ВС РК - Постановление от 24.06.2024 по делу 6001-24-00-6ап/2735 (Административное)

6001-24-00-6ап/2735

ҚАУЛЫ

2025 жылдың 31 қаңтары Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов,

судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы «П[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 маусымдағы ұйғарымына және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 тамыздағы ұйғарымына келіп түскен кассациялық шағымы бойынша, Атырау облысының салық органдарының лауазымды тұлғаларының әрекеттерін заңсыз деп тану, заңсыз салықтан босату, борыш ретінде саналған қаржыны есептен шығару, заңсыз жабылған есепшотын ашу, мүлкіне салынған шектеуді алып тастау және жұмыс жасауына кесел келтірмеу туралы талап қоюы бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«П[...]» ЖШС сотқа Атырау облысының салық органдарының лауазымды тұлғаларының әрекеттерін заңсыз деп тану, салықтан босату, борыш ретінде саналған қаржыны есептен шығару, заңсыз жабылған есепшотын ашу, мүлкіне салынған шектеуді алып тастау, жұмыс жасауына кесел келтірмеу туралы талап қоюмен жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 маусымдағы ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындықтан, сонымен қатар, сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген соттың шешімі болғандықтан, қайтарылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 тамыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғандығын көрсете отырып, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, істі қайта қарауға қаулы шығаруды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптардың кассациялық алқасының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік- процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Әкімшілік іс материалдарын, шағымның дәлелдемелерін зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.

Аталған іс бойынша мұндай негіздер анықталған жоқ.

ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.

Іс материалдарынан талап қоюшының лауазымды тұлғалар жолдаған хаттардағы Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Кодекстің 48-бабында көрсетілген салықтық міндеттеме мен талап бойынша талап қоюдың ескіру мерзімдері тұрғысындағы тұжырыммен келіспейтіндігі белгілі болды.

Сот алқасы дау айтылып отырған жауапкерлердің әрекеті өздігінен талап қоюшыда жария құқықтар мен міндеттер туындатпайтындығын, оған қандай да бір міндеттер жүктемейтіндігін, қандай да бір құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға тыйым салмайтындығын, шектемейтіндігін және бас тартқызбайтындығын, сондай-ақ, оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын әрекет (әрекетсіздік) емес екендігін ескереді.

Жергілікті соттар талап қоюды қайтара отырып, тараптар арасында жария-құқықтық қатынастардың жоқ екендігін, жария-құқықтық қатынастар негізінен құқық субъектілерінің біреуінің нормативтікқұқықтық актілерден пайда болатын өзінің үстемдік өкілеттіктерін өзгеге қатысты жүзеге асыруына байланысты құқық субъектілерінің арасында туындайтындығын дұрыс көрсеткен. Сот бақылауына тек әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын және белгілі бір құқықтық нәтижеге бағытталған әкімшілік органдардың әрекеттері жатады.

Бұдан басқа, сот алқасы талап қоюшының заңсыз салықтан босату, борыш ретінде саналған қаржыны есептен шығару, заңсыз жабылған есепшотты ашу, мүлкіне салынған шектеуді алып тастау, жұмыс жасауына кесел келтірмеу туралы талабы бойынша заңды күшіне енген сот актісі бар екендігін, жергілікті соттардың сотпен баға берілген мән-жайларды қайтадан бағалауға жатпайтындығын дұрыс көрсеткендігін ескереді. Іс бойынша мән-жайлар жергілікті соттармен дұрыс анықталғандықтан, процестік нормалар дұрыс қолданылғандықтан, сот актілерінің күшін жоюға және оларды өзгертуге негіз жоқ. ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1- тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 маусымдағы ұйғарымы, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 тамыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «П[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ғ. Әлжанов

Ж. Ермагамбетова

Судьялар

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.