Қ А У Л Ы
2025 жылғы 18 желтоқсан №6003-25-00-2к/3149 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
прокурор А.С.Камашевтың, талап қоюшы өкілі Р.М.Нургазинаның, жауапкер өкілі А.К.Сейдахметованың, үшінші тұлғалар өкілдері И.Кабидулла мен А.М.Зетованың, аудармашы Р.А.Таласбаеваның бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «ҚазҚСҒЗИ» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алу шарттарын бұзу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
Басқарма сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары дұрыс бекітілмегенімен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Басқарма мен Серіктестік арасында 2024 жылғы 26 қыркүйектегі №2024-82, 2024 жылғы 27 қыркүйектегі №2024-85, 2024 жылғы 26 қыркүйектегі № 2024-84, 2024 жылғы 26 қыркүйектегі №2024-83 құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарттары (бұдан әрі - Даулы шарттар) бұзылған және Серіктестіктен мемлекет пайдасына 7 864 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
«Суәлет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 64-5-бабының 1-тармағына сәйкес аккредиттелген сараптама ұйымдары осы Заңның 64-4 бабының 1-тармағында көзделген жобаларды қоспағанда, құрылысқа арналған жобаларға (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) міндетті ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізеді.
«Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы №687 бұйрығының 26-тармағына сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарын мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушілер вебпорталда мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) жобаның ведомстводан тыс кешенді сараптамасының оң қорытындысымен жобалау-сметалық құжаттаманы орналастырады. Бұл ретте, бұл талап толық бітіріп берілетін кешенді құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға қолданылмайды.
Анықталғаны, «Астана қаласының активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - Ұйымдастырушы) №12843560-2 «Су құбыры, кәріз және жаңбырлы кәріз желілерінің құрылысы «Оңтүстік-Шығыс» (оң жақ сызық)» қосалқы мердігерлік жұмысы рейтингтікбаллдық жүйесі бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілген, тапсырыс беруші - Басқарма.
Конкурс қорытындысымен Серіктестік 4 лот бойынша жеңімпаз болып анықталып, онымен Даулы шарттар жасалған, Басқарма сотқа талап қоюмен жүгінген уақытқа Даулы шарттар бойынша жұмыстар орындалмаған және аванстық төлемдер аударылмаған.
2024 жылғы 26 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекетік аудит комитетінің Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен Басқармада аталған конкурс бойынша жүргізілген аудит қорытындысымен соңғысымен (Тапсырыс беруші) атқарылуы тиіс құрылыс жұмыстары «техникалық күрделі емес объектілерге» жатқызылғаны, іс жүзінде бұл жұмыстар «жауапкершілігі II (қалыпты) деңгейдегі объектілерге» жататыны анықталған және 2024 жылғы 27 желтоқсанда бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілген.
Демек, Басқарма тарапынан конкурс талаптары дұрыс айқындалмай негізсіз жарияланған.
Басқармамен құрылыс жұмыстары «техникалық күрделі емес объектілерге» жатқызылғандықтан Серіктестік конкурстық құжаттамаға
«Агентство ПрофЭксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жүргізілген 2024 жылғы 15 маусымдағы сараптаманың он қорытындысын ұсынған.
Алайда, конкурспен жарияланған құрылыс жұмыстары іс жүзінде «жауапкершілігі II (қалыпты) деңгейдегі объектілерге» жататындықтан Заңның 64-4 бабының 1-тармағына сай мұндай объектілерге ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу құқығы мемлекеттік монополияға жатады.
2025 жылғы 30 қаңтарда «Агентство ПрофЭксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2024 жылғы 15 маусымдағы сараптама қорытындысының күшін өзі жойған.
Бұл жағдайда жергілікті соттар істің мән-жайларына дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі жарияланған конкурс бойынша міндетті шарт болып табылатын техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға мемлекеттік ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындысы болмауына байланысты Даулы шарттарды заңды деуге негіздер жоқ.
Істің мұндай тұрғысында, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысы күшінде, жауапкер «ҚазҚСҒЗИ» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.