КСАД РК - Постановление от 29.04.2026 по делу 6003-26-00-4к/340 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 29 сәуір №6003-26-00-4к/340 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,

прокурор К[...], талап қоюшының өкілі А[...], жауапкерлердің өкілдері Д[...] мен М[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қ[...]» шаруа қожалығы М[...] Тастаевич И[...] (бұдан әрі – «Қ[...]» ШҚ) жауапкер Батыс Қазақстан облысы, [...] әкіміне (бұдан әрі – аудан әкімі), «Сырым аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) қатысты жер комиссиясының 2025 жылғы 10 маусымдағы №2 хаттамалық шешімін ішінара заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 20 қарашадағы қаулысына берілген аудан әкімінің кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы сотқа көрсетілген әкімшілік талап қоюмен жүгініп, оны жер комиссиясы тарапынан Б[...] 450 гектар (егістік) жер учаскесін уақытша жер пайдалану құқығымен беру бөлігінде жеңімпаз деп тану туралы заңсыз шешім қабылданғанымен, конкурс қорытындыларын шығару кезінде бұзушылықтарға жол берілгендігімен негіздеген.

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 19 тамыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

ӘІжСА-ның 2025 жылғы 20 қарашадағы қаулысымен МАӘС-тің шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Жер комиссиясының 2025 жылғы 10 маусымдағы жалпы алаңы 450 га егістік жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру бойынша №2 хаттамалық шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған. Конкурстың нәтижелерін қайта қарау міндеті жүктелген.

Аудан әкімі кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын күшін жойып, МАӘС-тің шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Іске бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда қарауға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және өткізу нысаны туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеді, келмеу себептері туралы сотқа хабарламады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол бермеген.

Анықталған мән-жайлардан көрінгендей, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының ӘІжСА-ның 2024 жылғы 25 шілдедегі және ӘІжСА-ның 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулыларымен өзгеріссіз қалдырылған МАӘСтің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі шешімімен «Қ[...]» ШҚ-ның талабы бойынша конкурс комиссиясының Сырым ауданының Жымпиты ауылдық округінде орналасқан алаңы 450 гектар (егістік) жер учаскесін уақытша жер пайдалану құқығымен беру бөлігінде 2023 жылғы 25 шілдедегі №3 хаттамалық шешім заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Қарар бөлігіне сәйкес жауапкерге сот шешімін бір ай мерзімде орындау міндеті жүктелген.

Аталған конкурсқа «Қ[...]» ШҚ мен И[...] қатысып, соңғысы жеңімпаз деп танылған. Соттармен И[...] Жымпиты ауылында тұруына байланысты қосымша балдардың берілуі заңсыз екені анықталған.

МАӘС-тің 2024 жылғы 8 тамыздағы №2794-24-5-21/2470 хатымен 2023 жылғы 21 қыркүйектегі сот шешімін орындау үшін аудан әкіміне жолдаған.

«Төрелік» ақпараттық жүйесіне сәйкес, жоғарыда аталған іс материалдарында 2023 жылғы 21 қыркүйектегі сот шешімінің орындалғаны туралы мәліметтер жоқ, сондай-ақ кассациялық сатыдағы сот отырысында жауапкердің өкілдері оның орындалғанын растайтын дәлелдемелерді ұсына алмады. Аудан әкімінің 2025 жылғы 11 наурыздағы №30 қаулысымен Жер комиссиясы туралы ереже және оның дербес құрамы бекітілген. Сырым аудандық мәслихатының 2025 жылғы 11 наурыздағы №29-2 шешімімен жоғарыда көрсетілген жер комиссиясы туралы ереже мен оның құрамы бекітілген.

Даулы конкурсқа қатысуға 3 өтінім жіберіліп (Б[...], О[...], «Қ[...]» ШҚ), олардың барлығына ең жоғары – 30 балл (20 балл – инвестициялар үшін, 10 балл – бес жыл тұрақты тұруы үшін) берілген.

