Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.07.2026 по делу 6003-26-00-2к/2826 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 10 шілде №6003-26-00-2к/2826 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Р.А.Исполова, А.З.Кайырбеков,

жауапкердің өкілі С[...],

қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Арыс қаласының «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «AN.ORDA» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігін жосықсыз өнім беруші деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 желтоқсандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 11 наурыздағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Түркістан облысы «Арыс қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюын жауапкердің тауарды келісім шартта белгіленген мерзімде жеткізбегенімен негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші саты сотының шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Жауапкердің өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән - жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды. Жауапкердің өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, сот төменгі тұжырымдарға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңның 12бабы 4-тармағы 3-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмi мемлекеттiк сатып алу туралы өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді. 2025 жылғы 2 шілдеде №41 тараптар арасында мемлекеттік сатып алу шарты (бұдан әрі - шарт) жасалған. Шарт бойынша жауапкер аяқ буынының ұзақ пассивті мобилизациясына арналған аппаратты (бұдан әрі - тауар) күнтізбелік 30 (күн) ішінде жеткізуге міндетті болған.

Жауапкер мәміле бойынша тауарды уәделескен мерзімде жеткізбеген, жеткізу мерзімін өткізіп, тауарды жеткізудің кешігуін хабарлаған.

Мұндай жағдайда төменгі сатыдағы соттардың жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танығаны заңды, себебі ол мемлекеттік сатып алу туралы шарты бойынша өз міндеттемесін орындамаған.

Қоғамға мүгедектігі бар тұлғалардың қатысуы оны заң талаптарына сай жауапкершіліктен босатуға негіз болмайды.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған. Төменгі сатыдағы соттармен іс бойынша маңызы бар дәлелдемелер істі қарау барысында тексерілген, оларға дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған. Шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 желтоқсандағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 11 наурыздағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

Р.Исполова

А.Кайырбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.