Қ А У Л Ы
2026 жылғы 19 наурыз №6003-25-00-2к/5578 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Б.Б.Кулатаевтың, жауапкерлер және үшінші тұлғалар өкілдері А.М.Серикбаевтың, Н.Б.Бурмистрованың, Р.О.Керимкуловтың, Н.Б.Ахмедовтың, К.М.Айметовтың, Б.А.Тулемисовтың, аудармашы Е.А.Төкештің қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Шымкент қаласының прокуратурасы (бұдан әрі - Прокуратура) жауапкерлер «ЛТД Тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі - «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і), «ШымкентСпецКомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі - «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-і), «Эко СпецТранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі - «Эко СпецТранс» ЖШС-і) келтірілген залал сомасын өндіру туралы электрондық азаматтық істі жауапкердің Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі - МАЭС) 2025 жылғы 20 тамыздағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі), Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысы (бұдан әрі - алқа қаулысы) мен ұйғарымына (бұдан әрі - алқа ұйғарымы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Прокуратура аталған талап қоюмен және нақтыланған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлер жарамсыз болған мәміле бойынша табыс тапқандарын көрсете отырып, «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-нен 373 795 696 теңге келтірілген залалды өндіруді сұраған.
Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-нен мемлекет пайдасына келтірілген залал сомасы 373 795 696 теңге және мемлекеттік баж 11 213 871 теңге өндірілген.
Алқа қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сонымен қатар, Прокуратура апелляциялық алқа отырысында «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-не және «Эко СпецТранс» ЖШС-не қатысты талаптарынан бас тартуына байланысты алқа ұйғарымымен талап қоюдың осы екі жауапкерге қатысты бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
«ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-і кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай бұзушылықтара жол берілген.
«Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 22 сәуірдегі №220-І Заңының (бұдан әрі - Заң) 43-бабының 1-тармағында жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар жалпы жиналысының құзыреті осы Заңға сәйкес серіктестік жарғысымен белгіленетіні көрсетілген. «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің қатысушылары жалпы жиналысының 2015 жылғы 10 қыркүйектегі №2 хаттамалық шешімімен бекітілген жарғысының (бұдан әрі - жарғы) 6.1-тармағымен жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының ерекше құзыретіне қаржылық есептемені бекіту және таза табысты бөлу жатады деп айқындалған.
Заңының 43-бабының 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының ерекше құзыретіне қаржылық есептемені бекіту және таза табысты бөлу жатады.
«ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і 2006 жылғы 22 ақпанда мемлекеттік тіркеуден өткен, қызмет түрі: қаланы көгалдандыру және әрлеу болып табылады.
«ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің 2015 жылғы 10 қыркүйектегі жарғысына сай оның қатысушылары - Шымкент қаласы әкімдігінің атынан «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жарғылық капиталындағы үлесі 49%, ал «Эко СпецТранс» ЖШС-нің үлесі 51% болып белгіленген. Шымкент қаласының коммуналдық меншіктегі объектіні жекешелендіру комиссиясының 2019 жылғы 15 сәуірдегі №5 және 15 мамырдағы №7 хаттамаларына сәйкес «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің құны 414 500 000 теңге деп белгіленіп, электрондық аукционға шығарылған.
Электрондық аукционның 2019 жылғы 4 маусымдағы №124976 хаттамасына сай «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы мемлекет үлесі «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-не 212 794 154 теңгеге сатылып, 2019 жылғы 10 маусымда «Шымкент қаласының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Қаржы басқармасы) мен «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-нің арасында «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы мемлекет үлесін сатып алу-сату туралы №11503ЭТП келісім шарт жасалған.
МАЭС-ның 2019 жылғы 4 қазандағы ұйғарымымен «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-і мен «Эко СпецТранс» ЖШС-і арасында дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітіліп, оған
сәйкес «Эко СпецТранс» ЖШС-нің 2018 жылғы 19 желтоқсандағы №18/12-19 несие келісімшарты бойынша ақшалай міндеттемесін орындау ретінде соңғысы өзінің «ЛТД Турмыс» ЖШС-дегі жарғылық капиталындағы 40% үлесін «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-не берген.
2019 жылғы 28 қарашадағы «ЛТД Турмыс» ЖШС-і қатысушыларының жалпы жиналысының хаттамалық шешіміне сай оның қатысушылары ретінде 89% үлесімен «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-і, 11% үлесімен «Эко СпецТранс» ЖШС-і белгіленген.