Жер комиссиясының 2025 жылғы 10 маусымдағы №2 хаттамасымен Сырым ауданының Жымпиты ауылдық округінде орналасқан алаңы 450 гектар (егістік) жер учаскесін 10 жыл мерзімге беру бөлігінде конкурс жеңімпазы болып Б[...] танылған, оған комиссияның 8 мүшесі дауыс берген, О[...] үшін – 2 комиссия мүшесі, «Қ[...]» ШҚ үшін – 0 дауыс берілген.

Даулы комиссияның шешімі «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 518 бұйрығының ( Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2024 жылғы 15 мамырдағы №161 бұйрығының редакциясында, бұдан әрі – Қағидалар) 23-тармағының бұрыңғы редакциясы қолданылған кезеңде қабылданған, оған сәйкес:

  • балдар міндеттемелердің мынадай өлшемшарттары бойынша беріледі: 1 гектарға салынатын инвестициялардың болжамды көлемі туралы, мың теңге: 1) суарылмайтын егістікке: 50-ге дейін – 1 балл; 50-ден 70-ке дейін – 5 балл; 70тен 90-ға дейін – 10 балл; 90-нан 110-ға дейін – 15 балл; 110-нан жоғары – 20 балл; 2) суарылатын егістікке (суарылатын жерлер): 200-ге дейін – 1 балл; 200ден 300-ге дейін – 5 балл; 300-ден 400-ге дейін – 10 балл; 400-ден 500-ге дейін – 15 балл; 500-ден жоғары – 20 балл; 3) жайылымдық және шабындық алқаптарға: 5-ке дейін – 1 балл; 5-тен 10-ға дейін – 5 балл; 10-нан 20-ға дейін – 10 балл; 20-дан 30-ға дейін – 15 балл; 30-дан жоғары – 20 балл.

  • осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша 10 балл беру түрінде артықшылық беріледі.

«2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1-бабы 14-тармағы екінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 69-НҚ нормативтік қаулысымен (бұдан әрі – КС НҚ):

  • Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 43-1бабы 14-тармағының екінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылған;

  • Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс қорытындысын шығарған кезде конкурстық ұсыныстарды бағалау өлшемшарттарын және балл беруді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.

Кейіннен, Қағидалардың 23-тармағына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 26 тамыздағы №261 бұйрығымен өзгерістер енгізіліп, оларға сәйкес, Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген конкурстық ұсыныстар бойынша балдар міндеттемелердің мынадай өлшемшарттары бойынша беріледі:

  1. жер учаскесі жалға алынған алғашқы бес жылда 1 гектарға салынатын инвестициялардың болжамды көлемі, мың теңге: суарылмайтын егістікке: 50ге дейін – 1 балл; 50-ден 70-ке дейін –2 балл; 70-тен 90-ға дейін – 3 балл; 90нан 110-ға дейін – 4 балл; 110-нан жоғары – 5 балл; суарылатын егістікке (суарылатын жерлер): 200-ге дейін – 1 балл; 200-ден 300-ге дейін – 2 балл; 300ден 400-ге дейін – 3 балл; 400-ден 500-ге дейін – 4 балл; 500-ден жоғары – 5 балл; жайылымдық және шабындық алқаптарға: 5-ке дейін – 1 балл; 5-тен 10ға дейін – 2 балл; 10-нан 20-ға дейін – 3 балл; 20-дан 30-ға дейін – 4 балл; 30дан жоғары – 5 балл;

  2. жайылымдық жерлерге – ауыл шаруашылығы жануарлары басының болуы: 50-ден аз ірі қара мал, жылқы, түйе – 5 балл; 50 және одан да көп бас ірі қара мал, жылқы, түйе – 10 балл; 300-ден аз ұсақ мал басы – 5 балл; 300 және одан да көп ұсақ мал басы – 10 балл;

  3. меншігінде ауыл шаруашылығы техникасының болуы: 5 бірліктен кем – 5 балл; 5 және одан да көп бірлік – 10 балл;

  4. технологиялық жабдықтың болуы: 1 бірлік – 1 балл; 2 және одан да көп бірлік – 3 балл;

  5. ауыл шаруашылығы саласында білікті мамандардың болуы: 5 білікті маманнан кем – 5 балл; 5 және одан да көп білікті маман – 10 балл.";

Қағидалардың 24-тармағына сәйкес, ең жоғары балл алған қатысушы жеңімпаз болып танылады.

