Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.07.2026 по делу 6003-26-00-2к/1892 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/1892 іс

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 2 шілде Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Айкенова, А.К.Есдаулетов болып,

талап қоюшы Б[...] қатысуымен, ашық сот отырысында, Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қазандағы қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымдарымен түскен,

талап қоюшылар Б[...] мен С[...] жауапкер Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың күшін жою, бұрынғы жұмыстарына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыттары үшін жалақыларын өндіру жөніндегі электрондық азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Б[...] мен С[...] талап қоюларында, заңсыздығына байланысты Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының (бұдан әрі - Кәсіпорын) еңбек шартын бұзу туралы 2025 жылғы 10 қаңтардағы № 04-02/05-жқ бұйрығының күшін жоюды, өздерін Кәсіпорынның күзетшісі жұмысына қайта орналастыруды және бос жүруге мәжбүр болған уақыттары үшін жалақыларын өндіруді сұраған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, соттың талап қоюшылардың зейнеткерлік жасқа толуына байланысты, олармен заңнамада көзделген тәртіппен еңбек шартының жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы, жұмыс берушінің құқығы болып табылатыны туралы тұжырымға келуі негіз болған. Талап қоюшылар кассациялық шағымдарында, соттармен материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына, мерзімі аяқталмағанына, зейнеткерлік жасынан асып 79 және 73 жасқа келгендеріне қарамастан еңбек шартының заңсыз бұзылуына, қолданылған еңбек заңнамасының тек зейнеткерлік жасқа енді толған жұмысшыларға қатысты болғандықтан, шарттың әрекет ету мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істеуге құқылы болуларына, талап қою нысанының бұрмалануына, келісу комиссиясының шешімінің заңдылығына баға берілмеуіне,

орындарына жұмысқа басқа зейнеткерлердің алынуына байланысты, сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) 449-бабының талабы бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, төмендегідей тұжырымға келді.

АПК-тің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттармен іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мәнжайлары шағым берілген сот актілерінде толық баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап көрсетуді қажет етпейді.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 52бабының 1-тармағының 24) тармақшасына сәйкес жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша тараптардың өзара келісуі бойынша еңбек шартының мерзімін жыл сайын ұзарту құқығы бар жұмыскер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толған жағдайларда бұзылуы мүмкін.

Кодекстің 53-бабының 2-тармағының 9)-тармағының талабы бойынша еңбек шартын бұзуға жұмыскер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанда жұмыскер зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін еңбек шартын бұзу күніне дейін кемінде бір ай бұрын оны хабардар ете отырып және еңбек, ұжымдық шарттарда және (немесе) жұмыс берушінің актісінде айқындалатын мөлшерде өтемақы төлене отырып жол беріледі.

Осы еңбек заңнамасының қолданылуына қатысты «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 1 Нормативтік қаулысының 27-тармағында берілген түсіндірме бойынша Кодексінің 52-бабы 1-тармағының 24) тармақшасында көзделген негіз бойынша еңбек шартын Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерлерге қатысты ғана бұзуға жол беріледі.

Соттар зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерлермен еңбек шартын бұзу жұмыс берушінің міндеті емес, құқығы болып табылатынын ескеруге тиіс.

Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзуға, шарттың қолданылу мерзіміне қарамастан, кез келген уақытта жол беріледі.

Одан бөлек, тараптар арасында жасалған еңбек шарттарының (4.1, 9.3, 9.4 –тармақтары) елеулі ережелері бойынша, жұмыс беруші еңбек заңнамасында белгіленген тәртіпте келісім шартты өзгертуге және бұзуға құқығы бар.

Осы шарт екі тараптың жазбаша келісімімен тараптардың өзара келісуі бойынша, бір тараптың бастамасымен, егер бір тарап екінші тарапты осы шартты бұзу сәтіне дейін бір айдан кем емес уақытта жазбаша ескерткен жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек заңнамасымен қарастырылған жағдайларда жазбаша ескертусіз белгілі бір мерзімге жасаған шартты әрекет ету мерзімі өткенге дейін бұзылуы мүмкін.

Азаматтық қызметкермен жасасқан еңбек шартының тоқтатылуына қосымша негіз болып Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген зейнеткерлік жасына жетуі болып табылады.

Соттармен анықталған істің даусыз мән-жайларына қарағанда, талап қоюшылар Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жастан асқан, осыған орай Кәсіпорынмен 2024 жылғы 10 желтоқсанда оларға еңбек шарттарының хабарлама берілген күннен бастап бір ай өткеннен кейін бұзылатыны жөнінде тиісінше хабарланып, С[...] 2025 жылғы 11 қаңтардан бастап, Б[...] 10 қаңтардан бастап еңбек шарттары бұзылып, тиісті өтемақылары төленген.

Өз кезегінде, Кодекстің 23-бабының 1-тармағының 1, 2) тармақшаларына сәйкес жұмыс берушінің: жұмысқа қабылдау кезінде таңдау еркіндігіне; жұмыскерлермен еңбек шарттарын осы Кодексте белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша өзгертуге, толықтыруға, тоқтатуға және бұзуға құқығы бар.

Қазақстан Республикасы Азматтық кодексінің 6-бабының 1-тармағына сәйкес азаматтық заң қалыптары оларда айтылған сөздердің дәлме-дәл мәніне сәйкес түсінілуге тиіс.

Кассациялық шағым уәждері еңбек заңнамасының сөздерінің мәніне қарай дұрыс түсінілмеуіне негізделген.

Себебі, жоғарыда аталған материалдық құқық нормаларының талаптары бойынша, жұмыскердің зейнеткерлік жасқа толуы, жұмыс берушінің бастамасымен тиісті тәртіпті сақтай отырып, еңбек шартының мерзіміне қарамастан онымен еңбек шартын бұзуға негіз болып табылады. Бұл жұмыс берушінің құқығы, оған шектеу заңда көзделмеген.

Сондықтан кассациялық сот істің мән-жайларын ескере отырып, соттардың тұжырымдарымен келіседі, сәйкесінше кассациялық шағым уәждері дәлелсіз және негізсіз болып табылады.

Осы негізде кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз, шағым берілген сот актілері күшінде қалдырылуға жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қазандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.