ВС РК - Постановление от 14.06.2021 по делу 6001-21-00-3Г/2345(3) (Гражданское)

6001-21-00-3г/2345(3)

6001-21-00-3г/2345(5) 6001-21-00-3г/2345(6)

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 14 маусым Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Р.Қуанышбаева талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – ММ, Басқарма) жауапкерлер Б[...], М[...], Төлеби ауданы Алатау ауылдық округінің әкіміне, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-ге, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы-жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің Төлеби аудандық бөлімшесіне, жеке нотариус А[...] әкімнің шешімдерін, жер учаскесінің сәйкестендіру актісін, жер комиссиясының хаттамалық қорытындысын, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 14 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкерлер Төлеби ауданы Алатау ауылдық округінің өкілі Д[...], М[...] және мүдделі тұлға «G[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС, Серіктестік) өкілі Б[...] келтірген өтінішхаттарын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген. Түркістан облысы Төлеби аудандық сотының 2020 жылғы 3 тамыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 14 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, Басқарманың талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

«Төлеби аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» ММ-і мен Б[...] арасындағы 2017 жылғы 9 ақпандағы № 5 алаңы 14000 ш.м. жер учаскесін және Б[...] пен М[...] арасындағы 2017 жылғы 20 шілдедегі № 1319 сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылған.

Басқарманың Алатау ауылдық округі әкімінің 2017 жылғы 6 ақпандағы № 04, 2019 жылғы 1 тамыздағы № 50 шешімдерін, жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін кадастрлық нөмірі [...] сәйкестендіру актісін, жер учаскесіне құқық беруді анықтау комиссиясының 2009 жылғы 3 қарашадағы № 42 хаттамасымен Б[...] 14 000 ш.м. жер учаскесіне жасақталған қорытындысын жарамсыз деп тану туралы бөліктері бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Осы сот алқасының 2020 жылғы 14 қазандағы жеке ұйғарымымен азаматтық істі қарау барысында анықталған заң бұзушылықтар жөнінде тиісті шаралар қолдану үшін Түркістан облысының прокурорына хабарланып, қабылданған шара жөнінде бір ай мерзім ішінде Түркістан облыстық сотына хабарлау міндеті жүктелген.

Өтінішхатта Төлеби ауданы Алатау ауылдық округінің өкілі Д[...] қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, сот алқасы істі қарау барысында материалдық құқық нормасын бұзғанын, іс бойынша мәнжайларды дұрыс анықтамағанын көрсетіп, қабылданған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Түркістан облысы, [...] әкімінің 2009 жылғы 4 қарашадағы № 77 шешімімен Б[...] Алатау [...] ш.м. жер учаскесі халыққа техникалық қызмет көрсету орталығы үшін жеке меншікке берілген.

2017 жылғы 6 ақпанда осы ауылдық округі әкімінің шешімімен жоғарыда аталған 2009 жылғы 4 қарашадағы № 77 шешімге «жер көлемінің ауданы 1400 ш.м.» - деген сөздер «жалпы жер көлемінің ауданы 14 000 ш.м.» - деп өзгертілген.

Аталған шешім 2017 жылғы 6 ақпандағы № 4 жер комиссиясының қорытындысы негізінде және ауылдық округі әкімінің құзыреті шегінде қабылданғанын көрсеткен.

Б[...] даулы жер учаскесі әкімдікпен заңды берілгенін, кейін ол жер М[...] сатылып, қазіргі уақытта Серіктестіктің меншігіне өткенін, соңғы бұл жерде зауыт салып, құны 150 000 000 теңгеге жуық өндірістік жабдық сатып алғанын, 60-тан астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп, ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға тиісті төлемдер мен көмек көрсетіліп отырғанын мәлімдеген.

Өз кезегінде жауапкер М[...] өкілі Б[...] қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұрап, сот алқасы істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларын бұзып, іс бойынша мән-жайларды дұрыс анықтамаған деп санайды.

