6001-21-00-6КП/52
2021 жылғы 13 қазан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья А.Қ. Қыдырбаева,
судьялар Г.Ж. Әлмағамбетова, М.Т. Балкен,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Ақмола облысы Целиноград аудандық сотының 2021 жылғы 18 ақпандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен
Я[...] (YAKHSHIMURATOV MANSUR) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Ақмола облысы Целиноград аудандық сотының 2021 жылғы 18 ақпандағы қаулысымен Я[...] ӘҚБтК-нің 517-бабының 5- бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды көрсетілген.
Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі прокурордың пікірін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.
ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады. Іс бойынша мұндай негіздер бар.
Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматы Я[...] 2020 жылғы 15 қазанда Қазақстан Республикасына келіп, еңбек қызметін рұқсатсыз жүзеге асырған. Оған қатысты ӘҚБтК-нің
517- бабының 5-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Бірінші сатыдағы сот Я[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған. Бірақ, істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.
ӘҚБтК-нің 55-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
Іс материалдары бойынша Я[...] 2020 жылғы 3 қарашадан бастап 2021 жылғы 1 ақпанға дейін жеке тұлғада жұмыс жасауға № 17-2020-WP-12583 рұқсаты болған. Алайда ол рұқсатты әр қарай ұзартып үлгермей, 2021 жылғы 17 ақпанда көші-қон полиция қызметкерімен ұсталынған.
Сондай-ақ, Я[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мәнжайлар ретінде танып, алайда жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген.
«Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі іс бойынша соттың қаулысы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 5 нормативтік қаулысының 19-тармағына сай, әкімшілік жазалау шарасын анықтау барысында сот қаулының сипаттау-уәждеу бөлігінде таңдап алынған әкімшілік жазалау шарасының уәждерін келтіруге міндетті. Жеке тұлғаға әкімшілік жаза қолдану барысында жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипаты, кінәлінің жеке басы, сонымен қатар оның құқық бұзушылық жасалғанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, мүліктік жағдайы, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі. Соттардың назары қаулыны қабылдау барысында ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігі баптарының санкцияларында жазаның баламалы түрлері болған кезде әкімшілік жазаны дараландыру қағидатын қатаң сақтау қажеттігіне аударылсын. Қаулыда жаза шарасын таңдау барысында құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ кінәлінің жеке басын куәландыратын қандай нақты мән-жайлардың ескерілгенін көрсету қажет. Қаулыда әкімшілік жазаның «кінәлінің жеке басын ескере отырып» қолданылды дегенге сілтеме жасау жеткіліксіз болып табылады» деп көрсетілген.
ӘҚБтК-нің 40-бабында белгіленген әкімшілік жаза шарасын тағайындау мен таңдау кезінде негізгі шаралар болған кезде соттар, бірінші кезекте, жазаның ауырлық дәрежесі бойынша неғұрлым жеңiлiрек, содан кейін неғұрлым қатаңырақ жазаны қолдануды талқылауы керек.
«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген көшіп келушілерге соттың шығарып жіберу туралы шешімі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.
ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігінің санкциясымен әкімшілік жазаның баламалы түрлері әкімшілік айыппұл не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу не Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу көзделген.
Істе барлық қажетті дәлелдемелердің болуын ескере отырып, алқа бірінші сатыдағы сот тағайындаған әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жазаны әкімшілік айыппұлға ауыстыру қажеттігі туралы қорытындыға келеді. ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігінің санкциясымен 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген.
Бұл тұрғыда алқа, Я[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын ә кімшілік жаза қолдану кезде оның жауаптылығын жеңілдететін мән-жай деп ескеріп, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 819бабының 2-бөлігіне сәйкес, оған салынатын әкімшілік айыппұл сомасын 30%-ға дейін қысқартуға жатады деп санайды . Айлық есептік көрсеткіш әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған кезде қолданыста болған заңға сәйкес 2 917 теңгені құрайды, жалпы салынатын айыппұл 72 925 теңге, ал оның 70 пайызы 51 048 теңге.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабы 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша Я[...] (YAKHSHIMURATOV MANSUR) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Ақмола облысы Целиноград аудандық сотының 2021 жылғы 18 ақпандағы қаулысы өзгертілсін. Я[...] (YAKHSHIMURATOV MANSUR) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орынына 51 048 (елу бір мың қырық сегіз) теңге айыппұл салынсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар Г. Әлмағамбетова М. Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.