Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 12.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4787 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 12 ақпан №6003-25-00-2к/4787 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар М.Т.Кадырова,

Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі А.О.Утебаевтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Авторлар әндерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі (бұдан әрі - Бірлестік) жауапкерлер «Береке» жеке кәсіпкері атауымен әрекет етуші Есполов Бакытжан Ерболовичке (бұдан әрі - «Береке» ЖК) және «Есполов Е» жеке кәсіпкері атауымен әрекет етуші Есполов Ербол Шеримовичке (бұдан әрі - «Есполов Е» ЖК) өтемақы өндіру және көпшілік алдында авторлар құқықтарын пайдалануға тыйым салу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Бірлестіктің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Бірлестік аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкерлер авторлық құқықтарының бұзылуына жол бергенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюдың өтемақы өндіру туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.

Бірлестік кассациялық шағымында соттармен процестік және материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен осындай бұзушылықтарға жол берілген.

АПК-тің 225-бабының 2-бөлігінде сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешетіні бекітілген.

«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы 1996 жылғы 10 маусымдағы №6-I Заңының (бұдан әрі - Заң) 49бабының 1-тармағының 3), 5) және 7) тармақшаларына сәйкес авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауды сот құқықты бұзатын немесе оның бұзылуына қауiп төндiретiн әрекеттердi тыю; құқық бұзушы авторлық және (немесе)

сабақтас құқықтарды бұзу салдарынан тапқан табысты өндiрiп алу; олардың құқықтарын қорғауға байланысты заң актiлерiнде көзделген өзге де шаралар қолдану арқылы жүзеге асырады.

Анықталғаны, 2012 жылғы 6 қыркүйектегі шартпен автор Қ.А.Айтимбетов «Ұшқан бағым» атты туындының айрықша құқықтарын Бірлестікке басқаруға берген.

2022 жылғы 23 наурызда Бірлестік мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйым ретінде өзi өкiлi болып табылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерiнiң атынан әрi олардан алынған өкiлеттiк негiзiнде құқықтарды қорғауға қажеттi заңды әрекеттер жасалды деп қоғамның ұжымдық басқаруындағы туындыларды Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Сарапхана ауылы, Шымкент көшесі, №134 мекен жайда орналасқан «Bereke» кафесінде автор Қ.А.Айтимбетовтың «Ұшқан бағым» атты туындысын техникалық құрылғылар арқылы қолдана отырып көпшілік алдында пайдаланғанын анықтаған.

Бірлестік сотқа берген талап қоюында жауапкерлерден Заң талаптарын бұзғаны үшін 6 126 000 теңге өтемақы өндіруді және техникалық құрылғылар арқылы көпшілік алдында авторлар құқықтарын пайдалануға тыйым салуды сұраған.

Алайда, соттар талап қоюдың тек ғана өтемақы өндіру жөніндегі бөлігін негізінен қарап, шешім шығарған, ал талап қоюдың көпшілік алдында авторлар құқықтарын пайдалануға тыйым салу туралы бөлігі бойынша қандай да бір процестік шешім қабылданбаған және негізінен қаралмаған.

Демек, соттар АПК-тің 4-бабында айқындалған сот ісін жүргізудің міндеттері болып табылатын Бірлестіктің даулы құқықтарының қорғалуын, істің толық қаралуын және шешілуін толық көлемде қамтамасыз етпеген.

«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы»2003 жылғы 11 шілдедегі №5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 5- тармағына сай шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын және адалдық, ақылға сыйымдылық пен әділеттілік талаптарын (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 5-бабы және АПК-нің 6-бабы) негізге алғанда, заңды болып табылады.

Істің мұндай тұрғысында, яғни процестік құқық нормалары елеулі түрде бұзыла отырып шығарылған сот шешімін заңды деуге негіздердің болмауына байланысты шағымдалған сот актілерінің күші жойылып, азаматтық іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілуге, Бірлестіктің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады.

Істі жаңадан қарау барысында Бірлестіктің қойған талаптарын толық көлемде қарап, іс үшін маңызы бар мән-жайларды нақты және дұрыс айқындау

және оларға тиісті құқықтық бағасын беріп, анықталған деректер мен бекітілген дәлелдемелер негізінде заңды әрі негізді шешім қабылдау қажет. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 5) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып,

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысының күштері жойылып, азаматтық іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілсін.

Талап қоюшы «Авторлар әндерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар М.Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.