ВС РК - Постановление от 17.07.2024 по делу 6001-24-00-3ГП/288 (Гражданское)

6001-24-00-3ГП/288

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 17 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Молдахметова Т.А. судьялар Айтжанов Е.Ж., Балкен М.Т., прокурор М[...], талап қоюшының өкілі К[...], жауапкердің өкілі Ж[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Атырау облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) жауапкер «НЛ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС) мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскесін меншік иесінен мәжбүрлеп алып қою туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Департаменттің өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

ЖШС сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 10 мамырдағы шешімімен Департаменттің талап қоюы қанағаттандырылған.

ЖШС-нің меншік құқығындағы Атырау қаласы, «Ширина» өңдірістік аймағы, № 80А құрылыс мекен-жайында орналасқан, мақсаты монша, шаштараз, кафе құрылысын салу және пайдалану үшін, көлемі 0,0800 гектар, кадастрлық № [...], жер учаскесі мәжбүрлеп алынған.

ЖШС-нің меншік құқығынан мәжбүрлеп алынып қойылған Атырау қаласы, «Ширина» өңдірістік аймағы, № 80А құрылыс мекен-жайында орналасқан, мақсаты монша, шаштараз, кафе құрылысын салу және пайдалану үшін, көлемі 0,0800 гектар, кадастрлық № [...], жер учаскесі меншік құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында және Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатылуға, жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою шығыстары шегерiлгеннен кейін түскен сома жер учаскесінің бұрынғы меншiк иесi ЖШС-ге төленуге жататыны белгіленген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен сот шешімінің күші жойылған.

Іс бойынша жаңа шешім шығарылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған қаулының күшін жойып, талап қою қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.

Сот алқасы, талап қоюшының өтінішхатты қолдаған, жауапкер өкілінің өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актісінің күші төмендегі негіздерге байланысты жойылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық сот сатысымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2016 жылғы 18 ақпандағы сатып алу-сату шарты негізінде ЖШС А[...] қаласы, Балықшы ауылдық округі, «Ширина» өндірістік аймағы, № 80А құрылыс мекенжайында орналасқан, көлемі 0,0800 гектар, кадастрлық № [...] жер учаскесін сатып алған.

2016 жылғы 22 ақпанда ЖШС-нің атына жер учаскесіне жеке меншік құқығы тіркеліп, 2016 жылғы 3 наурызда акт алынған.

Атырау қаласы әкімінің хаты негізінде «Атырау облысы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесімен 2020 жылғы 2 қарашада жауапкерге берілген аталған жер учаскесіне тексеру жүргізіліп, мақсаты бойынша игерілмегені анықталып, ЖШС-ге жеке меншігіндегі жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану қажеттігі туралы бір жыл мерзімге № 03 нұсқама табыс етілген.

Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жерлерге жүргізілген далалық зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша 2022 жылғы 13 шілдеде жасалған актісіне сай, даулы жер учаскесі нысаналы мақсатына сәйкес игерілмегені анықталған.

Департаменттің талап қоюын қанағаттандыру туралы шешімге келген бірінші сатыдағы сот, ЖШС-нің тарапынан сотқа жер учаскесінің дәлелді себептермен игерілмегенін көрсететін дәлелдемелер ұсынылмағанын, соның ішінде ол заңды тұлға бола тұра, уәкілетті органнан жер учаскесінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге күні бүгінге дейін рұқсат алмағанын, жауапкердің эскиздік жоба жұмыстар жүргізіп, суға, тоққа техникалық шарттар алуы жер учаскесін игерудің бастапқы бір бөлігі ретінде саналатындығын, олар өздігінен жер учаскелерін игерілген деп тануға жеткілікті негіз бола алмайтындығын, іс құжаттарына тіркелген фотосуреттерде ешқандай құрылыс салынбағанын, жердің игерілмегенін көрсеткен.

Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымымен келіспей, жауапкерден даулы жерді мәжбүрлеп алып қою ақылға қонымды және әділетті шешім болып табылмайды деп пайымдаған.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (келесіде – Жер кодексі) 92-бабының 2-тармағында реттелгендей, егер құрылысқа арналған жер учаскесi оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл (егер жобалау-сметалық құжаттамада анағұрлым ұзақ мерзім көзделмесе) ішінде мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайда, онда Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке тұрғын үй құрылысына арналған жеке меншігіндегі жер учаскесін қоспағанда, мұндай жер учаскесi Жер кодексінің 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.

«Соттардың жер заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 10-тармағында берілген түсіндірмелер бойынша: мақсаты бойынша пайдаланылмайтын және игерілмеген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзып пайдаланылған жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қоюға Жер кодексінің 92 және 93-баптарының негізінде және аталған нормативтік құқықтық актінің 94-бабында белгіленген тәртіппен жол беріледі.

Соттардың меншік иесінің немесе жер пайдаланушының нақты қандай бұзушылықтарға жол бергенін, оларды қашан және кім анықтағанын, олар жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою үшін негіз болатын-болмайтынын, жол берілген бұзушылықтардың салдарларын жою үшін қандай шаралар қабылданғанын анықтағаны жөн.

Анықталғандай, ЖШС өзінің меншік құқығындағы, нысаналы мақсаты «монша, шаштараз, кафе құрылысын салу және пайдалану» үшін берілген жер учаскесін бірнеше жыл бойы мақсаты бойынша пайдалануға бағытталған нақты әрекеттер жасамаған, сонымен бірге 2020 жылғы 8 қазанда жер учаскесін пайдалану қажеттігі туралы бір жылға нұсқама берілгеніне қарамастан, нұсқама талаптарын орындамаған.

Жауапкермен сотқа жер учаскесінің дәлелді себептермен игерілмегенін көрсететін дәлелдемелер ұсынылмаған, соның ішінде ол заңды тұлға бола тұра, уәкілетті органнан жер учаскесінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге күні бүгінге дейін рұқсат алмаған.

Іс-материалдарына тіркелген фотосуреттерден жер учаскесінде ешқандай құрылыс салынбағаны анықталған.

Істің мұндай тұрғысында, бірінші сатыдағы соттың жауапкердің эскиздік жоба жұмыстарын жүргізіп, суға, тоққа техникалық шарттардың жасалуы, жердің нысаналы мақсатын өзгертуге бағытталған жұмыстар жер учаскесін игеруін білдірмейді, сондықтан даулы жерді мәжбүрлеп қайтарып алу қажет деген тұжырымы дұрыс.

Бұл тұрғыда, облыстық соттың апелляциялық қаулысын заңды деп тануға болмайды, сондықтан оның күші жойылуға, ал бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

  • Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының

  • 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.

  • Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық

  • сотының 2023 жылғы 10 мамырдағы шешімі күшінде қалдырылсын. Департаменттің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Т. Молдахметова

Судьялар

Е. Айтжанов

М. Балкен

Көшірмесі дұрыс Судья Т. Молдахметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.