ҚАУЛЫ
2025 жылғы 30 шілде №6003-25-00-4к/118 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
ашық сот отырысында жауапкердің 2024 жылғы 19 қарашадағы Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) қаулысына келтірілген кассациялық шағымы бойынша,
Руслан Олегович Байшевтің жеке сот орындаушы Гүлдана Серікқызы Базарбаеваға қатысты 2024 жылғы 7 тамыздағы сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін бекіту туралы қаулыны заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік ісін қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған әкімшілік талап арызымен сотқа жүгініп, жеке сот орындаушысы өз қызметіне ақы төлеу мөлшерін 284 069 теңге сомасында негізсіз бекіткенін, бұл үшін заңды негіздер болмағанын көрсеткен.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 11 қазандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, 2024 жылғы 7 тамыздағы даулы қаулы толығымен (284 069 теңге сомаға) күшін жойды.
ӘІжСА-ның 2024 жылғы 19 қарашадағы қаулысымен МАӘС шешіміне өзгеріс енгізіліп, 2024 жылғы 7 тамыздағы даулы қаулы 254 069 теңге сомаға күшін жойды. Сот шешімінің өзге бөлігінде өзгеріссіз қалдырылды.
Кассациялық шағымда жауапкер апелляциялық сатыдағы сот қаулысын жоюды және талап арызды қанағаттандырудан толықтай бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.
Талап қоюшыдан және мүдделі тұлға А.А.Байшевадан істі олардың қатысуынсыз қарау туралы өтініштер келіп түсті, олар кассациялық шағыммен келіспейтінін білдіріп, оны қанағаттандырудан бас тартуды сұрайды.
Бірінші және апелляциялық саты соттарына қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және өту форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгенімен, сот отырысына келмеді, сотқа өздерінің келмеу себептері туралы мәлімет берген жоқ.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іс бойынша қатысушылардың сот отырысына келмеуі, егер олар тиісті түрде шақырылған болса, сот отырысын өткізуге кедергі келтірмейді. Кассациялық шағымның дәлелдерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, кассациялық сот келесідей қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) нормаларына сәйкес, ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне орай, кассациялық шағымдану тәртібі мен кассациялық сатыдағы іс жүргізу АПК қағидаларымен айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қараудың негіздері болып, заңсыз сот актісінің қабылдануына әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының елеулі бұзылуы табылады.
Мұндай құқық бұзушылықтарға соттармен жол берілмеген.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, Ақтөбе қалалық сотының 2022 жылғы 5 қыркүйектегі сот бұйрығымен Р.О.Байшевтан А.А.Байшеваның пайдасына кәмелетке толмаған балаларды асырауға табысының және (немесе) өзге де кірісінің 1/3 мөлшерінде алимент өндіру белгіленген.
Сот орындаушысының 2023 жылғы 20 шілдедегі қаулысымен №483/2315-4896 атқарушылық іс жүргізу қозғалды.
Р.О.Байшевтың 2023 жылғы 16 қазанда сот орындаушысына берген түсініктемесінде сот бұйрығы шыққан сәттен бастап алимент төлемегенін, тұрақты табысының жоқ екенін көрсеткен.
Сот орындаушысының 2024 жылғы 24 маусымдағы қаулысымен 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша алимент берешегі 1 893 798 теңге мөлшерінде анықталған.
Р.О.Байшевтың 2024 жылғы 1 шілдеде сот орындаушысына берген түсініктемесінде сот бұйрығы шыққан сәттен бастап алимент төлемегенін, тұрақты табысының жоқ екенін, мүлкінің де жоқ екенін көрсеткен.
А.А. Байшева 2024 жылғы 31 шілдедегі өтінішінде атқарушылық құжатты орындаусыз қайтаруды сұраған.
Сот орындаушысының 2024 жылғы 31 шілдедегі қаулысымен атқарушылық құжат қайтарылған.
Сот орындаушысының 2024 жылғы 7 тамыздағы қаулысымен жеке сот орындаушысының қызметі үшін төлем мөлшері 284 069 теңге көлемінде бекітілген.
Заңының 118-бабы 1), 2), 3) тармақтарына сәйкес, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкердің қаражаты есебінен төленеді, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, және істердің санаты мен өндіріп алу сомасына байланысты үш пайыздан жиырма бес пайызға дейін мөлшерде белгіленеді, бұл ретте ең жоғарғы мөлшері он мың айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу тек атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалған болса, жеке сот орындаушысына оның қызметіне ақы төлеу тек өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды мөлшерде жүргізіледі.
Атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындатуға дейін борышкердің өз еркімен орындалған жағдайда, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өндіріп алынбайды.
Жеке сот орындаушысы өз қызметі үшін ақы алуды тек осы бапта көзделген мөлшерде және уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асыруға құқылы. Жеке сот орындаушысына өзінің қызметіне ақы төлеу мөлшерін өзгертуге тыйым салынады.
Бірінші сатыдағы сот дауды шешіп, сот орындаушысының қаулысын жоя отырып, іс жүзінде 1 893 798 теңге мөлшеріндегі берешек өтелмегенін, ақшалай қаражаттың өндіріп алушыға берілмегенін көрсетті.
Апелляциялық саты соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгерте отырып, берешектің төленбегені, борышкер мен өндіріп алушының адал емес мінез-құлқы фактілерін, олардың бірлесіп тұру жағдайларын, сот орындаушысы қабылдаған шараларды, заңдылық, әділеттілік және сәйкестік қағидаттарын ескере отырып, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасын 30 000 теңгеге дейін төмендету туралы қорытындыға келген. Дау болып отырған қаулының 254 069 теңге бөлігінде (жалпы сомасы 284 069 теңгеден) заңсыз деп танылған.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, төмен тұрған соттардың борыштың 1 893 798 теңге мөлшерінде нақты төлемнің болмағаны туралы қорытындыларымен келіседі, өндіріп алушы мен борышкер берешектің өтелу фактісін түбегейлі жоққа шығарады, тиісті төлем құжаттары ұсынылмаған. Сот бұйрығы шыққан сәттен бастап алимент төлемдері жүзеге асырылмаған, борышкер жұмыс істемейді және тұрақты табысы жоқ.
Аталған мән-жайлар өздерінің объективті дәлелін тапқан. Кері дәлелдемелер ұсынылмаған, сот орындаушы жоғарыда баяндалған мәнжайларды жоққа шығармайды.
Осылайша, Заңының 118-бабының талаптарынан шыға отырып, атқарушылық құжаттың толық немесе ішінара орындалу фактісінің болмауына байланысты, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуді 284 069 теңге мөлшерінде белгілеу және тиісті қаулыны шығару үшін негіз болмаған.
Тиісінше, бірінші және апелляциялық саты соттарының қарызды өтеу фактісінің болмауына қатысты тұжырымдары дұрыс болып табылады, кассациялық сот бұл тұжырымдармен келіседі. Сонымен қатар, апелляциялық инстанция сотының сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін 284 069 теңгеден 30 000 теңгеге дейін төмендету туралы қорытындысы дұрыс емес болып табылады. Заң шығарушы бұл бөлікте мұндай мүмкіндік қарастырмаған және сотқа сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін төмендету құқығын бермеген. Заңының 118-бабының және Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы №416 бұйрығының (бұдан әрі – Бұйрық) нормалары мұндай тәртіпті болдырмайды.
Аталған мөлшерді айқындау құқығы Заңның 118-бабымен және уәкілетті орган белгілеген шектерде сот орындаушысының әкімшілік қарауына жатады, бұл мөлшерді жеке сот орындаушысының өз бетінше өзгертуіне тыйым салынады.
Қаралып отырған жағдайда апелляциялық инстанция сотының ұстанымы сот бақылауының шегінен шығып, сот орындаушысының өкілеттігін алмастыру элементтерін қамтиды. Алайда, кассациялық саты соты жауапкердің кассациялық шағымы бойынша сот актілерін қайта қарау барысында ӘРПК-нің 98-бабының алтыншы бөлігінің негізінде жоғарыда көрсетілген мән-жайларды сот орындаушысының мүддесіне қайшы қарай алмайды, бұндайға жол берілмейді. Қалыптасқан жағдайда сот орындаушысы 30 000 теңге мөлшеріндегі өндіріп берілген қызмет ақысынан айырылуы мүмкін. АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, іс жүзінде дұрыс шешім тек формалды негіздермен жойылуға жатпайды. Егер сотпен мәні бойынша дұрыс шешім қабылданса, бірақ жоғарыда аталған заңбұзушылықтар орын алса, кассациялық сатыдағы қаулыда шешімді өзгеріссіз қалдыруға негіз болатын материалдық және процестік құқық нормалары мен уәждері көрсетіледі.
Осы айтылғандарға байланысты, апелляциялық инстанцияның шағымдалып отырған қаулысы күшінде қалдырылуға жатады.
Қазақстан Республикасының ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.