КСАД РК - Постановление от 08.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1846 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 8 қазан № 6399-2500-4а/1846 іс Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:

төрағалық етуші - судья Е.М. Нуралиев,

судьялар Р.М. Айнакулова, Н.М. Кабдрахманова,

ашық сот отырысында Нұрлыбек Жұмабекұлы Алдабергеннің жеке сот орындаушысы Майра Нурлыбаева Бахытжанованың 2025 жылғы 12 наурыздағы мүлікке тізімдеме жасау және алып қою хаттамасын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюы бойынша Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешіміне, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Н.Ж. Алдаберген жоғарыда көрсетелген әімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешімімен Н.Ж. Алдабергеннің талап қоюы қанағаттандырылып, жеке сот орындаушысы М.Н. Бахытжанованың 2025 жылғы 12 наурыздағы мүлікке тізімдеме жасау және алып қою хаттамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін, атқарушылық іс-жүргізудің қозғалғаны туралы тиісті хабарлама бергенін, 2025 жылғы 10 сәуірде Н.Ж. Алдабергеннің мемлекет пайдасына барлық міндеттемелерін толық орындағанына байланысты, атқарушылық іс-жүргізу тоқтатылып, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар, мүлікті тізімдеу туралы хаттаманың күштері жойылғанын, талап қоюшыға барлық құжаттар қайтарылғанын, даулы мәселе жойылғанын, Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі №261 IV «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 27-бабына сәйкес сот орындаушысы қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде бұл туралы алдын ала хабардар етпейтінін, Заңның 8-ші бабында құжаттар тек мемлекеттік тілде толтырылуы керек деген талап жоқ екенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Әкімшілік процеске қатысушылар әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың отырысына қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда соттардың тараптарынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, Ақтөбе облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының 2025 жылғы 14 қыркүйектегі №241515030074796 нұсқамасына сәйкес Н.Ж.Алдабергенге 36 920 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Әкімшілік айыппұлды Н.Ж.Алдаберген уақытылы төлемеуі себепті атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы 2025 жылдың 15 қаңтарында мәжбүрлі түрде өндіру үшін жолданған.

Талап қоюшыға қатысты атқарушылық өндіріс жеке сот орындаушысы М.Н.Бахытжанованың өндірісінде болып, ол атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдаған: 2025 жылдың 20 қаңтарында борышкердің банктердегі банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы банктік шоттардың нөмерлері және онда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты талап ету және оларға тиым салу туралы, 2025 жылдың 25 қаңтарында борышкердің белгілі бір әрекетер жасауына тиым салу туралы, 2025 жылдың 18 ақпанында борышкердің мүлкіне тиым салу туралы қаулылар шығарған.

Ақтөбе облысы жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы басшысымен мобилды топ құрылып, құрамына жеке сот орындаушылар М.Бахытжанова, Н.Н.Гильманов және Е.Ш.Сарманов кірген.

2025 жылғы 12 наурызда мобилды топ борышкердің тұрғылықты мекенжайы бойынша: Ақтөбе қаласы, Орская көшесі, 8 үйіне барып, мүлікке тізімдеме жасау және алып қою атқарушылық әрекеттерін жасаған.

Атап айтқанда, полиция қызметкерлері шақырылып, борышкердің мекен-жайындағы келесі мүліктер алынған: теледидар (1 дана), шаңсорғыш (1 дана), бу генераторы (1 дана), үтік (1 дана), дыбыс бағанысы (колонка) (1 дана), шоколадты құлпынай әзірлейтін аппараттар (2 дана). Ол жөнінде жауапкермен 2025 жылдың 12 наурызында мүлікке тізімдеме жасау және алып қою хаттамасы жасалған. Заңның 3-бабының 1-тармақшасына сәйкес атқарушылық iс жүргiзу заңдылық принципі бойынша жүзеге асырылады.

Заңның 126-бабының 3-тармағында сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеу міндеті көзделген.

