ҚАУЛЫ
2023 жылғы 28 ақпан 6001-22-00-6ап/1862 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып, жауапкерлер:
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (КеАҚ) Қостанай облысы бойынша филиалының өкілі – Н[...]
«Қостанай облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесінің (ММ) өкілі – Т[...],
аударамашы – Е[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар Д[...], Д[...] жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» АҚ-ның Қостанай облысы бойынша филиалына, «Қостанай облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті» ММ-не әрекеттерді заңсыз деп тану және іс-әрекетке мәжбүрлеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 ақпандағы шешімі мен жеке ұйғарымына, Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 маусымдағы қаулысына жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның Қостанай облысы бойынша филиалы – Арқалық қалалық тіркеу және жер кадастр бөлімінің 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №03-10-75-22/520 жауабы ақпаратты – жерге орналастыру құжаттарын (сызбалар, схемалар) беруден бас тарту бөлігінде заңсыз деп танылған.
Талаптардың кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі бойынша координаттарды беру және өлшемдерді қайта жүргізуді мәжбүрлеу және «Қостанай облысы әкімдігінің жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» ММ-нің 2021 жылғы 22 қарашадағы №02-12/18022 жауабын заңсыз деп тану жөніндегі бөліктері қанағаттандырусыз қалдырылған. «АҚ сот шешімі заңды күшіне енуі кезінен бастап бір ай мерзімінде Д[...] қатысты жіберілген бұзушылықтарды – бұзылған құқықтары, еркіндіктері мен заңды мүдделерін жоюға міндеттелген. Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер АҚ кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Талап қоюшы Д[...] өкілі қарсы пікірінде кассациялық шағымды қанағаттандырусыз және сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Талап қоюшының өкілі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, істі өздерінің қатысуынсыз қарау жөнінде өтінішхат жолдаған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер АҚ өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, «Қостанай облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті» ММ-сі өкілінің оған қатысты пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2021 жылғы 3 желтоқсанда талап қоюшы Д[...] өкілі Қ[...] АҚ-на сұрау хат жолдап, онда кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі бойынша жерге орналастыру құжаттарының (сызба, схема, жоба, координаттары) куәландырылған көшірмелерін беруді сұраған.
АҚ-ы 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №03-10-7522/50 жауабында, жер учаскесі бойынша ақпараттың МЖК ААЖ интернет ресурсында орналасқанын, осыған байланысты Қазақстан Республикасының – Ауылшаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті уәкілетті органға жүгінуді ұсынған. Талап қоюшы өкілі аталған жауаппен келіспей, жауапкердің іс-әрекетін даулап сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюшының талап қоюын ішінара қанағаттандыру кезінде жауапкердің талап қоюшымен сұратылып отырған ақпараттың интернет ресурстарда бар екендігі өз дәлелін таппады, сондықтан жерге орналастыру құжаттарын (сызба, схема) ұсынудан бас тартуы заңсыз болып табылады деген тұжырымдарға келген.
Сот алқасы жергілікті соттардың бұл тұжырымдарын негізді деп табады.
Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі Төрағасының 2009 жылғы 10 шілдедегі №118-П бұйрығымен бекітілген, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін беру және ақпаратын пайдалану жөніндегі нұсқаулықтың» 2-тармағының 3- тармақшасына сәйкес, кадастрды жүргізетін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы - жер-кадастрлық істерді қамтитын жер учаскелері туралы мәліметтерді береді, жер кадастрының мемлекеттік құпия мен өзге де шектеулерді қамтымайтын мәліметтері баршаға қолжетімді болып табылады және мүдделі жеке және заңды тұлғаларға ақылы негізде беріледі.
Талапты қанағаттандырудың өзге де негіздері дауланып отырған сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 270-бабына сай заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Бірінші саты сотының жеке ұйғарым шығаруына жауапкердің жоғарыда көрсетілген заң талаптарын сақтамай, талап қоюшының жер учаскесі туралы ақпарат беруден заңсыз бас тартуы негіз болған.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 ақпандағы шешімі және жеке ұйғарымы, Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.