Екі және одан да көп конкурстық ұсыныстардың тартылатын инвестицияның ұсынылған көлемі бойынша балдары тең болған жағдайда конкурстың жеңімпазы комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы анықталады. Бұл жағдайда ең жоғары балл алған және комиссия мүшелерінің ең көп дауысын алған қатысушы жеңімпаз болып танылады.

Кодекстің 43-бабына сәйкес, жер комиссиясының құрамын облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергілікті атқарушы органдары қалыптастырады және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жібереді.

Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру тәртібі мен ерекшеліктері Кодекстің 43-1-бабымен айқындалған.

Бірінші сатыдағы сот істі мәні бойынша қарап, талапты қанағаттандырудан бас тарта отырып, жер комиссиясы жоғарыда келтірілген Қағидалар мен Кодекс талаптарын сақтағанын, бұзушылықтардың жоқ екенін көрсеткен. Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімін күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыра отырып, төмендегідей бұзушылықтардың бар екенін көрсеткен:

  • конкурсқа шығарылған жер учаскесінің нысаналы мақсаты «егістік» болып табылған, алайда жеңімпаз Б[...] өзінің конкурстық ұсынысында (бизнес-жоспарында) оны «мал жайылымына» және «мал шаруашылығын жүргізу» үшін пайдалануды көздеген, бұл мән-жайға комиссия назар аудармаған және осы бөлікте құқықтық баға бермеген;

  • бірінші сатыдағы сот КС НҚ-ның құқықтық ұстанымын ескермеген, оған сәйкес «Қ[...]» ШҚ-ның конкурстық ұсынысы анағұрлым қолайлы болып табылады, себебі ұсынылған инвестициялар Б[...] инвестицияларынан жоғары (95 млн.теңгеге қарсы 67 млн.теңге); «Қ[...]» ШҚ-ның 30 жылдық жұмыс тәжірибесі бар (Б[...] жұмыс тәжірибесі көрсетілмеген); «Қ[...]» ШҚ-ның басшысы И[...] мамандығы – трактор жүргізушісі; «Қ[...]» ШҚ-да арнайы ауыл шаруашылығы техникасы бар (Б[...] жоқ); «Қ[...]» ШҚ-да 160 бас ірі қара мал, 37 жылқы бар (Б[...] 15 бас ірі қара мал, 5 жылқы); «Қ[...]» ШҚ 6 тұрақты жұмыс орнын құруды жоспарлаған (Б[...] – 5 жұмыс орны);

  • бұған дейін МАӘС-тің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі шешімімен аталған жер учаскесі бойынша алдыңғы конкурс заңсыз деп танылған, осыған байланысты жер комиссиясы оның қорытындыларын қайта қарап, бұрынғы шарттармен және конкурсқа бұрын қатысқан тұлғаларды («Қ[...]» ШҚ және И[...]) ескере отырып жеңімпазды айқындауға тиіс болған. Алайда жауапкерлер жаңа конкурс жариялап, оған өзге қатысушылар («Қ[...]» ШҚ, Б[...], О[...]) қатысқан;

  • жауапкерлер жер комиссиясының мүшелерін аталған мән-жайлар және МАӘС-тің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі шешімінің бар екендігі туралы хабардар етпеген;

  • «Қ[...]» ШҚ-ның құқықтары 2023 жылы бұзылып, осы уақытқа дейін қалпына келтірілмеген.