Заңның 40-бабының 1-тармағына сай жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар арасында серіктестіктің бір тоқсан, жарты жыл немесе бір жыл ішіндегі өз қызметінің нәтижелері бойынша алған таза табысын бөлу серіктестіктің бір тоқсандағы, жарты жылдағы немесе бір жылдағы қызметінің нәтижелерін бекітуге арналған серіктестікке қатысушылардың кезекті жалпы жиналысының шешіміне сәйкес жүргізілуі мүмкін. Жалпы жиналыс таза табысты немесе оның бір бөлігін серіктестікке қатысушылар арасында бөлуден алып тастау туралы шешім қабылдауға да құқылы.
2020 жылғы 15 мамырдағы «ЛТД Турмыс» ЖШС-і қатысушыларының кезекті жылдық жалпы жиналысының №19 хаттамалық шешімімен 2019 жылға жасалған ревизордың қорытындысы мен «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің жылдық қаржылық есептілігі бекітіліп, 98 769 507,63 теңге көлеміндегі таза табысының 100% серіктестіктің дамуына жұмсау туралы шешім қабылданған.
2021 жылғы 30 наурыздағы «ЛТД Турмыс» ЖШС-і қатысушыларының кезекті жылдық жалпы жиналысының №20 хаттамалық шешімімен 2020 жылға жасалған ревизордың қорытындысы мен «ЛТД Турмыс» ЖШС-нің жылдық қаржылық есептілігі бекітіліп, серіктестіктің 99 974 344,84 теңге көлеміндегі таза табысының 100% бөлуден алып тастау туралы шешім қабылданған. 2022 жылғы 15 наурыздағы «ЛТД Турмыс» ЖШС-і қатысушыларының кезекті жылдық жалпы жиналысының №22 хаттамалық шешімімен 2021 жылға арналған ревизордың қорытындысы мен «ЛТД Турмыс» ЖШС-нің жылдық қаржылық есептілігі бекітілген, ал табысы болмағандықтан оны бөлу мәселесі жалпы жиналысқа шығарылмаған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 мамырдағы шешімімен Прокуратураның талабы ішінара қанағаттандырылып:
Қаржы басқармасының «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы үлесін сату туралы 2019 жылғы 4 маусымдағы электрондық аукционның №124976 хаттамасы; - Қаржы басқармасы мен «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-і арасында жасалған «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы үлесін сатып алу-сату туралы 2019 жылғы 10 маусымдағы №11503-ЭТП келісім шарты жарамсыз деп танылған;
«ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-нен мемлекет пайдасына келтірілген шығын «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің табыс сомасы 373 795 696 теңге өндірілген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 наурыздағы қаулысымен аталған сот актілері өзгертіліп, сот актілерінің 373 795 696 теңге табыс сомасын өндіру жөніндегі бөлігінің күші жойылып, бұл мәселе әкімшілік тәртіппен қаралуға жатпайды деген негізбен талап қоюдың бұл бөлігі қайтарылған, сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Аталған әкімшілік істі сотта қарау барысында сот-экономикалық сараптамасы тағайындалып, 2023 жылғы 28 сәуірдегі №1218 сараптама қорытындысына сәйкес:
«ЛТД Турмыс» ЖШС-нің 2019 жылға - 5 048 158 022 теңге, 2020 жылға - 5 622 242 365 теңге, 2021 жылға - 4 479 433 881 теңге жылдық жиынтық табысы болғаны;
«ЛТД Турмыс» ЖШС-нің 2019 жылға - 4 799 376 259 теңге, 2020 жылға - 5 403 779 507 теңге, 2021 жылға - 4 523 660 158 теңге шегерімдері (шығыстары) болғаны;
сол себепті «ЛТД Турмыс» ЖШС-нің 2019 жылға - 199 025 410 теңге, 2020 жылға - 174 770 286 теңге таза табыс сомалары болғаны, ал 2021 жылға таза табыс сомалары болмағаны анықталған.
2025 жылғы 10 қаңтардағы «ЛТД Турмыс» ЖШС-і қатысушыларының жалпы жиналысының хаттамалық шешіміне сай оның қатысушылары ретінде мемлекет атынан 49% үлесімен «Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі, 40% үлесімен «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-і, 11% үлесімен «Эко СпецТранс» ЖШС-і белгіленген (мемлекеттік тіркеу 2025 жылғы 17 қаңтарда жасалған).
Осыған орай, Прокуратура мемлекет пайдасына «ЛТД Турмыс» ЖШСнің 2019-2020 жылдар аралығындағы 373 795 696 теңге жиынтық таза табыс сомасын «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-нен өндіруді сұрап, осы талаппен сотқа жүгінген.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Прокуратураның талабын қанағаттандыру жөніндегі тұжырымдарын Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 9-бабының 4-тармағына, 157-1-бабының 3 және 4- тармақтарына, 917-бабына негіздеген.
