ВС РК - Постановление от 19.09.2022 по делу 6001-22-00-3Г/4255 (Гражданское)

6001-22-00-3г/4255

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 19 қыркүйек А с т а н а қ а л а с ы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы Б[...] жауапкер Аягөз ауданы Сарыарқа ауылдық округінің әкімі Т[...] себепсіз жұмыс уақытында болмағаны жөніндегі актіні жарамсыз деп тану, жұмыстан шығару туралы өкімнің күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне еңбекақы мен сот шығындарын өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Аягөз аудандық сотының 2022 жылғы 01 ақпандағы шешімін және Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 07 сәуірдегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Б[...] өкілі заңгер С[...] өтінішхатын азаматтық істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

а н ы қ т а ғ а н ы :

Талап қоюшы Б[...] сотқа жауапкер Шығыс Қазақстан облысы, [...] әкімі Т[...] себепсіз жұмыс уақытында болмағаны жөніндегі актіні жарамсыз деп тану, 2021 жылғы 12 мамырдағы жұмыстан шығару туралы № 31-К өкімнің күшін жою, бұрынғы жұмысына ауылдық округ әкімі аппаратының жетекші маманы қызметіне қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне еңбекақы мен сот шығындарын өндіру туралы талап қоюымен жүгінген.

Аягөз аудандық сотының 2022 жылғы 01 ақпандағы ұйғарымымен Б[...] жауапкер Сарыарқа ауылдық округі әкімінің себепсіз жұмыс уақытында болмағаны жөніндегі актісін жарамсыз деп тану туралы талабы бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 09 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Аягөз аудандық сотының 2022 жылғы 01 ақпандағы шешімімен Б[...] талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 07 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Заңгер С[...] өтінішхатында жергілікті соттардың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтіндерін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының толық көлемде айқындалмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан 2022 жылғы 01 ақпандағы шешім мен 07 сәуірдегі қаулы шығару кезінде мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға жатады.

Анықталғандай, талап қоюшы Б[...] Аягөз ауданы Сарыарқа ауылдық округінің әкімі аппаратының жетекші маманы болып жұмыс істеген.

2021 жылғы 12 мамырдағы Сарыарқа ауылдық округінің әкімі Т[...] жұмыстан шығару туралы № 31-К өкімінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚР Заңының (бұдан әрі – № 416-V Заң) 61-бабы 1-тармағының 22) тармақшасының басшылығымен, Б[...] 2021 жылғы 02 сәуірде сағат 10:00 бастап сағат 18:30 дейін жұмыс орнында болмағаны үшін, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару туралы тәртіптік жаза қолданылып, Б[...] жұмыстан босатылсын деп көрсетілген.

Аталған № 416-V Заңның 45-бабының 1-тармағына сай тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмағаны үшін жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.

Еңбек кодексінің 53-бабының 6-тармағына сай Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу Еңбек кодексінің 65-бабында көзделген тәртіптік жаза қолдану тәртібі және Еңбек кодексінің 66-бабының талаптары сақтала отырып жүргізіледі. Еңбек кодексінің 65-бабының 4-тармағында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тәртіптік жаза жұмыскерге тәртіптік теріс қылық анықталған кезде тікелей, бірақ ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады . Бірінші сатыдағы сот талап қоюшы еңбекке уақытша жарамсыз болуына байланысты жұмыс орнында болмағанын растайтын дәлелдемелер ұсынбаған, істі қарау барысында Еңбек кодексінің 65, 66-баптарының талаптары жауапкер тарапынан сақталғаны байқалады және талап қоюшы жауапкермен шығарылған өкімді заңсыз деп тануды сұрағанда осы нормаларға сілтеме жасамай, басқа негіздер бойынша тануды сұрады деп тұжырымдаған.

Сондай-ақ сот Ж.Б[...] кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген негіздермен еңбек шарты бұзылған деп қорытындылаған.

Соттың мұндай тұжырымын апелляциялық сатыдағы сот заңды әрі негізді деп тапқан.

