Қ А У Л Ы
2025 жылғы 18 қыркүйек №6003-25-00-2к/552 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Ж.Ф.Файзуллаевтың, жауапкер А.С.Рахметкалиеваның, үшінші тұлға В.Е.Иманкулованың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Еңбекші ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкерлер «Темір Меtаl Optom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Cеріктестік), Аққу Серікбекқызы Рахметқалиеваға, Дмитрий Сергеевич Мурашкоға, Марина Темирбековна Байдибековаға Серіктестіктің жарғылық капиталының 100% үлесін сатып алу-сату келісім шартын және мемлекеттік қайта тіркеуін жарамсыз деп тану, мәжбүрлі түрде тарату туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкерлер арасында жасалған шарттың жарамсыздығымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкерлер М.Т.Байдибекова мен А.С.Рахметқалиева арасында жасалған 2023 жылғы 10 тамыздағы Серіктестіктің жарғылық капиталының 100% үлесін сатып алу-сату келісім шарты (бұдан әрі - Даулы шарт) және Серіктестіктің 2023 жылғы 15 тамыздағы мемлекеттік қайта тіркеуі жарамсыз деп танылып, Серіктестік мәжбүрлі түрде таратылған, таратуды жүзеге асыру Басқармаға жүктеліп, Серіктестіктен мемлекет пайдасына 3 692 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Жауапкер М.Т.Байдибекова кассациялық шағымында сенімхат және Даулы шарт заңға сәйкес рәсімделгенін, мәмілені жарамсыз деп тануға ещқандай негіздер жоқ екенін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 10-бабының 1- тармағын, 39-бабының 1 және 2-тармақтарын, 42-бабын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және толық айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, Серіктестік 2022 жылғы 20 маусымда Басқармаға тіркеліп, басшысы әрі құрылтайшысы жауапкер М.Т.Байдибекова болған, мекенжайы: Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Гастелло көшесі, №19 үй. Жауапкер Д.С.Мурашко жауапкер М.Т.Байдибекованың атынан 2023 жылғы 9 тамызда берілген сенімхат негізінде жауапкер А.С.Рахметқалиевамен Даулы шартты жасаған.
Даулы шарттың жасалуына байланысты Серіктестіктің құрылтайшысы өзгерген, сол себепті 2023 жылғы 15 тамызда Серіктестік мемлекеттік қайта тіркеуден өткен, басшысы әрі құрылтайшысы жауапкер А.С.Рахметқалиева болған, Серіктестіктің орналасқан мекенжайы өзгермеген.
Басқармамен Серіктестіктің орналасқан жері бойынша жүргізілген салықтық зерттеу жұмыстары нәтижесінде ол заңды мекенжайында болмауына байланысты актілер түзілген.
Одан бөлек, жауапкер А.С.Рахметқалиева 2023 жылғы 8 қарашада Басқармаға берген түсінігінде Серіктестікке ешқандай қатысы жоқтығын, ешқашан оның қаржылық-шаруашылық жұмыстарымен айналыспағанын, Даулы шартты жасау кезінде қатыспағанын және оған қол қоймағанын, өзі Серіктестіктің қатысушысы екенін салық органынан білгенін атап көрсеткен.
Соттармен «Соттардың салық заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 22 желтоқсандағы №9 Нормативтік қаулысының 13-тармағында белгіленген істің барлық мән-жайлары анықталған.
Істің мұндай тұрғысында, яғни аталған мән-жайларды және Серіктестіктің мемлекеттік қайта тіркеуден өткен соң нақты кәсіпкерлік қызметпен айналыспағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген,
шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысы күшінде, жауапкер Марина Темирбековна Байдибекованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.