Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/942 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 16 маусым №6003-26-00-2к/942 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья В.Е. Тохтарбаева, судьялар Л.С. Алпысова, А.К. Тлеубаева А.К.

прокурор М[...],

талап қоюшы «Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Т[...], жауапкер К[...] өкілі К[...], Төлеби ауданының әкімдігінің өкілдері С[...], С[...] Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі мемлекеттік мекемесінің өкілі К[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер К[...], Төлеби ауданының әкімдігіне, Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі мемлекеттік мекемесіне, үшінші тұлға «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына әкімінің қаулысың және келісім шарты жарамсыз деп тану туралы азаматтық істі жауапкер К[...] Түркістан облысы Төлеби аудандық сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 қарашадағы қаулысына берген кассациялық шағымын қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

«Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Департамент) сотқа жауапкерлер К[...], Төлеби ауданының әкімдігіне, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, үшінші тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) Төлеби ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 27 мамырдағы №250 қаулысын және жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану келісім шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгінген. Талап қою жауапкер К[...] бау-бақша шаруашылығын жүргізу үшін берілген жер учаскесінің ауыл шаруашылығы алқабының жайылымдық жерінен заңсыз бөлінгендігімен және бұл жер Сайрам-су өзенінің су қорғау белдеуінде орналасқандығымен негізделген.

Төлеби аудандық сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі мен К[...] арасында 2022 жылғы 6 маусымда жасалған №137 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) келісім шарты жарамсыз деп танылған. Төлеби ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 27 мамырдағы №250 қаулысын жарамсыз деп тану туралы талап қою бөлігі бойынша іс жүргізу Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі — АПК) 277-бабының 1-тармақшасына сәйкес (әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындықтан) тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Кассациялық шағымында жауапкер К[...] өкілі К[...] төменгі сатыдағы соттардың процестік және материалдық құқық нормаларын өрескел бұзғанын, атап айтқанда, апелляциялық соттың іс бойынша мамандар тарту және істі тоқтата тұру туралы ұйғарымы бола тұра, қорытындыны зерттеместен қаулы қабылдағанын, Мемлекеттік корпорацияның хатында нақты геодезиялық деректердің жоқтығын, сондай-ақ бірінші сатыдағы сотта жауапкерді тиісті түрде хабарландырылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды және талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер өкілінің, шағым уәждеріне қарсылық білдірген талап қоюшы өкілінің түсіндірмелерін тыңдап, іс материалдарын зерттеп, шағым уәждерін талқылай келе, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

ҚР АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға материалдық және процестік құқық нормаларының заңсыз сот актісінің шығарылуына әкеп соққан едәуір бұзылуы негіз болып табылады.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар мұндай бұзушылықтарға жол бермеген

Іс құжаттарына сәйкес, жауапкер К[...] «бау-бақша шаруашылығын жүргізу үшін» кадастрлық №[...] өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген 1,0 га жер учаскесі ауыл шаруашылығы алқабының жайылымдық жерлеріне жатады және Сайрам-су өзенінің су қорғау белдеуі шегінде орналасқан.

Қазақстан Республикасы Су кодексінің 86-бабының 2-бөлігіне сәйкес, су қорғау белдеулері шегінде шаруашылық қызметтің кез келген түріне, сондай-ақ шаруашылық және өзге де қызметті жүргізу үшін жер учаскелерін беруге тікелей тыйым салынады. Бұл норма императивті болып табылады және ешқандай ерекшеліктерді көздемейді.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 102-бабының 3-тармағына сәйкес, азаматтарға бау-бақша шаруашылығы үшін жер учаскелері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, ауылдық елді мекендердің жерінен және

босалқы жерден беріледі. Алайда, бұл орайда Жер кодексінің 132-бабы мен Су кодексінің талаптары ескерілуі тиіс. Су қорғау белдеуіндегі жерлер су қорының жерлеріне жатады немесе арнайы шектеулі режимде болады, сондықтан оларды бау-бақша мақсатына беру заңсыз.

Осыған байланысты, Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі мен К[...] арасындағы 2022 жылғы 6 маусымдағы №137 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану келісім шарты басынан заң талаптарына қайшы жасалғандықтан, төменгі соттардың оны жарамсыз деп тану туралы қорытындысы құқықтық тұрғыдан толық негізді.

АПК-нің 82-бабына сәйкес, сот сараптамасы іс үшін маңызы бар мәнжайларды арнаулы ғылыми білім негізінде ғана анықтау мүмкін болған жағдайда тағайындалады. Алайда іс бойынша сараптама тағайындаудың қажеттілігі жоқ. Сондықтан, шағым иесінің апелляциялық сот істі тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарып, бірақ мамандар қорытындысыз қаулы қабылдады, бұл АПК-нің 77, 268, 269-баптарын бұзу деген уәжі негізсіз.

Іс материалдарында мемлекеттік корпорациясының 2025 жылғы 15 қаңтардағы №03-13-25-11/671 ресми хатта даулы жер учаскесінің координаттары Сайрам-су өзенінің бекітілген су қорғау белдеуінің аумағымен және жайылымдық жерлермен толық сәйкес келіп, үстіне түсіп тұрғаны нақты көрсетілген.

АПК-нің 68-бабына сәйкес, дәлелдемелердің жеткіліктілігін сот анықтайды. Мемлекеттік кадастрлық деректер ресми болып табылатындықтан, сот үшін бұл фактіні анықтауға Мемлекеттік корпорацияның ресми мәліметі толық жеткілікті болған. Сондықтан, апелляциялық соттың істі жүргізуді қайта жаңғыртып, қосымша зерттеусіз-ақ істе бар айғақтар негізінде шешім қабылдауы істің дұрыс шешілуіне әсер етпеген және процестік құқықтың өрескел бұзылуы болып табылмайды.

Жауапкер тиісті түрде хабарландыру алмады деген уәжі де іс құжаттарымен теріске шығарылады. Төлеби аудандық соты тараптарға АПКнің 127–129-баптарының талаптарына сай сот хабарламаларын жолдаған, сонымен қатар жауапкер апелляциялық шағым беру арқылы өз құқықғын жүзеге асырған.

Жауапкерді адал пайдаланушы болып табылатындығы туралы уәжі негізсіз, өйткені АҚ-нің 267 бабына сәйкес егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.

Осылайша, кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың қорытындыларын заңды және негізді деп таниды, ал кассациялық шағымда келтірілген уәждер сот актілерінің күшін жоюға әкелетін АПК-нің 438бабында көзделген негіздерге жатпайды.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Түркістан облысы Төлеби аудандық сотының 2025 жылғы 9 шілдедегі шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 7 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Судьялар Л.С. Алпысова

А.К. Тлеубаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.