ВС РК - Постановление от 05.12.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1248 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 5 желтоқсан 6001-23-00-6ап/1248 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Д. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) оның жасына байланысты зейнетақы, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін есептеуді қайта қарап, толық емес көлемдегі зейнетақы төлемдерін тағайындауын дұрыс есептемеген іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 қаңтардағы шешіміне, Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 6 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 қаңтардағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 6 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, күштерін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тараптар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп төмендегідей тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда А[...] зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін есептеу барысында жауапкер оның еңбек өтілін заң талаптарына сай есептемеген деп санап сотқа жоғарыдағы талаптармен жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда А[...] келтірген уәждерін толық тексеруден өткізген. Нәтижесінде оған зейнетақы мөлшері «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес еңбек өтілі дұрыс есептеліп, өзінің тапсырған құжаттарына сай тағайындалғаны анықталған.

Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 қаңтардағы шешімі, Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 6 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар Ш. Даниярова Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.