КСАД РК - Постановление от 11.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/172 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 11 қыркүйек №6003-25-00-4к/172 Астана қаласы

Қазақтан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья М.Туғанбаев,

судьялар Н.Нуралыева, Ж.Оспанова болып,

жауапкер өкілі С.Мухамеджановтың қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Зият Убайдаұлы Тоғатайдың жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі -Корпорация)

жерге орналастыру жобаларына келісім беруден бас тарту әрекетін заңсыз деп танып, жауапкерге жерге орналастыру жобаларын жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінің графикалық деректерімен келісуді міндеттеу туралы талабы бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

З.Тоғатай жоғарыда көрсетілген талаппен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 20245 жылғы 8 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды және талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшы өкілі З.Султанмуратовтың сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылады, себебі сот отырысының Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты ғимаратында өтетіні туралы тараптарға уақытылы хабарланған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағым бойынша қарсы уәждерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік - кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Істің мән-жайларына қарағанда, Шымкент қаласының азаматтық істер бойынша ауданаралық сотының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) З.Тоғатай мен С.Сабиржановтың арасында 2023 жылы 8 мамырда жасалған Шымкент қаласы, Абай ауданы, Достық шағын ауданы, №4672, №4673 мекенжайындағы кадастрлық нөмірлері №19-309-060-4672 және №19-309-060-4673 жер учаскелерін сатып алу-сату мәмілелері жарамды деп танылған.

Сот шешімі 2024 жылғы 29 қаңтарда заңды күшіне енген.

2024 жылы 25 маусымда З.Тоғатай жоғарыда көрсетілген жер учаскелерінің жерге орналастыру жобаларына келісім беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуді сұрап, Корпорацияға өтініштер берген. Корпорация мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартып, ол жөнінде талап қоюшыға 2024 жылғы 5 шілдеде №0318290186/138 және №0318290186/138 хабарламаларын жолдаған.

Бұл хабарламаларда мемлекеттік қызмет көрсетудің мүмкіндігі жоқ екені, себебі жобада көрсетілген жер учаскелерінің шекаралары №22-330032-1150 жер учаскесімен қабаттасатыны, сонымен қатар жердiң бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмi мен жер-кадастр кітабында кадастрық нөмірлері №19309-060-4672, №19-309-060-4673 учаскелердің тіркелмегені көрсетілген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Корпорацияның бас тартуы заң талаптарына сай және оның өкілеттігі шегінде жасалғаны жөнінде тұжырым жасап, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдырған. Алайда соттардың бұл тұжырымдарын келесі мән-жайларға байланысты заңды және негізді деуге келмейді.

Талап қоюшы өтінішпен жүгінген қызметті көрсету тәртібі Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығының 11-қосымшасындағы «Жобаланатын жер учаскесін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінің графикалық деректерімен келісу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларымен (бұдан әрі -№301 Қағида) реттеледі. Осы Қағидада қамтылған тәртіпке сәйкес жобаланып отырған жер учаскесінің орналасқан жері мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі - МЖК ААЖ) графикалық деректеріне сәйкес келмеген жағдайда, 2 (екі) сағат ішінде осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаланып отырған жер учаскесі координаттарының сәйкес келмеу актісі, осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаланып отырған жер учаскесі шекараларының мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық деректеріне сәйкессіздігі (қабаттасуы) схемасы, осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаланып отырған жер учаскесінің шекараларының координаттары мен ұзындығының жиынтық ведомосі дайындалуы қажет (Қағиданың төртінші тармағының 4)тармақшасы) .

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер болған кезде жасалуы тиіс рәсімдер Қағиданың 8-тармағында мерзімі белгілене отырып, егжей-тегжейлі көрсетілген.

Яғни мұндай жағдайда көрсетілетін қызметті алушыға осы Қағидаларға 13-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы хабарлама жіберілуі қажет. Онда көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдалым өткізудің уақыты мен орны (тәсілі) көрсетіледі.

Тыңдалым туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Тыңдалым хабарлама жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

Тыңдалым нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші жобаланып отырған жер учаскесінің тексеру актісін келістіру туралы не мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешім қабылданады. Мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» жіберіледі не көрсетілетін қызметті беруші арқылы беріледі.

Бұл рәсімдер мүлдем жүргізілмей, Корпорация талап қоюшыға хабарлама хат жіберумен шектелген.

Әкімшілік актіге қойылатын талаптарға сәйкес келетін уәжді шешім қабылданбаған.

Жер учаскесінің қабаттасуы орын алған жағдайда, ол жөнінде тиісті

нысандағы құжаттар әзірленіп, ұсынылмаған.

Одан бөлек, іс материалдарына қарағанда, жер учаскелеріне талап қоюшының құқығы сот шешімінің негізінде туындаған. Сот шешімі заңды күшінде және АПК-нің 21-бабына сәйкес орындалуға міндетті болып табылады.

Сонымен қатар, жер учаскелерінің уәкілетті органмен берілген сәйкестендіру актілері бар. Бұл актілер жарамсыз деп танылмаған.

Ал, ӘРПК-нің 13-бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теріс деп белгілемейінше, әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) заңды және негізді деп есептеледі. Әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады.

Бұл мән-жайлардың барлығы жергілікті соттардың назарынан тыс қалған.

Жауапкердің дауланып отырған әрекеті әкімшілік рәсімдердің ӘРПКнің 5-бабында бекітілген жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру; жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту міндеттеріне, заңдылық, сенім құқығын қорғау қағидаттарына (ӘРПК-нің 7, 13-баптары) сай келмейді.

ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сәйкес әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Жоғарыда келтірілгендер негізінде кассациялық сот, жергілікті соттардың жауапкердің әрекетін заңсыз деп тануды сұраған З.Тоғатайдың талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға, әкімшілік әділет қағидаттарына қайшы қабылданған деп санайды.

Сондықтан бұл бөлікте сот шешімінің күші жойылып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.

Сот өкілетті органдардың құзырына кіретін өкілеттіктерді өзіне жүктей алмайды. Алайда талап қоюшының мемлекеттік қызмет көрсету жайлы өтініші заң талабына сәйкес қаралып, шешімін табуы қажет.

Сондықтан кассациялық сот жауапкерге соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып әкімшілік рәсімді қайта жүргізу міндетін жүктеуді дұрыс деп санайды.

Жоғарыда келтірілгендер негізінде іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілері өзгертіліп, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдануға, кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қаңтардағы қаулысы өзгертілсін.

Талап қою ішінара қанағаттандырылсын.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы, Абай ауданы, Достық мөлтек ауданы, участок №4672, 4673 кадастр №19-309-060-4672, №19-309-060-4673 санды жер учаскелеріне жерге орналастыру жобаларына келісім беру қызметін жасаудан бас тарту әрекеті заңсыз деп танылсын.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына талап қоюшы З.Тоғатайдың өтініштері негізінде қозғалған әкімшілік рәсімдерді соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып қайта жүргізу міндеті жүктелсін Талап қоюшы З.Тоғатайдың кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші М. Туғанбаев Судьялар Н. Нурлыбаева

Ж.Оспанова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.