6003-25-00-2к/2051
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 18 қараша
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
талап қоюшы Н.Н. Жұбатхановтың, жауапкердің өкілі О.Ә.Сайпиновтың, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы «Шардара аудандық тіркеу және жер кадастр бөлімі» өкілі Б.Б.Ералиевтің қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Нұрғали Нажмадинұлы Жұбатхановтың жауапкер Фазылмамед Құдайбердіұлы Әбділсәмедке жер теліміне өз бетімен салынған құрылыстарды заңсыз деп тану, өз есебінен бұзу, жер телімін ондағы металл қалдықтарымен бірге босату туралы электронды азаматтық істі жауапкердің өкілі О.Ә.Сайпиновтың, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысы Шардара аудандық сотының 2024 жылғы 29 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 ақпандағы қаулысымен аталған шешімнің күші жойылған. Н.Н.Жұбатхановтың талап қоюы қанағаттандырылған.
Түркістан облысы, Шардара қаласы, Ерубаев көшесі, №5 Б үй орналасқан 53,28 шаршы метр жер учаскісіне жауапкер Ф.Қ. Әбділсәмедтің өз бетімен салынған құрлыстары жауапкер Ф.Қ.Әбділсәмедтің есебінен бұзылуға жататындығы туралы шешім шығарылып, жер теліміндегі металл қалдықтарымен бірге босату міндеті жүктелген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Жауапкер кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, тараптардың жер учаскелерінің конфигурациялары дұрыс сызылмағанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертусіз қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде
бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 244бабының 1 және 2 тармақтарына сәйкес, мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.
Өз бетімен құрылыс салуды жүзеге асырған адам оған меншік құқығын алмайды. Оның құрылысқа билік етуге - сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге, басқа да мәмілелер жасауға құқығы жоқ.
Өз бетімен салынған құрылыс, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделгеннен басқа реттерде, оны жүзеге асырған адамның есебінен бұзылуға тиіс.
Іс құжаттарына сәйкес, Шардара қаласы әкімінің 1996 жылғы 9 қарашадағы №12 шешімімен Шардара қаласы, Ә.Ерубаев көшесі, №5 «Б» орналасқан мекенжайдағы тұрғын үй мен көлемі 0,1014 га жер учаскесі С.Нурбековке берілген. 2001 жылғы 16 сәуірдегі сатып алу – сату шартының негізінде, С.Нурбеков осы тұрғын үй мен жер учаскесін талап қоюшының анасы С.Жубаткановаға сатқан. Ал 2017 жылғы 26 шілдедегі № 2179 мұрагерлік құқығымен жоғарыда көрсетілген тұрғын үй мен жер учаскесі талап қоюшы Н.Жұбатхановтың меншігіне өткен.
Сонымен қатар, Шардара қаласы әкімінің 2001 жылғы 4 маусымдағы №112 шешімі негізінде жауапкердің әкесі Қ.Әбділсәмедке көлемі 0,0738 га жер учаскесі берілген. Көрсетілген жер телімі 2018 жылы 12 сәуірдегі №1647 мұрагерлік құқығымен жауапкер Ф.Әбділсәмедтің меншігіне өткен.
Шардара аудандық тіркеу және жер кадастр бөлімінің қорытындысында талап қоюшы Н.Жұбатхановтың кадастрлық №19-308-003-923 және жауапкер Ф.Әбділсәмедтің кадастрлық №19-308-003-197 жер учаскелері бір-бірімен беттеспейтіндігі көрсетілген.
Зерделеу барысында, талап қоюшы Н.Жұбатхановтың жеке меншігіндегі кадастрлық №19-308-003-923 сәйкестендіру актісінде көрсетілген 0,1014 гектар жер телімінің 53,28 шаршы метрі жауапкер Ф.Әбділсәмедтің пайдалануында екендігі және даулы жер учаскесінде құрылыстардың (бастырма, монша, т.б.) салынғаны анықталған.
Бұл мән жайлар заңды күшіне енген Шардара аудандық сотының 2023 жылғы 12 маусымдағы шешімімен бекітілген.
АПК-нің 76-бабының 2-бөлігінде соттың жоғарыда аталған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті және қайта дәлелденбейді.
Сондықтан апелляциялық сот алқасының заңды күшіне енген шешімімен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті және қайта дәлелденбейді, осыған байланысты талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылуға жатады деген түйіндері негізді.
АПК-нің 21-бабының 2-бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ сот төрелігін жүргізу кезінде соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен заңды негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында апелляциялық сот тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Жауапкедің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
Процестік мерзім дәлелді себептермен өткізіп алынғандықтан, сот актісіне кассациялық тәртіпте шағым жасау мерзімі қалпына келтірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Сот актісіне шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің өкілі О.Ә.Сайпиновтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: В.Е.Тохтарбаева
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.