Өтінішхат иесі жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келіспей, Еңбек кодексінің 66-бабының 1-тармағында тәртіптік жаза жұмыскерге тәртіптік теріс қылық анықталған кезде тікелей, ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады, бірақ жауапкер Еңбек кодексінің 66-бабының 1-тармағындағы тәртіптік жазаларды белгілеу және қолдану мерзімін бұзып, бір ай он күннен кейін Б[...] заңсыз жұмыстан шығарған, сол себептен әкімнің 2021 жылғы 12 мамырдағы № 31-К өкімі заңсыз, күшін жоюға жатады деп уәждеген.

Өтінішхат авторы бірінші сатыдағы соттан әкіммен шығарылған өкімді заңсыз деп тануды сұрағанда, талап қоюшы Еңбек кодексінің 65, 66баптарына сілтеме жасамағаны туралы тұжырымымен келіспей, істі қарау барысында аталған заң нормаларына сүйеніп, уәждер келтірілгенін көрсеткен. Сондай-ақ, Ж.Б[...] кодексінің 66-бабына сілтеме жасағаны 2022 жылғы 26 қаңтарда жауапкердің талап қоюға пікіріне келтірілген қарсылығынан байқалады (1 том 84 бет).

Сонымен қатар, жауапкермен еңбек шартын өз бастамасымен бұзу кезінде Еңбек кодексінің 54-бабындағы шектеулерді назарға алынбаған.

Осы кодексте, егер жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз жұмыста болмағаны туралы, яғни жұмыскер сол күні жұмыста болмай, оның қайда болғаның әкім мен қызметкерлер білмегенде және себептері анықталмағанда, Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасы қолданылатынын жергілікті соттар назардан тыс қалдырған деп арызданушы уәждеген.

Атап айтқанда, 2021 жылғы 30 наурызда жұмыс уақыты аяқталғанына қарамастан әкім Т[...] аппараттың қызметкерлерін, соның ішінде Б[...] жергілікті қоғамдастық пен ақсақалдар ұйымының бірлескен жиналысына заңсыз қатысуға мәжбүрлеуі және аталған жиналысқа қатысудан жалтаруына байланысты 2021 жылғы 02 сәуірдегі аппарат ұжымымен жиналыс өткізген кезде Б[...] әдепсіздік іс-әрекетке жол бергені соттың 2022 жылғы 01 ақпандағы жеке ұйғарымында көрсетілген.

Одан басқа, жоғарыдағы оқиғаға байланысты Б[...] көзіне жас алып, 2021 жылғы 02 сәуірдегі жиналыстан шығып, жұмыстан кеткені, содан соң дәрігерге барғаны анықталған.

2021 жылғы 02 сәуірде Б[...] жұмысқа жарамсыз болғаны, сол күні ол Аягөз қаласы әскери госпитальдің терапевт-дәрігеріне жолыққаны, соңғының оған «Энцефалопатия» диагнозы қойылғаны, тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаторлық ем алғаны жөнінде дәрігердің анықтамасында көрсетілген.

Демек, Б[...] жұмыс уақытында жұмыста дәлелді себепсіз болмағаны жөнінде түсініктемесін алмай, жауапкермен заңсыз толтырылған актінің негізінде талапкер жұмыстан босатылған деп арызданушы есептейді. Сонымен қатар, еңбек шарты бұзылғанға дейін әкім Т[...] Б[...] еңбек жалақысын аудармау жөнінде бас есепші Ж[...] ауызша бұйрық бергені де жеке ұйғарымда көрсетілген. 2021 жылғы 22 сәуірде Б[...] Аягөз ауданының әкіміне әкім Т[...] іс-әрекетіне шағымданғаннан кейін оның жалақысын төленгені, бірақ сол уақытта қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 2021 жылғы 23 сәуірдегі өкіммен талап қоюшыға сөгіс жарияланғаны туралы құжаттар іске тіркелген.

Соттармен Б[...] 2021 жылғы 02 сәуірде жұмыс орнында дәлелсіз себептермен болмауы туралы пікір жасалғанда, жоғарыда аталған мәнжайларды, яғни әкім Т[...] Б[...] деген біржақты теріс көзқарасы, жұмыскердің қолындағы бар медициналық құжаттары, оқиға кезіндегі Б[...] жүкті екенін анықталғаны ескерілмеген.

Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер сот актілерін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Аягөз аудандық сотының 2022 жылғы 01 ақпандағы шешімін және Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 07 сәуірдегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Б[...] өкілі заңгер С[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья Е. Исмаилов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.