ВС РК - Постановление от 03.11.2021 по делу 6001-22-00-6кп/30 (Об административном правонарушении)

6кп-30-22

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 20 cәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья А.Қ. Қыдырбаева, судьялар М.Т. Балкен, М. Таймерденов,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры К[...],

«Атырау облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілі К[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның қорғаушы адвокаты Е[...],

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2021 жылғы 3 қарашадағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен

У[...] (U[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2021 жылғы 3 қарашадағы қаулысымен У[...] ӘҚБтК-нің 517-бабының 4- бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды көрсетілген.

Ұсыну дәлелдерін қолдаған прокурор К[...] қорытындысын, К[...] және Е[...] түсініктемелерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе

өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматшасы У[...] 2021 жылғы 15 шілдеде Қазақстан Республикасына келіп, мерзімі аяқталғанына қарамастан кетуден жалтарған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.

Бірінші сатыдағы сот У[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған. Бірақ, істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.

ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылыққа қарсы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу түріндегі әкімшілік жаза қолдану көзделген.

ӘҚБтК-нің 41-бабында белгіленген әкімшілік жаза шарасын тағайындау мен таңдау кезінде негізгі шаралар болған кезде соттар, бірінші кезекте, жазаның ауырлық дәрежесі бойынша неғұрлым жеңiлiрек, содан кейін неғұрлым қатаңырақ жазаны қолдануды талқылауы керек.

ӘҚБтК-нің 55-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

Іс материалдары бойынша У[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танып, алайда жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген.

ӘҚБтК-нің 829-6-бабы бойынша сот әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, шағымды, наразылықты қарауға дайындау кезiнде іс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлар, сондай-ақ адамды әкiмшiлiк жауаптылыққа тартпауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар бар ма деген мәселелердi анықтайды; қосымша материалдарды талап етіп алдырады.

Кассациялық өтінішхатта Құлсары қаласында жұмыс істеп жүрген ұлы Г[...] және Қазақстан Республикасының азаматшасы болып табылатын туған нағашы апасы А[...] бар екендігі туралы дәлелдер берілген. Бұл мән-жайлар сотпен анықталмаған және қаулы шығару кезінде ескерілмеген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1- тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.

«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген көшіп келушілерге соттың шығарып жіберу туралы шешімі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.

Сот іс бойынша барлық мән-жайларды толық тексеріп, іс бойынша қаулының зандылығы мен негізділігіне күмәнді жою үшін қажетті дәлелдемелерді зерттеуі керек еді. Бұл іс жүргізу әрекеттері тиісті түрде орындалмаған.

Осыған байланысты алқа Атырау облысы Жылыой аудандық сот қаулысының күшін жою туралы қорытындыға келіп отыр. Істі қайтадан қарау барысында жоғарыда аталған мәселелерге назар аударып процестік нормаларды сақтай отырып, негізді шешім қабылдауы тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2021 жылғы 3 қарашадағы қаулысының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдансын.

Республика Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Қыдырбаева

Судьялар М. Таймерденов

М. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.