6001-24-00-6ап/3305
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,
өзінің ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы Қадырқұлов Рамазан Сәрсенбайұлының жеке сот орындаушысы Анықбаев Асқар Абилхановичке алимент бойынша берешекті айқындау туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қазандағы қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Р.С.Қадырқұлов жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, сот орындаушының даулы қаулысы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейтіндігімен негіздеген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жеке сот орындаушысының тарапынан борышкердің алимент берешегін анықтау туралы қаулысын шығару барысында ешқандай заң бұзушылық фактілері орын алмаған, яғни борышкермен сот бұйрығы негізінде атқарушылық іс жүргізу қозғалғанын білгенге дейін жасалған алимент түріндегі тағайындаусыз біркелкі, мерзімді емес аударымдарды алимент төлемдері деп санауға болмайды деген тұжырымға келген.
Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды.
Іс құжаттарына қарағанда, сот орындаушысының 2022 жылғы 19 қаңтардағы қаулысымен Р.С.Қадырқұловтан өндіруші М.Т.Иманбаеваның пайдасына бес баласына еңбек ақысының және (немесе) өзге де кірістерінің тең жартысы мөлшерінде алимент өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған.
2024 жылғы 16 шілдеде мүдделі тұлға М.Т.Иманбаева сот бұйрығы шыққан күннен, яғни 2021 жылғы 23 желтоқсаннан бастап алимент бойынша берешекті айқындау туралы арыз берген.
ЖСО А.Анықбаевтың 2024 жылғы 25 шілдедегі қаулысына сәйкес 2021 жылғы желтоқсаннан 2024 жылғы мамырға дейін талап қоюшының зейнетақы қорына төленген төлемдер арқылы табысы анықталып, алимент бойынша берешегі 4 335 360 теңге көлемінде айқындалған.
2024 жылғы 29 шілдеде талап қоюшы сот орындаушысына сот бұйрығы және оның негізінде қозғалған атқарушылық іс жүргізу туралы білмегенін, осы уақытқа дейін ешкім алимент талап етпегенін, мүдделі тұлғамен және арадағы 5 ұл-қыздарымен 2023 жылғы мамырға дейін бір отбасы болып тұрғандарын, тиісінше әкелік міндеттерін атқарып келгенін, одан бөлек 2021 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы наурыз аралығында мүдделі тұлғаға «Kaspi Bank» қосымшасы арқылы 7 миллион теңге шамасында ақша аударғанын, мүдделі тұлға 2023 жылғы мамырда ең кіші ұлын алып кетіп қалғанын, 2024 жылғы 12 қаңтарда сот шешімімен неке бұзылғанын, 2024 жылғы 18 қаңтардағы сот ұйғарымымен келісім арқылы бір ұлы мүдделі тұлғамен, қалған 4 баласы өзінде қалғанын көрсетіп, аталған қаулының күшін жою туралы арыз берген.
2024 жылғы 31 шілдедегі қаулыға сәйкес талап қоюшының арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 138-бабы 1-тармағына сай ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағудың тәртібі мен нысанын ата-аналар дербес айқындайды.
Осы норманың негізінде ата-аналар күнделікті үй-шаруасына жұмсайтын шығындары бойынша жазбаша келісім түзбесе, ол шығындар ата-ананың тарапынан өз міндеттерін орындаған әрекеттері болып есептеледі.
Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қазандағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Сартбай Әлімжан Тұрғанұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Дуйсенбаев Г.Б.
Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж.
Судьялар
Көшірмесі дұрыс. Судья
Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.