ҚАУЛЫ № 6003-25-00-4к/2839
09 сәуір 2026 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев,
судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
мүдделі тұлға - Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкілі С.Е.Дуйсенгалиеваның қатысуымен,
ашық сот мәжілісінде Ахмед Саидхамзатович Арсахановтың (бұдан әрі - талап қоюшы) Орал қаласы әкіміне (бұдан әрі - жауапкер), мүдделі тұлғалар - ретінде Батыс Қазақстан облысының әкімін, «Орал қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдар бөлімі» мемлекеттік мекемесін тарта отырып, дау айту туралы - су тасқынынан келтірілген залады өтеуден бас тарту туралы комиссияның 2025 жылғы 18 наурыздағы №199 хаттамалық шешімін заңсыз деп тану туралы талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
ол бойынша шығарылған Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі шешіміне, Батыс Қазақстан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қазандағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа талап арыз түсіріп, онда жауапкерге қарсы жоғарыдағы талаптармен жүгінген.
Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 15 шілдедегі шешімімен және оны өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың 2025 жылғы 30 қазандағы қаулысымен аталған талап қою қанағаттандырылусыз қалдырылған.
Төменгі сатыдағы соттардың шешімдерімен келіспеген талап қоюшы кассациялық шағым түсіріп, онда қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Істі қарауға қатысқан мүдделі тұлға өкілінің пікірін тыңдап, даудың мәнжайын зерттеп, шағымның және оған қарсы пікірдің уәждерін бағалап, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК-нің) 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Аталған мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.
ӘРПК-нің 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Бұл міндетті төменгі сатыдағы соттар қамтамасыз еткен.
Туындаған дауды қарау барысында, олар оған қатысты Қазақстан Республикасында қолданысқа ие материалдық және процестік құқық нормаларының талаптарын басшылыққа ала отырып, тараптардың әрекеттерін заң шеңберінде бағалаған.
Іс бойынша анықталғанындай, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 26 наурыздағы №7 шешімімен қала аумағында, су тасқынына байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Осыған орай, қала әкімінің сол жылғы 28 наурыздағы №177-ө және 29 наурыздағы №178-ө өкімдерімен төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және су тасқыны орын алуына байланысты келтірілген материалдық шығынды есептеу жөніндегі қалалық комиссиялар құрылған.
Талап қоюшы 2024 жылғы мамыр айында Орал қаласы әкімшілігіне өтінішпен жүгініп, өзінің меншігіндегі, жанұясымен тұрып келген қаладағы «Пенсионер-1» бағбандық серіктестігі №81 саяжайдағы құрылысқа төтенше жағдай салдарынан келтірілген материалдық зиянды өтеуді және оны тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұраған.
Орал қаласы бойынша төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – комиссия) 2025 жылғы 18 наурыздағы №199 хаттамалық шешімімен, талап қоюшының саяжайдағы құрылысқа меншік құқығы тек төтенше жағдай кезінде ғана тіркелгенін және оның басқа жеке тұрғын үйі бар екендігі ескеріліп, бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартылған.
Комиссияның осы шешіммен келіспеген талап қоюшы, 2025 жылғы 15 сәуірде Батыс Қазақстан облысының әкіміне шағым түсірген. Аталған шағым, оны қарау нәтижесімен қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осыған байланысты, талап қоюшы сотқа жүгініп, қаралып отырған әкімшілік талап қоюын нақтылап, комиссияның 2025 жылғы 18 наурыздағы №199 хаттамалық шешімін заңсыз деп тануды сұраған.
Туындаған дауды зерделей келе жергілікті соттар төмендегідей тұжырымға келген.
«Пенсионер-1» бағбандық серіктестігі №81 саяжайдағы жер теліміне талап қоюшының жеке меншік құқығы 2024 жылғы 24 желтоқсанда, сатып алу келісім шарты негізінде пайда болған, яғни, оның жеке меншік құқығы қалада төтенше жағдай жарияланғаннан кейін тіркелген. Оның үстіне, Орал қаласы, Көкшетау көшесі, №1/6 үй, 4 пәтерге талап қоюшының ортақ меншіқ құқығы тіркелген.
Мұндай жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы №1222 қаулысының негізінде талап қоюшыны басқа тұрғын үймен қамтамасыз етуге заңды себеп анықталмаған, сондықтан комиссия оның өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы дұрыс шешім қабылдаған.
Қаралып отырған жағдайда, тұрғын үй берудің негіздері мен тәртібі «Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы №1222 Қаулысымен реттеледі. Ол бойынша, мемлекеттік тұрғын үй беру үшін зардап шеккен тұлға су тасқыны нәтижесінде жарамсыз болған жер телімінің және мүліктің меншік иесі болуы тиіс. Ал, талап қоюшының төтенше жағдай жарияланған уақытта жер теліміне және ғимаратқа меншік құқығы болмаған.
Талап қоюшыны, қаладағы пәтерінің апатты жағдайда екендігі ескеріліп, тұрғын үйге мұқтаж тұлғалардың кезегіне қою мәселесі қарастырылуы мүмкін.
Қаралып отырған жағдайда, төменгі сатыдағы соттар өздерінің осы іспен шығарған актілерінде, талап қоюшы мен жауапкердің кейбір уәждеріне қатысты тиісті құқықтық баға бере білген және ол бағамен кассациялық сот та келіседі, сондықтан олар туралы қазіргі қаулыда қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.
Жоғарыдағылардың негізінде, кассациялық сот іс бойынша шығарылған шешімдер ӘРПК-нің 155-бабының талаптарына сәйкес келеді, олар нақты мәнжайлар мен әділеттілік принципіне сүйене отырып қабылданған деп санайды.
Айтылған мән-жайларды ескере отырып, кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысын заңды және негізді деп тауып, оларды бұзуға немесе өзгертуге ешбір дәлелдемелер анықталмады деп табады.
Кассациялық шағымның уәждері бұрын да төменгі соттардың зертеуінен өтіп, тиісті құқықтық бағаға ие болған. Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен қазіргі кезде кассациялық сотқа ұсынылмады.
Осы себепті, іс бойынша шығарылған сот актілері - күшінде, ал талап қоюшының кассациялық шағымы - қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 15 шілдедегі шешімі, Батыс Қазақстан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қазандағы қаулысы - күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы - қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші
Судьялар
Е.М. Нұралиев Л.С. Кудекова Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.