ВС РК - Постановление от 28.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2578 (Административное)

6001-24-00-6ап/2578

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 28 мамыр

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар - Ш.Т. Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Макпал Сеидахановна Жунисбаеваның жауапкер мемлекеттік сот орындаушысы Ардақ Еркінұлы Әділханға атқарушылық іс қозғау туралы қаулысын күшін жою және «Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы әрекеттерін заңсыз деп тану туралы, істі қозғау туралы қаулысының күшін жоюды және «Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тартуды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 маусымдағы ұйғарымына, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 тамыздағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы М.С.Жунисбаева сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп мемлекеттік сот орындаушысы А.Е.Әділханның әрекеттерін және қаулыларын даулаған.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 маусымдағы ұйғарымымен талап қою қайтарылған. Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 тамыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Талап қоюшы М.С. Жунисбаева сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгініп талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішпен жүгінген. Онда өндіріп алушы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Департамент) «Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) құқықтары мен міндеттерінің мирасқоры болатынын көреткен. Алайда атқарушылық іс құжаттарында өндіріп алушының Департамент екенін растайтын құжат, сондай-ақ өндіріп алушы алмасқаны туралы да құжат жоқ екенін көрсеткен.

ӘРПК-нің 136-бабының төртінші бөлігіне сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі деп көрсетілген.

ӘРПК-нің 136-бабының жетінші бөлігіне сәйкес, дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.

Іс құжаттарынан анықталғандай, жауапкер 2023 жылғы 11 сәуірдегі атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулысын 2023 жылы 12 сәуірдегі ескертпе хатқа тіркеп, М.С. Жунисбаеваның мекен-жайына пошта арқылы жолдаған.

Талап қоюшы сот орындаушының әрекеттерімен келіспеген жағдайда, оның әрекетіне он жұмыс күннің ішінде шағымдануы қажет еді, алайда, талап қоюды сотқа 2024 жылғы 20 мамырда, яғни 1 жылдан аса уақыт өткеннен кейін ғана келтірген. Талап қоюшының өндіріп алушы Департамент Басқарманың құқықтары мен міндеттерінің мирасқоры болып айқындалғаны туралы ақпарат оған тек 2024 жылдың сәуірінде белгілі болған уәждері мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептеріне жатпайды. Сонымен қатар, атқарушылық іс қозғалғалы бері талап қоюшы бірнеше рет сот орындаушының әрекеттерін, қабылдаған қаулыларын даулап сотқа жүгінген.

Сонымен қатар, талап қоюшымен мерзімді өткізіп алудың басқа дәлелді себептерін растайтын дәлелдемелері сотқа ұсынбаған.

ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 15)-тармақшасына сәйкес, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Мұндай жағдайда, өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру үшін сотта құқықтық негіздер жоқ деген жергілікті соттардың тұжырымымен сот алқасы келіседі.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 маусымдағы ұйғарымы, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 тамыздағы ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Судьялар

Г.Б.Дуйсенбаев Ш.Т.Даниярова

Г.К.Нұрбаев Көшірмесі дұрыс Г.К.Нұрбаев

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.