Қ А У Л Ы
2025 жылғы 19 қараша №6003-25-00-2к/750 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші А.Тоқсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова,
талап қоюшы А.Жолжаксин, оның өкілі А.Жанысов, жауапкерлер А.Сатымса, У.Искакова, олардың өкілі Н.Боленбаевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Асет Толеугалиевич Жолжаксиннің жауапкерлер Анар Бауыржанқызы Сатымсаға, Улбала Адырбековна Искаковаға, дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Еуразия +ОРТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ар-намыс, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау, моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюымен қабылданған Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
А.Жолжаксин жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Алматы облысы Талғар аудандық сотының 2024 30 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерлер А.Сатымса, У.Искакова «Еуразия+ОРТ» телеарнасының «Көреміз» атты ток-шоуында «Төсекқұмар адвокат» 2021 2 желтоқсандағы сюжетінде көрсетілімге ұсынылған жауапкерлердің «Сатымса Анарды адвокат А.Жолжаксин қорлап-зорлаумен қоймай, бір күнде төрт жігітпен жыныстық қатынаста болып, видео жібересің» деген мәлімет А.Жолжаксиннің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан, абыройына кір келтіретін мәліметтер шындыққа жатпайды деп анықталған.
Ол жөнінде «Еуразия+ОРТ» телеарнасының «Көреміз» атты ток шоуында «Төсекқұмар адвокат» 2021 жылғы 2 желтоқсандағы сюжетінде көрсетілімге ұсынылған жауапкерлердің мәліметтердің, оның шындыққа сәйкес келмейтінін және А.Жолжаксиннің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруіне байланысты оны теріске шығару жауапкерлер А.Сатымса, У.Искаковаға міндеттелген.
Жауапкерлер А.Сатымса мен У.Искаковадан ынтымақтас талап қоюшы А.Жолжаксиннің ар-намысы және абыройына кір келтірген мәліметтерді таратуынан келтірілген моральдық зиян өтемі ретінде 600 000 теңге пайдасына өндірілген.
Жауапкерлер А.Сатымса, У.Искаковадан үлесті тәртіпте талап қоюшы А.Жолжаксиннің пайдасына сот шығындары 72 000 теңге, әрқайсысынан 36 000 теңгеден өндірілген.
Талаптың У.Искакованың «педофил-қыздарды Турцияға апарып сатады, темекімен аяғын күйдірді тағы басқа сөздер...» деп айтқан мәліметтері талап қоюшы А.Жолжаксиннің ар-намысына және абыройына кір келтіретін мәліметтер деп тану жайлы бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, шешімнің талап қоюшы А.Жолжаксиннің жауапкерлер А.Сатымсаға, У.Искаковаға арнамысты, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау және моральдық зиянды өтеу туралы талаптарын ішінара қанағаттандыру туралы бөлігінде күші жойылып, бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Кассациялық шағымда А.Жолжаксин талап қоюда көрсетілген дәлелдерге сілтеме жасай отырып, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Сот іс құжаттары мен шағым уәждерін тексеріп, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 17-бабы 1-тармағына сай, адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.
Қазақстан Республикасының Конституцияның 18-бабы 1-тармағына сәйкес, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 143бабы 1, 2-тармақтарына сай, азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның арнамысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы «Сот тәжiрибесiнде азаматтардың және заңды тұлғалардың арнамысы мен абыройын және iскерлiк беделдiлiгiн қорғау жөнiндегi заңдылықты қолдану туралы» №6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - нормативтік қаулы) 1-тармағына сай, азаматтардың және ұйымдардың арнамысына және қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату деп баспада жарияланған, радио, телевизия арқылы, басқа да масс-медианы пайдаланып хабарланған, мінездемелерде, көпшілік алдында сөз сөйлеуде, әртүрлі ұйымдарға, лауазымды адамдарға жолданған арыздарда көрсетілген немесе басқа, оның ішінде бір немесе бірнеше адамға ауызша айтылған мәліметтер.
Сонымен қатар, осы нормативтік қаулының ережелеріне сəйкес, арнамысты, абыройды жəне іскерлік беделді қорғау жөніндегі азаматтық істерді қарағанда соттар мынадай жағдайларды толық анықтау керек: талап бойынша бекерге шығару туралы көрсетілген мəліметтер таратылған ба, олар
ұйымның атағына, азаматтың ар-намысына жəне абыройына кір келтіре ме, мəліметтер шындыққа жата ма.
Таратылған мəліметтердің шындығын дəлелдеу жауапкерге жүктеледі. Талап қоюшы талап қоюында көрсеткен жауапкердің өзі жөнінде жалған мəліметті таратқанын ғана дəлелдеуге міндетті. Сонымен қатар ол арнамысына жəне абыройға кір келтіретін мəлімдеменің жалған екендігін анықтайтын дəлелдер келтіруге құқылы.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2021 жылдың 2 желтоқсанында Еуразия бірінші арнасының «Көреміз» атты ток-шоуында «Төсекқұмар адвокат» сюжеті көрсетілген.
