Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 18.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/775 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 18 қыркүйек №6003-25-00-2к/775 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілдері Д.Н.Жималееваның және Э.Е.Каженованың, жауапкер өкілі С.Ж.Мамбетовтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Автошаруашылығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі - Кәсіпорын) жауапкер «Global-Systems Products» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Cеріктестік) міндеттемелерді мәжбүрлеп орындау туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Кәсіпорын аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік шарт бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамағанымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Серіктестікке 120 дана GPS-трекерлер және 32 дана отынды есепке алу сенсорларға паспортты және жабдыққа кепілдік талондарын қабылдау-тапсыру актісі бойынша беру, отынды есепке алу сенсорларының 32 данасы бойынша тарирлеу кестелерін беру, Wialon lokal орталықтандырылған спутниктік мониторинг жүйесіне қол жеткізу үшін логин мен парольдермен қамтамасыз ету міндеттелген, Серіктестіктен Кәсіпорынның пайдасына 5 898 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Серіктестік кассациялық шағымында Кәсіпорын жұмыстарды қабылдап алғанын, ол кезде ескертпелер болмағанын, талап қою мерзімі өтіп кеткенін, шарттың қолдану мерзімі аяқталғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, істі өндірістен тоқтатуды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 406-бабының 1- тармағын, 272, 273-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңберін нақты және толық айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2024 жылғы 14 ақпанда тараптар арасында 13 204 800 теңгеге GPS-мониторинг үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу және енгізу бойынша тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалып, Серіктестік Кәсіпорынға тиесілі кезекші автомобильдеріне, автобустар мен шағын автобустарға 120 дана GPSтрекерлерді, автобустарға 32 дана отынды есепке алу сенсорларын монтаждаған, сервер жеткізіліп, бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылған.

2024 жылғы 24 ақпанда тараптар тауарды қабылдау-тапсыру актісіне қол қойған, Шарттың қолдану мерзімі 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін.

Алайда, қабылдау-тапсыру актісі жасалған кезде Серіктестікпен Шарттың 5.1-тармағының талаптары сақталмай, трекерлер мен сенсорларға паспорт және жабдыққа кепілдік талондарын, отынды есепке алу сенсорларға тарирлеу кестелерін, «Wialon lokal» орталықтандырылған спутниктік мониторинг жүйесіне қол жеткізу үшін логин мен парольдерді ұсынбаған, соның салдарынан Кәсіпорынның орнатылған трекерлер мен сенсорларды пайдалануға техникалық мүмкіншілігі жоқ.

Сондай-ақ, сотта Серіктестік Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын №2-қосымшасының талаптарын бұзып, ақпараттық жүйеге кіруді тек Шарттың қолдану кезінде қана қамтамасыз етіп, Шарт біткен соң өзгертіп тастағаны анықталған.

Бұл мән-жайды Серіктестік кассациялық шағымында жоққа шығармай, бұл әрекетін 2025 жылы Кәсіпорын GPS-мониторинг қызметін көрсетуге жаңадан жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы басқа өнім берушіні алғандықтан өзімен орнатылған (қолданылған) «Wialon lokal» орталықтандырылған спутниктік мониторинг жүйесі қолдануға жарамайтынымен уәждеген.

Істің мұндай тұрғысында, Серіктестік тарапынан Шарт талаптары тиісінше орындалмағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 сәуірдегі шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысы күшінде, жауапкер «Global-Systems Products» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.