6001-22-00-6ап/514
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 8 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Б.Т.Нажмиденов болып,
талап қоюшы «ЖЖЖ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік, талап қоюшы) өкілі – адвокат М[...],
жауапкер «Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент, жауапкер) өкілі Т[...],
мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Комитет) өкілі Т[...],
мүдделі тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының өкілі (бұдан әрі – Азаматтарға арналған үкімет) Ә[...] қатысуларымен,
талап қоюшы Серіктестіктің жауапкер Департаментке электрондық аукцион хаттамасын жарамсыз деп танып, күшін жою, веб-портал реестрінде жарияланған сауда-саттықты алып тастауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 ақпандағы қаулысына талап қоюшы берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкердің электрондық аукцион хаттамасын жарамсыз деп танып, күшін жою, веб-портал реестрінде жарияланған сауда-саттықты алып тастауды міндеттеу туралы талап қою арызымен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 11 қазандағы шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылған.
Департаменттің Қызылорда облысы, [...] мекенжайындағы кадастрлық №[...] жер учаскесінде орналасқан темір жол тұйығына қатысты 2021 жылғы 21 қыркүйектегі №220963 электрондық аукционның хаттамасы жарамсыз деп танылып, күші жойылған, 2021 жылғы 27 қыркүйектегі №29884-ЭТП сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған. Серіктестікке республикалық бюджетке төлеген 14 585 теңге сот шығындары қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 ақпандағы қаулысымен бірінші саты соты шешімінің күші жойылып, әкімшілік іс бірінші сатыдағы сотқа басқа құрамда жаңадан қарауға жолданған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық саты сотының тұжырымдарымен келіспей, ол заңсыз және негізсіз болғандықтан, оның күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.
Сот алқасы, шағымның уәждерін қолдаған талап қоюшы өкілінің түсіндірмелерін, жауапкер мен Комитет өкілдерінің қарсы пікірлерін, Азаматтарға арналған үкімет өкілінің шешімді соттың қарауына қалдырған өтінішін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін және тараптардың оған берген қарсы пікірлерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Комитет 2021 жылғы 8 сәуірде Департаментке хат жолдап, онда Қызылорда облысы, [...] мекенжайындағы жалпы алаңы 0,6396 шаршы метр жер учаскесінде орналасқан кадастрлық №[...], ұзындығы 978 шаршы метр болатын темір жол тұйығын (бұдан әрі – Даулы темір жол тұйығы, даулы мүлік) сатылымға шығаруға ұсынған.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2021 жылғы 25 маусымдағы №409 бұйрығымен Даулы темір жол тұйығы сату кестесіне қосылып, 2021 жылғы 21 қыркүйекте өткізілетін сауда-саттық жайлы мемлекеттік мүлік веб-порталына хабарлама берілген.
Серіктестік 2021 жылғы 9 қыркүйекте Даулы темір жол тұйығына қатысты сауда-саттықты тоқтату туралы Департаментке хат жолдаған. Х[...] темір жол тұйығы орналасқан жер учаскесі Серіктестіктің меншігінде екенін, оның меншік құқығы бастапқы меншік иесі Ш[...] арада жасалған 2003 жылғы 19 наурыздағы сатып алу-сату шартының негізінде туындағанын көрсеткен.
Департамент 2021 жылғы 17 қыркүйектегі хатпен сауда-саттықты тоқтатуға негіздер жоқ екендігін көрсеткен.
2021 жылғы 21 қыркүйекте электрондық сауда-саттық өткізіліп, жеке тұлға Р[...] жеңімпаз ретінде танылып, №220963 электрондық аукционның хаттамасы (бұдан әрі – Аукцион хаттамасы) жасалған.
Апелляциялық алқа өз шешімінде жауапкер апелляциялық шағымында Серіктестік даулы мүлікті жалдаушы ретінде пайдаланғанын көрсетіп, Комитет пен Серіктестік арасында жасалған Даулы темір жол тұйығын жалға беру туралы шарттары тіркелгенің, олар бірінші сатыдағы сотпен зерттелмегенін, мүдделі тұлға ретінде даулы мүліктің қазіргі уақыттағы иесі тартылмағанын көрсеткен.
Сот алқасы аталаған тұжырымдарды келесіге сәйкес дұрыс деп есептейді.
ӘРПК-нің 16-бабының 1, 3-бөліктеріне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.
ӘРПК-нің 23-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзінің құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) қозғаған немесе қозғауы мүмкін тұлға мүдделі тұлға болып танылады.
Бірінші саты сотымен даулы мүліктің келісімшарт негізінде нақты кімге тиесілі екендігі, оны жалға алу немесе пайдалану үшін берілу шарттары анықталмаған және іске 2021 жылдың 21 қыркүйекте өткізілген электрондық сауда-саттықтың жеңімпазы – жеке тұлға Р[...], талап қоюмен оның құқықтары қозғалуына орай, мүдделі тұлға ретінде тартылмаған.
АПК-нің 427-бабы 4-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес егер сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешкен жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
Яғни, бірінші саты сотымен соттың белсенді рөлі толық көлемде іске асырылмаған, қабылданған шешіммен іске қатысуға тартылмаған тұлғаның құқықтары бұзылған. Апелляциялық сатыдағы соттың осы бөліктегі тұжырымдары дұрыс.
Талап қоюшының кассациялық шағымындағы іс бойынша төрағалық етуші – алқа төрағасының алдын-ала пікірі және судьялардың тәуелділігі туралы уәждері келесіге байланысты негізсіз. ӘРПК-нің 16-бабының 2-бөлігіне сәйкес судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 1-бөлігіне сәйкес судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады.
Бұл ретте, апелляциялық сатының алқа төрағасы соттың белсенді рөлі қағидатына сәйкес өзінің алдын ала құқықтық пікірін білдірген, ал судьялардың тәуелсіздігі қолданыстағы заңмен қорғалған, сот төрелігін жүзеге асыру барысында олар тәуелсіз және барлық саты судьялары тең мәртебеге ие.
Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актісі күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы «ЖЖЖ[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Е. Өмірәлиев
Е. Өмірәлиев Б. Нажмиденов
Көшірмесі дұрыс. Судья Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.