойған;

2025 жылғы 24 сәуірінде жалақыдан және өзге де табыс түрлерінен өндіріп алу туралы қаулы шығарып, орындау үшін Қарақия ауданының Пробация қызметі бухгалтериясына жолдаған;

2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысымен борышкердің Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеу қойған;

2025 жылғы 4 тамызда борышкерден жазбаша түсініктеме алып, оған жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту органдарына есепке тұру қажеттілігі туралы хабарламаны қолма-қол табыстаған және борышкерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс шығарып, Қарақия ауданының прокуратурасына жолдаған.

Академия сотқа берген талап арызында ЖСО-ның тарапынан борышкерге жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту органдарына есепке тұру қажеттілігі туралы ескерту дер кезінде жіберілмей заңсыз әрекетсіздік орын алғанын, өйткені мұндай ескерту атқарушылық іс жүргізу қозғалғаннан кейін, наурыз айында жолдануы тиіс болғанын көрсетіп, талабын қанағаттандыруды сұраған. Жергілікті соттар Академияның талап арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып, жауапкердің атақарушылық өндіріс аясында Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңымен белгіленген міндеттерін толықтай орындағанын және заң талаптарын бұзбағандығын дұрыс анықтаған.

Осының негізінде соттар жауапкер тарапынан атқарушылық іс жүргізу кезінде әрекетсіздік орын алмаған деген негізді және заңды тұжырымға келген.

Академия өзінің талап арызында ЖСО-ның тарапынан заңсыз әрекетсіздікке жол берілгенін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы «Сот актілерін орындамау үшін жауаптылық туралы» нормативтік қаулысының 1-2-тармағымен негіздеген.

Алайда, аталған нормативтік қаулы ЖСО-ның жауапкершілігін қарастырмайды, ол заңның нақты нормаларын түсіндіреді, құқықтық түсініксіздікті жояды, осыған байланысты кассациялық сот отырысында Акдемия өкілі жауапкердің қандай заң нормасын бұзғандығын нақты түрде басып айта алмады.

Бұл жағдайда, соттар талап қоюшының талабын заңды түрде негізсіз және қанағаттандыруға жатпайды деп тапқан.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 қазанындағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуш
Судьялар

і Туғанбаев М.А.
Айнақұлова Р.М.
Манжуева Ш.С.

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.