ВС РК - Постановление от 20.09.2022 по делу 6001-22-00-6ап/996 (Административное)

№6001-22-00-6ап/996

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 20 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, талап қоюшының өкілі Н[...], жауапкердің өкілі Ж[...],

мүдделі тұлғаның өкілі Т[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер «БНБ» С[...] (бұдан әрі – Жеке кәсіпкер) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қазынашылық комитет) бұйрықтың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Алматы облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 қаңтардағы шешімі мен Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 сәуірдегі қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Жеке кәсіпкер жауапкер Қазынашылық комитетінің 2021 жылғы 26 қарашадағы №122420-11-21 мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы бұйрығының (бұдан әрі - Бұйрық) күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 сәуірдегі қаулысымен күшінде қалдырылған Алматы облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Бұйрықтың күші жойылған.

Қазынашылық комитеті кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру, жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдау туралы және мүдделі тұлғаның пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер жергілікті соттармен орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, мемлекеттік сатып алу конкурсының №6448053-ЗЦП1 лоты бойынша 2021 жылғы 12 қарашада Жеке кәсіпкер ең төменгі баға – 685 000 теңге ұсынып мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы болып танылған.

2021 жылғы 22 қарашада «Алматы облысы, [...] әкімінің аппараты» мемлекеттік мекеме (бұдан әрі - тапсырыс беруші) мемлекеттік сатып алу туралы шартты талап қоюшыға қол қою үшін жолдаған.

Жеке кәсіпкер келісім шартқа заңда көзделген мерзімде, яғни 2021 жылдың 23 қарашадан бастап 25 қарашаға дейін қол қоймаған. Осыған байланысты, Қазынашылық комитетінің Б[...] кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.

Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 43-бабының 3-тармағы, 44-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу вебпорталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.

Жергілікті соттар талап қоюшының шартты орындауға толық мүмкіндігі болғаны, оның шарт жасасудан жалтаруға ниеті болмағаны, алайда электрондық цифрлық қолтаңба кілтінің мерзімі аяқталғанына байланысты келісім шартқа қол қойылмағаны жөнінде тұжырымға келген. Соттар шешім қабылдағанда Жеке кәсіпкердің ұзақ жылдар мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс атқарып жүргенін, адал төлеуші екендігін, мемлекеттік сатып алу туралы бірқатар шарттарды орындағанын, бұрын мемлекеттік сатып алудың жозықсыз қатысушыларының тізілімінде болмағанын, мемлекеттік сатып алу аясында 38-ге жуық шарттарды толық көлемде орындағанын назарға алған.

Сонымен қатар, Жеке кәсіпкердің мемлекеттік сатып алу вебпорталында шартқа уақытылы қол қоймауының нәтижесінде тапсырыс берушіге елеулі түрде зиян келтіргені, яғни теріс салдардың туындауы туралы нақты дәлелдемелер ұсынылмаған.

Бұған қоса, жауапкер сотқа талап қоюшының шарт жасасудан жалтаруға ниеті бар екендігі туралы дәлелдемелер ұсынбаған.

Заңның 12-бабының 5-тармағына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 694 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алу саласында тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу туралы» Қағидалардың 22-тармағына сай, егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші Заңда белгіленген мерзімде мемлекеттік сатып алу туралы шартқа веб-портал арқылы қол қоймаған жағдайда, мұндай әлеуетті өнім беруші осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша уәкілетті органның веб-портал арқылы қабылдаған шешімімен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне автоматты түрде енгізіледі. Алайда, Қағиданың бұл нормасы Заңның 12-бабының 5-тармағымен, 44-бабының 1-тармағымен сәйкес келмейді, өйткені онда Қазынашылық комитетіне автоматты түрде тиісті шешім қабылдау туралы тікелей талап қойылмаған.

Демек, Қазынашылық комитеті тапсырыс берушінің ұсынысы бойынша шешім қабылдағанда мемлекеттік сатып алу туралы заңнамамен қатар әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру тәртібі бөлігінде ӘРПК-нің қағидалары мен ережелерін басшылыққа алу тиіс.

ӘРПК-нің 8-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

ӘРПК-нің 10-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.

Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Алматы облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 қаңтардағы шешімі мен Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

«Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Қазынашылық комитеті» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.