№6001-23-00-6ап/1424
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 12 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Г.Б.Дүйсенбаев,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «М[...]» шаруа қожалығының (бұдан әрі - «М[...]» ШҚ) жауапкер Батыс Қазақстан облысы, [...] әкімінің (бұдан әрі – аудан әкімі) 2022 жылғы 11 мамырдағы №80 қаулысын заңсыз деп тану, 2016 жылғы 17 шілдедегі келісім-шартты ұзарту туралы өтінішті қарауға мәжбүрлеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының өкілі Ю[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ол 2006 жылдан бастап даулы жер учаскесіне бір қатар жұмыстар атқарып, яғни мал ұстайтын қоралар, су жүретін арықтардың жағалауларын салып, жердің шекараларын қоршаланғанын көрсеткен, алайда талап қоюшының келісім-шарттың мерзімін ұзарту туралы арызы жауапкермен қаралмаған. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Аудан әкімінің 2022 жылғы 11 мамырдағы №80 қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған;
Аудан әкіміне «М[...]» ШҚ-ның 2016 жылғы 17 шілдедегі келісім - шартты ұзарту туралы өтінішті қарау міндеттелген.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімнің күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім қабылданған. Талап қоюшы «М[...]» ШҚ-ның талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы шешімді қалпына келтіруді сұраған.
ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.
Іс материалдарын анықталғандай, 2006 жылғы 12 шілдедегі №209 қаулысымен А[...] «М[...]» ШҚ- ның жұмысын жүргізу үшін Ақсуат ауылдық округіне қарасты аудандық арнаулы жер қорынан бөлінетін көлемі 833,1 га жер учаскесін, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге айналдырып, уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 10 жылға пайдалануға берілген.
2011 жылғы 3 ақпандағы №0018 санды жер учаскесін жалға алу келісімшарты жасақталған.
Аудан әкімінің 2022 жылғы 11 мамырдағы №80 қаулысымен жер учаскесі Ақсуат ауылдық округіне қайтарылған.
Талап қоюшы бұл қаулымен келіспей, жер учаскесіне үміткер болуға құқығы бар екенін көрсеткен, себебі жалға алу шарты оның өтініші негізінде жаңа мерзімге ұзартылды деп есептеуімен, өтініш Ақжайық ауданы әкімінің атына пошта байланысы арқылы жіберілгенін көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырып, жауапкер ауыртпалық түсіретін әкімшілік акті қабылдағанда, талап қоюшыға акті жолданбаған және нақты жер учаскесін пайдалану құқығын тоқтатуға негіз болған Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің нормаларының мәліметі көрсетілмеген.
Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, талап қоюшымен осы өтініштің 2016 жылғы 17 маусымында жіберілгені және оның адресатқа жеткізілгені туралы дәлел келтірілмегеніне, растайтын құжат та ұсынылмағанына байланысты, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан. Шарт тек жалға алушының өтініші негізінде жаңа мерзімге жасалады. Сондықтан апелляциялық сот алқасы іс бойынша мұндай өтініш болғаны дәлелденген жоқ деген дұрыс тұжымыға келген.
Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі Төрағасының 2005 жылғы 1 шілдедегі №210-п бұйрығымен бекітілген пошта байланысы арқылы 2016 жылғы 17 маусымдағы өтінішті жолдау сәтінде қолданыста болған 2-тармақтың 8 - тармақшасына сәйкес, тапсырысты почта жөнелтілімі - почта операторымен көрсетілетін қызмет төлемін алдын ала төлеу және қол қою арқылы адресатқа табыс етілетін түбіртекті берумен қабылданатын почта жөнелтілімі; ал 29 тармақшаға сәйкес, алынғандығы туралы хабарланатын почта жөнелтілімі - беру кезінде жөнелтуші жөнелтімнің кімге және қашан табыс етілетіндігін өзіне немесе көрсеткен адамына хабарлауды почта операторына тапсыруға құқылы, тіркелетін почта жөнелтілімі жатады.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге апелляциялық сот алқасымен тиісті құқық баға берілген, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының өкілі Ю[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Г. Дүйсенбаев Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.