ЖСО М.Н.Бахытжанова 2025 жылғы 12 наурыздағы мүлікке тізімдеме жасау және алып қою хаттамасын жасағанда аталған қағидатты өрескел бұзған, себебі әкімшілік рәсімді жүзеге асыру бұзушылықтармен жасалған.

Заңның 66-бабының 2-тармағына сәйкес мүлiкке тiзiмдеме жасау борышкердiң және куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiлуге тиiс. Атқарушылық әрекеттер жасалатындығы туралы алдын ала хабардар етілген, борышкер болып табылатын жеке адам немесе заңды тұлғаның өкiлi болмаған жағдайда, тiзiмдеме куәгерлердiң қатысуымен жасалады.

Аталған норманың мазмұнынан туындайтыны, атқарушылық әрекеттер жасалатындығы туралы борышкер алдын ала хабардар етілуге тиіс. Осы арнайы норма сот орындаушысымен міндетті түрде қолданылуға тиіс, себебі мүлiкке тiзiмдеме жасау жеке тұлғаның меншік құқығын шектеумен байланысты.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 2-3 тармақтарына сәйкес меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына, заңмен кепілдік беріледі, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды.

Жауапкер талап қоюшыны мүлiкке тiзiмдеме жасайтыны туралы алдын ала хабардар етпегені туралы соттардың тұжырымдары дұрыс, себебі жауапкер борышкердің үйіне барған соң оған телефон арқылы хабарласқан, сол уақытта ол жұмыста болған. Заңның 27-бабының 2-тармағына сәйкес сот орындаушысы қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде бұл туралы алдын ала хабардар етпейтіні жөніндегі шағымның уәждері негіссіз, себебі аталған норма жалпы сипатқа ие, ал Заңның 66-бабының 2-тармағы арнайы нормаларды қамтиды, олар жалпы нормалармен бәсекелестікке түскен жағдайда басымдыққа ие.

Заңның 23-бабының 1, 3-4-ші тармақтарына сәйкес атқарушылық әрекеттер кемiнде екi куәгердің қатысуымен жасалуы мүмкiн; кәмелетке толған, іс-әрекетке қабiлеттi, атқарушылық әрекеттердiң нәтижесiне мүдделi емес кез келген азаматтар куәгерлер ретiнде шақырылуы мүмкiн; куәгерлер қатысатын атқарушылық әрекеттер басталар алдында сот орындаушысы куәгердің атқарушылық әрекеттерге қатысу тәртiбiн түсiндiредi; куәгер өзiнiң қандай атқарушылық әрекеттер жүргiзу үшiн шақырылып отырғанын, олар қандай атқарушылық құжаттың негiзiнде жасалатынын бiлуге құқылы.

Сотта анықталғандай, хаттамаға куәгер ретінде сол үйдің тұрғыны, борышкердің апасы А.Ж.Алдаберген қол қойған. Куәгерлерге атқарушылық әрекеттерге қатысу тәртiбi, құқықтары түсіндірілмеген.

Соттардың атқарушылық іс-жүргізудің тілі бұзылғанын, құжаттар екі тілде жүргізілгені туралы тұжырымдары да дұрыс, себебі орындау құжаты орыс тілінде түскен, ал Заңның 8-ші бабына сәйкес атқарушылық іс жүргізу және оны жүргізумен байланысты іс-қағаздарын жүргізу тілі сот шешімінің немесе орындауға жататын өзге де құжаттың тілі ескеріле отырып белгіленеді.

Шағымның тілге байланысты уәждері де қолданыстағы құқықты дұрыс талқыламағанында негізделген.

Осылайша, жауапкер даулы әкімшілік актіні шығарғанда заңдылық қағидатын бұзған, сондықтан соттардың әкімшілік талап қоюды қанағаттандыру туралы қорытындысы дұрыс. Мұндай жағдайда кассациялық сатыдағы сот жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді.

ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Осы іс бойынша Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешімі, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

Жауапкер жеке сот орындаушысы М.Н. Бахытжанованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Е. Нуралиев

Р. Айнакулова

Судьялар

Н. Кабдрахманова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.