ВС РК - Постановление от 11.04.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2880 (Административное)

6001-23-00-6ап/2880

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 11 сәуір

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев,

талап қоюшы К[...] жауапкер жеке сот орындаушысы К[...] әрекетін заңсыз деп тану, банктердегі шоттарға, жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге тыйым салу туралы қаулылардың күшін жою, құны 11 097 000 теңге болатын мүліктерден басқа тыйымдардан босатуды міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 шілдедегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, уәждерін сот орындаушының тыйым салудың шегін ескермей, мүліктердің құнын анықтамай, жалпы барлық мүліктеріне тыйым салғанымен негіздеген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 шілдедегі шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.

Шымкент қаласы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы К[...] әрекеті заңсыз деп танылып, 2023 жылғы 26 мамырдағы жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге тыйым салу туралы қаулылар ішінара күштері жойылған.

Талап қоюдың қалған бөліктері қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылған.

Бұл бөліктерінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданып, сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы, әкімшілік іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотымен 2023 жылғы 24 мамырда Е[...] талап қоюшы К[...] қарыз берешегін өндіру туралы азаматтық ісі бойынша, соңғының қарыз берешегі 9 995 000 теңгені өндіру туралы талап қою шегінде жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне, екінші деңгейдегі банктегі есеп шоттарына тыйым салу туралы ұйғарым қабылданған.

Аталған ұйғарым Шымкент қаласының жеке сот орындаушысы К[...] өндірісіне бөлініп, 2023 жылғы 25 мамырда атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы қабылданған.

Сот орындаушысы аталған сот ұйғарымын орындау мақсатында 2023 жылғы 25 мамырдағы қаулысымен талап қоюшының банктердегі шоттары жайлы ақпарат алуға сұраныс және оларға 9 995 000 теңге көлемінде тыйым салған.

Одан бөлек, 2023 жылғы 26 мамырдағы қаулысымен талап қоюшыға тиесілі 7 нысаннан тұратын жер телімдері мен үйлеріне және 8 түрлі автокөліктеріне тыйым салған. 2023 жылғы 26 мамырда атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылданған.

Бірінші сатыдағы сот, жеке сот орындаушысы К[...] 2023 жылғы 26 мамырдағы әрекетін заңсыз деп танып, жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге тыйым салу туралы қаулылары ішінара күштері жойылуға жатады деген тұжырым жасаған.

Апелляциялық сатыдағы сот аталған тұжырымдармен келіспей, сот орындаушысы К[...] дауланып отырған әрекеттері заң талаптарына сәйкес келетінін негіздеп, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде сот актісін мәжбүрлеп орындатуға бағытталған заңды шаралар дұрыс қолданылғанын, яғни борышкердің барлық мүлкіне, сонымен қатар ақшалай қаражатына да заңды түрде тыйым салынған деп негіздеген.

Сот алқасы, апелляциялық саты сотының мұндай тұжырымдарын заңды әрі негізді деп санауға болмайды деп есептейді.

ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жарияқұқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 126-бабының 3-тармағына сай сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.

Заңның 62-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердің мүлкіне, оның ішінде заңда көзделген жағдайларда прокурордың санкциясымен тыйым салуға міндетті. Бұл ретте сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін өндіріліп алынатын сомаға мөлшерлес , борышкерге тиесілі бүкіл мүлікке бір мезгілде тыйым салуға құқылы.

Заңның 63-бабының 4-тармағында талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындау кезінде сот орындаушысы талап қою талаптарына қарай бүкіл мүлікке немесе мәлімделген талаптың мөлшеріне сәйкес келетін оның бір бөлігіне тыйым салатыны көрсетілген.

Жоғарыда көрсетілген нормалардың негізінде, жауапкер аталған атқарушылық құжатты орындау кезінде мөлшерлестік принципін сақтай отырып, 9 995 000 теңге шегінде талап қоюшының мүлкіне тыйым салу үшін оған тиесілі мүлікті және оның құнын ескеру қажет болатын, алайда аталған нормаларға тиісті баға бермей борышкердің банктегі есеп шоттарынан басқа барлық жылжымайтын және жылжымалы мүліктеріне тыйым салған.

Істің мұндай тұрғысында сот алқасы, апелляциялық алқа сотының тұжырымдары негі3сіз, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылмаған деп есептейді.

Сонымен қатар, бірінші сатыдағы соттың К[...] талап арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігіндегі тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға және ақылға қонымды және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сот алқасы іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жоюға, бірінші саты сотының талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдырып, талап қоюшының кассациялық шағымын ішінара қанағаттандыруға негіздер бар деп санайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 тамыздағы қаулысының күші жойылып, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 шілдедегі шешімі күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б.

Судьялар Нажмиденов Б.Т. Нұрбаев Г.К.

Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.