Қ А У Л Ы
2025 жылғы 20 қараша №6003-25-00-2к/2354 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья Н.О.Косанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Р.А.Исполова,
талап қоюшы өкілі Т.К.Байжановтың және жауапкер өкілі
А.Х.Рамазанованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Түлкібас ауданы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Түлкібас көрікті ел» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «EDIL MACHINERY (Еділ Машинери)» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 17 қаңтардағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Мекеме аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемесін орындамағанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және мемлекет пайдасына 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273, 386-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың
уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, 2024 жылғы 24 қазанда тараптар арасында мемлекеттік сатып алу туралы келісім шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалып, Серіктестік 2024 жылғы 22 қарашаға дейін жалпы сомасы 14 442 400 теңгеге Мекемеге 1 дана «Автотиегіш шөміштік, жүк көтергіштігі 8000-12500 кг» тауарын (бұдан әрі - Тауар) жеткізуге міндетті болған.
2024 жылғы 8 қарашада Серіктестікпен жеткізілген Тауар техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтіні туралы акті жасалып, Мекеме тарапынан Тауар қабылданбаған.
Кейін, 2024 жылғы 18 қарашада Серіктестік Шарт бойынша Тауарды ұсына алмайтыны туралы жазбаша мәлімдеген.
Бұл жағдайда соттар Серіктестіктің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі шарт талаптары айқындалған тәртіпте орындалуы тиіс (АК-тің 272-бабы), мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берілмейді (АК-тің 273-бабы).
Істің мұндай тұрғысында, яғни Серіктестіктің Шарт бойынша міндеттемелерін орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 17 қаңтардағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысы күшінде, жауапкер «EDIL MACHINERY (Еділ Машинери)» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н.Косанов
Судьялар Н.Жумагулова
Р.Исполова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.