ҚАУЛЫ
2024 жылғы 28 мамыр 6001-23-00-6ап/2965 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар –Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
прокурор М[...] және талап қоюшының өкілі Б[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Н[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапкер «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Сайрам ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының 27.12.2022 жылғы №5811Q9300002 санды хабарламаны ұсыну жөніндегі әрекетін заңсыз деп тану, 27.12.2022 жылғы камералдық бақылау тексеру нәтижелерімен №5811Q9300002 санды хабарламаны заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 тамыздағы қаулысына жауапкер «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» мемлекеттік мекемесінің және Түркістан облысының прокуратурасының келтірген кассациялық шағымы мен өтінішхаты бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы шешімімен талап қоюшы «Н[...]» ЖШС-інің жауапкер «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Сайрам ауданы бойынша мемлекетткік кірістер басқармасының 27.12.2022 жылғы №5811QА100002 хабарламаны ұсыну жөніндегі әрекетін шағымдану рәсімін жүргізбестен заңсыз деп танылған.
Талап қоюшы «Н[...]» ЖШС-інің жауапкер «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының 27.12.2022 жылғы №5811QА100002 камералдық бақылау тексеру нәтижелерімен хабарламаны заңсыз деп танылып күші жойылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31тамыздағы қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылған.
Жауапкер «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымында, Түркістан облысының прокуратурасының кассациялық өтінішхатында іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа сот актісін қабылдауды сұраған. Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағыммен және өтінішхатымен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Талап қою арызында баяндалған мән-жайларға қарағанда «Түркістан облысы мемлекеттік кірістер Департаментінің Сайрам аудандық бөлімшесі» мемлекеттік мекемесімен «НСС[...]» ЖШС-іне камералдық бақылау тексеру жүргізіліп, салық есептілігі бойынша анықталған бұзушылықтар нәтижелері бойынша №5811QА100002 санды 27.12.2022 жылы хабарлама берілген.
Анықталған қателердің хаттамасы камералдық бақылаумен қамтылған кезең: ФНО 300-і салық есебі бойынша 01.10.2019-30.09.2022 жылдар аралығы. Анықталған бұзушылықтардың сипаттамалары бар №1 санды және №2 санды хабарламаға қосымшалар тіркелген.
Аталған қосымшаларда Сайрам аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 264 бабының 2 тармақшасына сілтеме жасап, басшысы және (немесе) құрылтайшысы (қатысушысы) заңды күшіне енген сот шешімімен белгіленген осындай заңды тұлғаның Қаржы-шаруашылық қызметін тіркеуге (қайта тіркеуге) және (немесе) жүзеге асыруға қатысы жоқ салық төлеушімен жұмыстарды нақты орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша шығыстар; мұндай салық төлеушіден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алу сот белгілеген операцияларды қоспағанда шегерімге жатпайды деп, 495 476, 00 тенгеге заң бұзушылық орын алған деп көрсеткен.
Алайда, «НСС[...]» ЖШС мен «AK[...]» ЖШС-і арасында 10.09.2021 жылы және 16.09.2021 жылы №№ 87,88 санды қызмет көрсету бойынша келісім шарты түзілген.
10.09.2021 жылғы №87 санды қызмет көрсету шартына 10.09.2021 жылғы №1 спецификация бойынша көрсетілген қызметтердің жалпы сомасы 2 763 517, 61 тенге құраған.
16.09.2021 жылғы №88 санды қызмет көрсету шартына 16.09.2021 жылғы №1 спецификация бойынша көрсетілген қызметтердің жалпы сомасы 1 860 922,52 тенге құраған.
«НСС[...]» ЖШС мен «AK[...]» ЖШС-нің арасындағы 01.09.2021-04.10.2021 жыл аралығындағы өзара есептеулер жөнінде салыстыру актісі жасалған, 04.10.2021 жылға берешек қарыз жоқ деп, мөрмен бекітілген.
«AK[...]» ЖШС-імен 2 763 517, 61 тенге төленген туралы 01.10.2021 жылы №55752827 санды фискальды чек берілген, 1 860 922,52 тенге төленген туралы 01.10.2021 жылғы №55753331 санды фискальды чек берілген.
«AK[...]» ЖШС-інің жарғылық капиталдағы үлесін сату - сатып алу келісім шартының және мемлекеттік қайта тіркеулерінің жарамсыздығы Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының №5265-22-00-2/1558 санды шешімімен 10.10.2022 жылы танылған.
Соттар жауапкердің әкімшілік актісін негіздейтін дәлелдемелерді ұсына алмағанын негізге алып талап қоюды қанағаттандыру жөнінде тұжырымға келген.
Жергілікті соттардың бұл тұжырымы қате болып табылады.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар шешім қабылдау кезінде даулы сот актілерінің заңдылығына әсер еткен іс жүргізу құқығы нормаларын елеулі бұзушылықтарға жол берді.
ӘРПК-нің 102 бабының 1 тармағына сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады.
Республикалық маңызы бар қалалар және астана, облыс орталықтары шегіндегі мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, талап қоюшының арызы бойынша мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік соттың соттылығына жатқызылған істерді талап қоюшының тұрғылықты жеріндегі сот қарауы мүмкін.
Бұл жағдайда талап қоюшы «НСС[...]» ЖШС-гі заңды тұлға болғанына байланысты аталған талап қоюды соттылығы бойынша Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына беруі керек еді. ӘРПК-нің 6 бабының 4 тармағына сәйкес Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
ӘРПК-нің 9 бабының 4 тармағына және 106-бабының 1-тармағына сәйкес оның келісімінсіз ешкімге ол үшін заңда көзделген соттылық өзгертілмейді. Әкімшілік істер әкімшілік акті шығарылған жер бойынша немесе жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралуға жатады.
Егер осы сотта әкімшілік істі қарау кезінде оның соттылық ережелерін бұза отырып іс жүргізуге қабылданғаны анықталса, сот әкімшілік істі басқа соттың қарауына береді.
АПК-нің 427 бабы 4 тармағының 1 тармақшасына сәйкес бірінші сатыдағы соттың шешімі, егер істі соттың заңсыз құрамы немесе соттылық туралы қағидаларды бұзып қараған жағдайда күшін жоюға жатады.
Қаралып отырған іс бойынша жергілікті соттар процессуалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберген. Бірақ соттар істің мән-жайын толық және дұрыс анықтамағандықтан кассациялық сатыдағы сот бұл кемшіліктерді жоймай жаңа шешім қабылдауға болмайды деп есептейді.
Істің бұл тұрғысында сот актілерінің күші жойылып, іс бірінші саты сотына талап қоюды мәні бойынша қарауға жолдануға жатады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы шешімі және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.
Іс Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына мәні бойынша қарауға жолдансын.
Жауапкер «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» мемлекеттік мекемесінің және Түркістан облысының прокуратурасының келтірген кассациялық шағымы мен өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ. Әлжанов
Судьялар
Ж.Ермағамбетова
Б.Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.