ҚАУЛЫ
2023 жылғы 21 ақпан 6001-22-00-6ап/2076 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,
талап қоюшы М[...] өкілі – Ж[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (ММ) басшысы А[...], Шымкент қаласының әкімдігінің жер комиссиясына жер комиссиясының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы №48/198 қорытындысын, Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №1620 қаулысының 90-тармағын заңсыз деп танып, күшін жою және Шымкент қаласының әкіміне жер учаскесін кеңейту үшін үш жыл мерзімге уақытша пайдалану құқын бекітіп беру туралы қолайлы шешім қабылдауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 наурыздағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы қаулысына талап қоюшы М[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
М[...] Шымкент қаласы, Солтүстік-Батыс шағын ауданы, Әлімтау көшесі, №[...] үйдің жанында орналасқан, алаңы 0,08 га жер учаскесін бөлуден «аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасақталмаған, Жер кодексінің 109-бабының 1-тармағына қайшы келеді» деген негізде бас тартылған Шымкент қаласының әкімдігінің жер комиссиясының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы №48/198 хаттамалық қорытындысы, Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №1620 қаулысының 90-тармағы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
М[...] талап қоюының Шымкент қаласы, СолтүстікБатыс шағын ауданы, Әлімтау көшесі, №[...] үйдің іргесіндегі, алаңы 0,08 га жер учаскесін өзіне кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесін кеңейту үшін үш жыл мерзімге уақытша пайдалану құқын бекітіп беру туралы уәжделген, қолайлы шешім қабылдауды Шымкент қаласының әкіміне міндеттеу туралы бөлігі қанағаттандырылудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.
М[...] Шымкент қаласы, Солтүстік-Батыс шағын ауданы, Әлімтау көшесі, №[...] үйдің жанында орналасқан, алаңы 0,08 га жер учаскесін бөлуден «аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасақталмаған, Жер кодексінің 109-бабының 1-тармағына қайшы келеді» деген негізде бас тартылған Шымкент қаласының әкімдігінің жер комиссиясының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы №48/198 хаттамалық қорытындысы, Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №1620 қаулысының 90-тармағы заңсыз деп танылып, күші жойылсын деген бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Талап қоюшы М[...] кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкерлер Шымкент қаласының әкімі, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ-нің өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер апелляциялық сатыдағы соттың тарапынан орын алмаған. Істің мән-жайларына қарағанда, талап қоюшы М[...] Шымкент қаласы, Абай ауданы, Солтүстік-Батыс шағын ауданы, Әлімтау көшесінде орналасқан №169 тұрғын үй мен кадастрлық нөмірі [...], жалпы көлемі 0,0800 га жер учаскесінің меншік иесі болып табылады.
2021 жылдың 26 қарашасында талап қоюшы Шымкент қаласының әкіміне өзінің жеке меншігіндегі жер учаскесін кеңейту үшін, іргелес орналасқан, алаңы 0,08 га жер учаскесін беру туралы өтініш берген. Жер комиссиясының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы қорытындысымен және Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №1620 қаулысының 90-тармағымен «аумақтың егжейтегжейлі жоспарлау жобасы жасақталмаған, Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің (бұдан әрі – Жер Кодексі) 109-бабының 1-тармағына қайшы келеді» деген негізде талап қоюшыға сұратылған жер учаскесін беруден бас тартылған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда талап қоюшыға тыңдау құқығын пайдалану, жер учаскесінде өздігінен ғимарат салып алған әрекеттерін түсіндіру мүмкіндігі берілмеген, дау келтірілген әкімшілік актілер заң талаптарына сәйкес негізделмеген, сұратылған жер учаскесін талап қоюшы игеріп алған деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымын негізсіз деп санап, дау келтірілген әкімшілік актілерде талап қоюшымен сұратылған жер учаскесі аз қабатты тұрғын үйлер аумағында орналасқан және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасақталмаған, мәні бойынша дұрыс әкімшілік акт бір ғана формальды негіздер бойынша заңсыз деп таныла алмайды деген негіздермен бірінші сатыдағы сот актісінің талапты қанағаттандыру туралы бөлігінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі жаңа шешім қабылдаған.
Сот алқасы апелляциялық саты сотының бұл тұжырымдарын негізді деп табады.
Жер Кодексінің 48-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жер учаскесі немесе жер учаскесін жалдау құқығын алу жеке және заңды тұлғаларға оларға меншік құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесілі үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) пайдалану және ұстау үшін, оның ішінде іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау үшін жүзеге асырылады.
Осы Кодекстің 43-бабының 10-тармағына сай жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi. Осы норманы сақтамау жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу деп бағаланады және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылықты көздейдi.
Талап қоюшының сұратылып отырған жер учаскесін өз бетінше иеленіп, тұрғын үй құрылысын салып алуы талапты қанағаттандыруға негіз болып табылмайды.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне апелляциялық сатыдағы сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.