Кассациялық сатыдағы сот іс материалдарын және кассациялық шағымның уәждерін зерделей келе, тұтастай алғанда апелляциялық сатыдағы сот қаулысының заңдылығы туралы қорытындыға келеді, оның негізіне алынған мән-жайлар талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымдардың дұрыстығын көрсетеді.

Анықталған мән-жайлардан көрінгендей, 2025 жылғы 10 маусымда жер комиссиясы Сырым ауданының Жымпиты ауылдық округінде орналасқан алаңы 450 гектар (егістік) жер учаскесіне 10 жыл мерзімге жер пайдалану құқығын беру бойынша қорытындыларды шығарған.

Ж[...] Б[...] 24-тармағының талаптарына сәйкес дауыс беру жолымен айқындалған.

Конкурсты өткізу және оның қорытындыларын шығару кезінде жол берілген бұзушылықтарға қатысты талаптың уәждері назар аударуға лайық болған, осы бөлікте рәсімдік бұзушылықтар орын алған, оларды апелляциялық сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудың негізіне дұрыс алған.

Жоғарыда көрсетілгендей, конкурсқа шығарылған жер учаскесінің нысаналы мақсаты «егістік» болып табылады, алайда жеңімпаз Б[...] өзінің конкурстық ұсынысында оны «мал жайылымына» және «мал шаруашылығын жүргізу» үшін пайдалануды көздеген, бұл нысаналы мақсатына сәйкес келмейді. Аталған жер учаскесі бұған дейін 2023 жылы конкурсқа шығарылған, МАӘС-тің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі шешімімен алдыңғы конкурс нәтижелері заңсыз деп танылып, сот шешімін бір ай мерзімде орындау міндеті жүктелген.

Алайда, осы уақытқа дейін жоғарыда көрсетілген сот шешімі орындалмаған, оның орындалу нәтижелері туралы сот хабардар етілмеген. Жауапкер өкілдері кассациялық сатыдағы сотта да оның орындалғанын растай алмады.

Жауапкерлер 2025 жылғы 10 маусымда конкурс қорытындыларын шығару кезінде жер комиссиясының мүшелерін аталған мән-жайлар және МАӘС-тың 2023 жылғы 21 қыркүйектегі шешімінің бар екендігі туралы хабардар етпеген.

Конкурс комиссиясы айқын бұзушылықтарға қарамастан, бұл мәнжайларға назар аудармаған және осы бөлікте құқықтық баға бермеген, бұл конкурс қорытындыларына және Б[...] жеңімпаз деп тануға әсер еткен.

Қалыптасқан жағдайда апелляциялық сатыдағы сот қабылдаған шешім заңдылық және әділдік өлшемдеріне (ӘРПК-нің 7 және 8-баптары) сәйкес келеді.

2023 жылғы 21 қыркүйектегі заңды күшіне енген сот шешімі бола тұра, Б[...] конкурс жеңімпазы деп тану дұрыс емес болып табылады, бұл сот актісінің міндеттілігі қағидаттарына қайшы келеді, талап қоюшының құқықтары шектелген (ӘРПК-нің 14 және 18-баптары). «Қ[...]» ШҚ-ның құқықтары 2023 жылы бұзылып, осы уақытқа дейін қалпына келтірілмеген.

Көрсетілген бұзушылықтар даулы хаттаманың заңдылығына елеулі түрде әсер етеді, жауапкерлер мен комиссияның осы заңсыз әрекеттерімен әкімшілік рәсімдер және салалық Қағидалардың императивтік нормалары елеулі түрде бұзылған, сондай-ақ талап қоюшының мәселенің әділ әрі объективті қаралуына қатысты заңды мүдделері бұзылған.

Қаралып отырған жағдайда, ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік рәсімдердің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді заңсыз деп тануға алып келеді.

Осыған байланысты апелляциялық сатыдағы соттың жер комиссиясының даулы хаттамасын ішінара заңсыз деп тану туралы тұжырымдары дұрыс болып табылады, кассациялық сатыдағы сот олармен келіседі.

