ВС РК - Постановление от 15.01.2024 по делу 6001-23-00-3Г/6296 (Гражданское)

6001-23-00-3г/6296

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 15 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Тоқтарова

А[...] «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамына банктік қарыз шартын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы шешімін және Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкердің өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

А[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген. Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта жауапкер жергілікті соттардың іс бойынша қабылдаған сот актілерімен келіспей , олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрап келесідей уәждер келтірген.

2023 жылғы 3 наурызда «Еуразиялық банк» АҚ (бұдан әрі-Банк) мен А[...] арасында 3 000 000 теңгеге қарыз шарты жасалған.

А[...] өзінің талабын қарыз алушының борыш жүктемесі коэффициенті белгіленген 0,5 шегінен асып кеткенімен негіздеген.

Жергілікті соттар осы негізді басшылыққа ала отырып, талап қоюды қанағаттандырған.

Қарыз беру туралы шешім қабылданғанға дейін Банк төлем қабілеттілігін бағалауды жүргізеді және «Банктің пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемелерін, капиталының мөлшерін және Ашық валюталық позицияны есептеу қағидалары мен оның лимиттерін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 13 қыркүйектегі №170 қаулысының (бұдан әрі - Қаулы) 9-тарауының талаптарына сәйкес қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеуді жүзеге асырады (қарыз шартын жасау күніне қолданыста болған редакцияда).

Қаулының 98-тармағына сәйкес қарыз алушының борыш жүктемесі коэффициентінің ең жоғары деңгейі «Қаржы ұйымдарының банк және басқа да операциялардың жекелеген түрлерін жүргізуге шектеулер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 желтоқсандағы № 292 қаулысымен (бұдан әрі- №292 Қаулы) белгіленеді.

№292 Қаулының 2-тармағына сәйкес қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентінің ең жоғары деңгейі 0,5 құрайды.

Банк есептеген қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициенті 0,47564288992 құраған және Қаулының 98-тармағында белгіленген 0,5 шегінен аспаған.

Бұл жүктемені санаған кезде, Банк Қаулының 97-тармағына сәйкес қарыз алушымен көрсетілген 100 000 теңге өзге де табыстарын есептеген.

Қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентін есептеу үшін кірістерді растаудың өзге көздерін қолдануға заңнамамен тыйым салынбаған, осыған байланысты Банк қарыз алушының борыштық жүктемесі коэффициентін есептеу қағидаларын бұзбаған.

Сонымен қатар, қарыз алушының төлем қабілеттілігін дұрыс анықтамауы мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болып табылмайды, бірақ бұл Банктің өзінің кәсіпкерлік тәуекеліне жатады және уәкілетті органның ден қою шараларына әкелуі мүмкін.

Азаматтық кодекстің 380-бабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалар шарт жасасуға ерікті. Шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берілмейді.

Анықталғандай, банктік заем шарт «Smartbank» мобильдік қосымшасы арқылы электрондық форматта ресімделіп, оны ресімдеу кезінде А[...] жеке басын растайтын құжаттарды ұсына отырып, биометриялық сәйкестендіруден және аутентификациядан өткен.

Аутентификация А[...] +[...] ұялы нөміріне жіберілген SMS-кодтарды енгізу арқылы жүзеге асырылған.

Сонымен, дауланып отырған шарт талап қоюшының өтініші бойынша ресімделіп, оған сәйкес ақшалай қаражат Банктегі талап қоюшының шотына толық көлемде аударылған, бұл төлем ордермен расталады.

2023 жылғы 3 наурызда талап қоюшының шотынан 3 000 000 теңгеден, 500 000 теңгеден төрт транзакциямен «Smartbank» арқылы клиент М[...] және 500 000 теңгеден екі транзакциямен клиент М[...] шоттарына аударылған.

Осыған орай, жауапкердің жоғарыда көрсеткен уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

«Еуразиялық банк» АҚ-ның Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы шешімін және Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты азаматтық іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Б.Ж.Тоқтарова Көшірмесі дұрыс Судья Б.Ж.Тоқтарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.