Алайда, соттардың бұл тұжырымы төмендегі негіздермен қате болып табылады.
Жоғарыда көрсетілгендей Заңның 43-бабының 1-тармағына және жарғының 6.1-тармағына сай таза табысты бөлу мәселесі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының ерекше құзыретіне жатады.
«ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің 2019-2021 жылдарға таза табысты бөлу мәселесі осы серіктестіктің қатысушыларының жалпы жиналысында қаралып, тиісті хаттамалық шешімдер қабылданған, бүгінгі күні бұл хаттамалық
шешімдер қатысушылар тарапынан дауланбаған және таза табысты бөлу мәселесі жүзеге асырылған (ревизорлардың қорытындыларына сай).
Заң талаптарымен серіктестіктің әр бір қатысушының жалпы жиналыс шешімімен немесе атқарушы органының әрекетімен келіспеген жағдайда оларға сот арқылы дау айту құқығы көзделген.
Одан бөлек қандай да бір мәселе бойынша жалпы жиналыс шақыруды талап ету және оған өзінің сұрақтарын шығаруға, ревизиялық тексеруді тағайындауды, қаржылық есеп беруді талап ету туралы да серіктестіктің әр бір қатысушының құқығы бар.
Бұл ретте қандай да болсын серіктестіктің ішкі жұмысына, оның ішінде серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының ерекше құзыретіне жататын сұрақтарға араласу сот органдарының құзыретіне кірмейтіні жергілікті соттардың назарынан тыс қалған.
Бүгінгі күнге дейін «Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің қатысушысы ретінде аталған құқықтарға ие.
Заңның 2-бабының 1-тармағына сай бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшерде үлестерге бөлінген серіктестік жауапкершілігі шектеулі серіктестік деп танылады; жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты зияндарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді. Бұл ережеден ерекше жағдайлар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және осы Заңда көзделуі мүмкін.
Демек, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің тапқан таза табысын оның қатысушысы «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-нен өндіру, тек ғана 49% үлесі бар мемлекеттің пайдасына серіктестіктің 100% табысын өндіру, Заң талаптарына сай серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысымен бөлу жөнінде шешім қабылданған және іс жүзінде бөлініп кеткен табысты қайтадан «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-нен өндіру заңсыз әрі негізсіз болып табылады.
Жергілікті соттар «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің тапқан таза табысын өндіре отырып, оны «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-мен мемлекетке келтірілген залал деп тұжырымдаған.
Алайда, қолданыстағы азаматтық заңнамаға сәйкес келтірілген залал мен серіктестіктің тапқан таза табысы деген ұғымдарының құқықтық негіздерінің өзі басқа.
Бірінші сатыдағы сот шешімінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 наурыздағы қаулысында соттар аукционның қорытындысы заңсыз болғандықтан тиісінше «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-нің тапқан табысы мемлекетке келтірілген
шығын ретінде осы серіктестіктен өндірілуге жатады деп тұжырымдағанын көрсеткен.
Бірақ, бұл сілтеме негізсіз, өйткені Жоғарғы Соттың алқа қаулысында ондай тұжырымдар жасалмаған.
Аталған мән-жайлардың жиынтығы және олардың саралау нәтижесі талапты қанағаттандырудан бас тартуға негіз бола алады.
Істің мұндай тұрғысында, АПК-тің 68-бабының 6-бөлігінің негізінде дәлелдемелердің жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткілікті екенін ескере отырып, соттардың сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады.
«Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №9 Нормативтік қаулысының 18-тармағына сай бастапқы шешімнің күші жойылғаннан кейін немесе шешім өзгертілгеннен кейін істі қарау кезінде сот бірінші сатыдағы сотта, сондай-ақ апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттарда тараптар шеккен сот шығыстарын олардың арасында бөлу мәселесін шешуге міндетті.
Сондықтан, осы кассациялық шағымды берген кезде төленген 5 606 936 теңге мемлекеттік баж «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-не мемлекеттік бюджеттен қайтарылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 тамыздағы шешімінің, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 желтоқсандағы қаулысы мен ұйғарымының күштері жойылсын, талап қоюшы Шымкент қаласының прокуратурасының талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылсын.
Жауапкер «ШымкентСпецКомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мемлекеттік бюджеттен кассациялық шағым бергені үшін төленген 5 606 936 (бес миллион алты жүз алты мың тоғыз жүз отыз алты) теңге мемлекеттік баж қайтарылсын.
Жауапкер «ШымкентСпецКомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.