Алайда, апелляциялық сатыдағы соттың «Қ[...]» ШҚ мен Б[...] конкурстық өтінімдеріне құқықтық баға беру бөлігіндегі, атап айтқанда «Қ[...]» ШҚ-ның конкурстық ұсынысы неғұрлым қолайлы екендігі туралы қорытындылары алып тасталуға жатады. Апелляциялық саты осы бөлікте инвестициялар көлемін, жұмыс тәжірибесін, мамандардың, ауыл шаруашылығы техникасының және ірі қара малдың (жылқылардың) болуын талқылауға кірген.

Алайда, конкурс өткізу және оның қорытындыларын шығару сәтінде қолданыста болған Қағидалардың редакциясы мұндай сипаттағы әрекеттерді жүзеге асыруды көздемеген, қаралып отырған жағдайда бұл бөліктегі айрықша өкілеттік жер комиссиясына тиесілі болған (Кодекстің 43, 43-1-баптары, Қағидалардың 22-24-тармақтары).

Сот конкурс нәтижелерін алдын ала айқындауға құқылы емес, бұл сот бақылауының шегінен шығады. Мұндай тәсіл әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері мен қағидаттарына қайшы келеді, өйткені сот әкімшілік органның қызметін алмастырмауы тиіс, тек оның әрекеттерінің заңдылығын тексереді.

Қағидалардың 23-тармағына өзгерістер кейінірек енгізілген, тиісті №261 бұйрық 2025 жылғы 26 тамызда қабылданып, алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізілген. Ал конкурс қорытындылары 2025 жылғы 10 маусымда шығарылған, тиісінше аталған өзгерістер жер комиссиясымен қолданылуы мүмкін болмаған.

Конституциялық Соттың 2025 жылғы 16 сәуірдегі №69-НҚ қаулысында Кодекс немесе Қағидалар ережелері Конституцияға сәйкес келмейді деп танылмаған, сондай-ақ олардың ресми түсіндірмесі берілмеген (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы №153-VII ҚРЗ «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының 57-бабының 2-тармағы).

Аталған Конституциялық Соттың нормативтік қаулысы конкурс ұсыныстарын бағалау критерийлерін және конкурс қорытындыларын шығару кезінде балл беру тәртібін жетілдіру бөлігінде ұсынымдық сипаттағы ережелерді ғана қамтиды. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы ұсынымдарды іске асырып, 2025 жылғы 26 тамызда Қағидалардың 23-тармағын жаңа редакцияда баяндау арқылы тиісті өзгерістер енгізген.

Апелляциялық сатыдағы сот қаулысынан осы тұжырымдарды алып тастау оның заңдылығына әсер етпейді, өйткені жер комиссиясының даулы шешімін қабылдау кезінде өзге де елеулі бұзушылықтар орын алған.

Осыған байланысты шағымданып отырған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы күшінде қалдырылуға, ал жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Апелляциялық сатыдағы сотпен іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылғандықтан, кассациялық сот шағымданып отырған сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ деген тұжырымға келеді.

АПК-нің 109-бабының бірінші бөлігіне, 108-бабының 7) тармақшасына сәйкес аудан әкімінен талап қоюшының пайдасына өкілдің жол жүруіне және сотқа келуіне байланысты сот шығындары жалпы сомада 100 918 теңге өндіріп алуға жатады. Өкілдің (заң консультантының) қызметтеріне ақы төлеу бойынша 300 000 теңге мөлшеріндегі мәлімделген шығындар тиісті және растайтын төлем құжаттарымен дәлелденбегендіктен, қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 қарашадағы осы іс бойынша қаулысы күшінде қалдырылсын.

Батыс Қазақстан облысы, [...] әкімінен И[...] атынан «Қ[...]» шаруа қожалығының пайдасына 100 918 (жүз мың тоғыз жүз он сегіз) теңге мөлшерінде сот шығындары өндіріп алынсын.

Жауапкер Батыс Қазақстан облысы, [...] әкімінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.