6001-23-00-6ап/1827
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 11 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д.Умралиев болып,
жауапкер өкілі Ж[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы «ТС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны арнайы тергептексеру актісінің күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 маусымдағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы шешімімен әкімшілік талап толығымен қанағаттандырылған. 2 қараша 2022 жылғы К[...] қатысты еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны арнайы тергептексеру актісінің күші жойылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Талап қоюшы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
2 қыркүйек 2021 жылғы еңбек шартына сәйкес Қ[...] «ТС[...]» ЖШС-не іріктеуші ретінде қабылданған.
28 қыркүйек 2022 жылы Қ[...] күнделікті жұмыс жасау барысында, пресс құрылғысына қағаз қалдықтарын салу кезінде қолын қысып алып, ауыр нәтижелі жазатайым оқиға дерегі тіркелген.
Аталған дерек бойынша «Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» ММ-нің (әрі-қарай Инспекция) басшысынң 5 қазан 2022 жылғы жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру комиссиясы құрылған. Комиссия төрағасы ретінде мемлекеттік еңбек инспекторы Б[...], мүшелері ретінде «ТС[...]» ЖШС-гі директорының орынбасары Ж[...] жұмыс беруші тарапынан, мекеменің автокөлік жүргізушісі Д[...] жұмысшы тарапынан тағайындалған. Комиссия мүшесі Д[...] жұмыстан шығуына байланысты, Инспекция басшысының 28 қазан 2022 жылғы бұйрығымен, оның орнына Ж[...] тағайындалған.
2022 жылдың 5 қазан – 2 қараша аралығында арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жұмыс берушінің кінәсі 100%, ал жұмысшының кінәсі 0% құрағаны жөнінде акт жасақталған.
Аталған даулы актіге комиссия төрағасы Б[...] және мүшесі ретінде Ж[...] қолдары қойылған. Ж[...] өзінің ерекше пікірі негізінде актіге қол қоюдан бас тартқан. Актіге сәйкес, жазатайым оқиғаның орын алуына, жұмыс беруші тарапынан жіберілген келесідей бұзушылықтар себеп болған.
Бірінші, Қ[...] қатысты еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, нұсқау беру жұмыстары жүргізілмеген және білімі тексерілмеген.
Екінші, Қ[...] техникалық паспорты жоқ пресс құрылғысында жұмыс жасауға тыйым салынбаған.
Бірінші сатыдағы сот, Актіде көрсетілген уәждерді теріске шығаратын тиісті құжаттарды талап қоюшы сотқа ұсынғаның, комиссия өз кезегінде бұл құжаттарды мүлде сұратпағанын, олардың бар-жоғына көз жеткізбей, ондай құжаттар жоқ деген негізбен шешім қабылдаған деген тұжырымға келіп, талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған.
Апелляциялық сатыдағы сот шешімнің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған. Сот алқасы, апелляциялық сот алқасының талап қоюшының бар құжаттарды арнайы тергеп-тексеру барысында Комиссияға ұсынбаған әрекеттері, сондай-ақ, кейіннен сотқа ұсынылған оқыту ұзақтығы мен ақысы шартқа және Бұйрыққа сай келмейтінін, бір күнмен әзірленген құжаттар анық және шындыққа сәйкес келмейді деген тұжырымымен толық келіседі.
Сонымен бірге, талап қоюшымен ұсынылған «ГП-25/1П гидравикалық пресс» құрылғысының техникалық паспорты жазатайым оқиғасы орын алған пресс құрылғысына тиесілі екені дәлелденбейді, себебі пресс құрылғысы қашан іске қосылғандығы, сынақтан өткізілгендігі және жұмыс жасауға жарамды екендігі дәлелді құжаттармен расталмайды.
Осының негізінде апелляциялық сатыдағы соттың әділеттілік өлшемшарттарын басшылықа алып, әкімшілік талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы негіздемелері толық көрсетілген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 маусымдағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшы «ТС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нұрбаев Г.К. Умралиев Е.Д.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.