Осыдан кейін, 2021 жылғы 11 желтоқсанда А.Сатымса Талғар аудандық полиция бөліміне танысы А.Жолжаксиннің 2020 жылы күш қолданып, оның еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскені жөнінде арызданған.
Талғар аудандық полиция басқармасында сотқа дейінгі тергептексерудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 120-бабының 1-бөлігімен тіркелген қылмыстық іс 2022 жылғы 31 қазандағы тергеушінің қаулысымен ҚК-нің 35-бабының 1- бөлігінің 2-тармағына сәйкес өндірістен тоқтатылған.
2024 жылғы 17 желтоқсанда сот психологиялық-филологиялық зерттеуінің қорытындысы бойынша ток-шоуда жауапкерлермен айтылған сөздер «Адвокат А.Жолжаксин қызымды өзі қорлап-зорлаумен қоймай, бір түнде төрт жігітпен жыныстық қатынаста болып, видео жібересің деген және басқа сөздер» зерттеліп, аталған ақпараттар А.Жолжаксиннің жағымсыз әрекеттерінен ақпарат беруге бағытталған және «Төсекқұмар адвокат» бейне жазба мазмұнында шындыққа сәйкес келмеген жағдайда, А.Жолжаксиннің арнамысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз мәліметтер бар» деп көрсетілген.
Заңды күшіне енген Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2023 жылғы 16 маусымдағы шешімімен көрсетілген сюжеттегі мәліметтер қатысушылардың сөздерінен жазылғаны, бағдарлама ақпараттық мақсатта түсірілгені анықталған.
Тараптар талап қоюдың нысанасы болған мәліметтер телеарна бағдарламасында жарияланғанын жоққа шығармайды. Осылайша, талап қоюшы жауапкерлермен ар-намыс, қадір-қасиет пен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратылғанын дәлелдеген.
Іс құжаттарына сәйкес, 2020 жылдың мамырында талап қоюшы А.Жолжаксин мен жауапкер А.Сатымса жүйелі сайт арқылы танысқан. Тараптардың таныстықтары өзара жақын араласып, соңында түсініспеушілік туындап, тараптар арасында дау пайда болған.
Талап қоюшы А.Жолжаксинның арызы бойынша жауапкер А.Сатымсаның туысы Қанжан Алмат пен оның танысы Қ.Мухаматдинге қатысты ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігінің 1)-тармағы және 106-бабының 2- бөлігінің 5), 7)-тармақтарымен қылмыстық іс қозғалған.
Жауапкердің туысы Қанжан Алмат бас шарасы қамауға алынған кезде жауапкерлер 2021 жылдың 2 желтоқсанында Еуразия бірінші арнасының «Көреміз» атты ток-шоуына қатысқан. Аталған қылмыстық іс барысында талап қоюшы А.Жолжаксин, жауапкер А.Сатымса және сотталушы Қанжан Алмат араларында 2022 жылдың 19 шілдесінде медиациялық келісімге келген, сотталушы Қанжан Алматтан моральдық зиян мен материалдық шығын өндіріліп, жәбірленуші А.Жолжаксин оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрауға келіскен.
Сонымен қатар, аталған медиациялық келісімнің 3-тармағына сәйкес, А.Жолжаксин А.Сатымсаға қояр ешқандай наразылығы жоқ екендігін айтып, қолхат жазып береді, ол қолхаттың мәтіні төмендегідей: «Мен, А.Жолжаксин А.Сатымсаға қояр ешқандай арыз шағымым жоқ, егер осы уақытта дейін оған қандай да бір ыңғайсыздық келтірсем, ата-анасынан, өзінен сол үшін кешірім сұраймын. А.Сатымсаның жеке өміріне кірмеуге, оның аккауынтарын қолданбауға сөз беремін» деп көрсетілген.
Өз кезегінде жауапкерлер медиациялық келісімнің 4.2-тармағына сай, А.Сатымса және У.Искакова А.Жолжаксинге ешқандай наразылықтары жоқ екендігін айтып, төмендегідей мәтінде қолхат жазып береді: «Мен, асығыстық жасап, Еуразия каналына шағым жасағам, осы ісіме өкінем, А.Жолжаксиннен, ата-анасынан сол үшін кешірім сұраймын. Қазіргі кезде оған ешқандай шағым-арызым жоқ, болашақта да ешқандай оған кінә артпаймын» деп көрсетілген. Бұл келісімдерге жауапкер У.Искакова қатысып, қолын қоймаған.
Апелляциялық сатыдағы сот медиациялық келісім аясында тараптар арасында туындаған дау тоқтатылғаны, талап қоюшы жауапкерге қояр ешқандай наразылығы мен арыз шағымы жоқ екенін көрсетіп, келісімге келгенін ескеріп, жауапкерлерге қатысты талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымға келген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот мұндай заң бұзушықтарға жол берген.
АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Сот алқасымен негізге алынған медиациялық келісімдермен талап қоюдың нысанасы болған мән-жайлар, соның ішінде «Сатымса Анарды адвокат А.Жолжаксин қорлап-зорлаумен қоймай, бір күнде төрт жігітпен жыныстық қатынаста болып, видео жібересің» деген сөйлем қамтылмаған және ол келісімдерге У.Искакова қатыспаған, келісімдерде талап қоюшы осы іс
бойынша берген талап қоюымен сотқа жүгінбеу туралы шарттар қарастырылмаған. Жауапкерлер 2021 жылғы 2 желтоқсанда жариялаған мәліметтер шындыққа сәйкес келетінін бекітетін дәлелдемелер ұсынбаған. АПК-нің 72-бабына сәйкес, әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс.
2024 жылғы 17 желтоқсанда сот психологиялық-филологиялық зерттеу қорытындысы бойынша ток-шоуда жауапкерлермен айтылған сөздер «Адвокат Асет Жолжаксин қызымды өзі қорлап-зорлауымен қоймай, бір түнде төрт жігітпен жыныстық қатынаста болып, видео жібересің деген және басқа сөздер» зерттеліп, аталған ақпараттар А.Жолжаксиннің жағымсыз әрекеттерінен ақпарат беруге бағытталған және «Төсекқұмар адвокат» бейне жазба мазмұны да шындыққа сәйкес келмеген жағдайда, А.Жолжаксиннің арнамысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз мәліметтер бар екені анықталған.
Аталған сот психологиялық-филологиялық зерттеуінің қорытындысын жауапкерлер тарапы теріске шығармаған.
Мұндай жағдайда, апелляциялық сатыдағы сотпен медиациялық келісімдермен талап қоюшы сотқа осы іс бойынша берген талап қоюымен жүгінбейтін болып келіскені туралы қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келмейді, себебі медиациялық келісімдерде талап қою нысанасы болған мәселелер қамтылмаған.
Сондықтан, барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы тараптардың арасында талап қоюдың нысанасы бойынша келісімге келгені туралы сот алқасының тұжырымы негізсіз болып саналады. Керісінше, бірінші сатыдағы соттың қорытындылары істің мәнжайларына сәйкес келеді. Атап айтқанда, талап қоюшы заң талаптарына сәйкес жауапкерлермен «Еуразия+ОРТ» телеарнасының «Көреміз» атты ток шоуында «Төсекқұмар адвокат» 2021 жылғы 2 желтоқсандағы сюжетінде жауапкерлермен ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан абыройына кір келтіретін мәліметтер шындыққа жатпайтын мәліметтер таратқанын дәлелдеген. Психологиялық-филологиялық зерттеу қорытындысымен жауапкерлермен таратылған мәліметтер шындыққа сәйкес келмеген жағдайда, талап қоюшының ар-намысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз мәліметтер болып саналады.
Осыған байланысты бірінші сатыдағы сот жауапкерлермен таратылған «Адвокат Асет Жолжаксин қызымды өзі қорлап-зорлаумен қоймай, бір түнде төрт жігітпен жыныстық қатынаста болып, видео жібересің дегенмәліметтер шындыққа жатпайтыны, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз мәліметтер екені, осы мәліметтер теріске шығарылуға жататыны, басқа таратылған мәліметтер талап қоюшының арнамысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз мәлімет болып саналмайтыны туралы дұрыс қорытынды жасаған.
Сондай-ақ, бірінші сатыдағы сотпен жауапкерлерден талап қоюшының пайдасына моральдық зиян өтемі АК-нің 143-бабының 6-тармағы және нормативтік қаулының 13-тармағына сәйкес таратылған мәліметтің сипаты, оны тарату шегі, жауапкерлердің кінәсі, материалдық жағдайы ескеріліп айқындалған. Моральдық зиян өтемі ақылға сыйымдылық пен әділдік өлшемшарттарына сәйкес келеді.
Одан бөлек, бірінші сатыдағы сотпен сот шығындары жауапкерлерден талап қоюшының пайдасына АПК-нің 109-бабының 1-бөлігі және 113-бабының 1-бөлігіне сәйкес дұрыс өндірілген.
Көрсетілгендердің негізінде, апелляциялық сатыдағы сот қаулысы өзгертіліп, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруға, жауапкерлерден талап қоюшының пайдасына кассациялық шағым бергенде төленген мемлекеттік баж үлестік түрде өндірілуге, кассациялық шағым ішінара қанағаттандыруға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.
30 желтоқсандағы шешімін өзгертіп, талап қоюшы Асет Толеугалиевич Жолжаксинның жауапкерлер Анар Бауыржанқызы Сатымсаға, Улбала Адырбековна Искаковаға ар-намыс, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау және моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюларын ішінара қанағаттандыру туралы бөлігінің күшін жою, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күші жойылсын.
Алматы облысы Талғар аудандық сотының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы шешімі қалпына келтірілсін.
Қаулының қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.
Анар Бауыржанқызы Сатымса және Улбала Адырбековна Искаковадан Асет Толеугалиевич Жолжаксинның пайдасына 3 000 (үш мың) теңге мемлекеттік баж үлестік түрде, әрқайсысынан 1 500 (бір мың бес жүз) теңгеден өндірілсін.
Талап қоюшының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А.Тоқсанбаев
Судьялар А.Даненова
М.Ибрагимова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.