2016 жылғы 6 желтоқсанда «G[...]» ЖШС-і заңды тұлға ретінде тіркеліп, оның жалғыз құрылтайшысы М[...] екенін, алайда Серіктестік іске қатысуға тартылмай, оның мүліктік құқықтары бұзылғанын, қазіргі кезде өндірістік ғимарат пайдалануға қабылданғанын және оған рейдерлік басып алу әрекеті жасалғанын көрсеткен.

Сонымен қатар, өндірістік қызметін кеңейту мақсатында инвестор К[...] тартылғанын, оған Серіктестіктің жарғылық капиталының 60% мөлшері тиесілі екеніне назар аударған.

Серіктестік даулы жер учаскесінің адал сатып алушы болып табылатынын, ауылдық жерлерде өндірістік инфрақұрылымды дамытуға едәуір қаражат жұмсағанын және өндірісті жою үлкен материалдық шығын әкелетінін атап өткен және өтінішхат бастапқыда уақытында берілгенін, алайда кемшіліктерді жою үшін қайтарылғандықтан, сот актісіне кассациялық тәртіпте шағым жасау мерзімін қалпына келтіруді сұраған. Мүдделі тұлға «G[...]» ЖШС-нің өкілі Б[...] іс бойынша материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын, істің мәнжайлары дұрыс анықталмағанын мәлімдеп, апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұрап, төмендегідей уәждерді келтірген.

Серіктестік дау нысаны болып отырған жер учаскесін 2019 жылғы 14 қазандағы сыйға тарту шарты негізінде заңды иеленіп, меншік құқығы мемлекеттік тіркеуден өткен.

Алайда, сот алқасы іс бойынша талапты ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдай отырып, іске жер учаскесінің меншік иесі Серіктестікті қатысуға тартпай, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі – АПК) 427-бабы 4-бөлігінің 4) тармақшасының талаптарын сақтамай, іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселе шешілгенін көрсеткен. Сонымен бірге, Жер кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 43-бабының талаптары осы іс бойынша қате қолданылғанын, себебі елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру тәртібі Кодекстің 44-1-бабымен реттелетінін және елді мекен шегінде объект салу үшін жер комиссиясының оң қорытындысын алу қажеттігі туралы талаптар қамтылмағанын мәлімдеген.

Басқарма талап қоюдың үш жылдық мерзімі өтіп кеткеннен кейін талап қою арызымен сотқа жүгінген деп санайды.

Қазіргі уақытта Серіктестік бұл жерде жеміс шырындарын шығаратын зауыт салғанын, егер жер қайтарылған жағдайда тұрғызылған жылжымайтын мүлік бұзылып, қымбат өндірістік жабдықтардың бөлшектелуіне, өндірісте жұмыс істейтін жұмысшылар жұмыстан шығарылуына және салық түсімдерінің айырылуына әкеп соғады деп есептейді.

Сондай-ақ өтінішхат бірінші рет уақытында берілгенін, алайда кемшіліктерді жою үшін қайтарылғандықтан, сот актісіне кассациялық тәртіпте шағым жасау мерзімін қалпына келтіруді сұраған.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Өтінішхатта келтірілген уәждер және басқа да мән-жайлар сот актісін кассациялық сатыдағы сотқа қайта қарау үшін негіздердің бар екендігін көрсетеді.

Қорыта келгенде, М[...] пен мүдделі тұлға «G[...]» ЖШС-мен процестік мерзім дәлелді себептермен өткізіліп алынған деп танып, судья сот актісіне кассациялық тәртіпте шағым жасау мерзімі қалпына келтірілуге жатады және өтінішхаттарды іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға беру қажет деп санайды.

АПК-нің 126-бабын, 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Өтінішхаттарды беру мерзімі қалпына келтірілсін.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 14 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкерлер Төлеби ауданы Алатау ауылдық округінің өкілі Д[...], М[...] және мүдделі тұлға «G[...]» ЖШС-нің өкілі Б[...] келтірген өтінішхаттары іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.

Қаулының көшірмесін іс бойынша қатысқан тұлғаларға жолдансын.

Судья Р. Қуанышбаева

Көшірмесі дұрыс Судья Р. Қуанышбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.