Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 06.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/5610 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/5610

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 6 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,

талап қоюшылар М.С.Отешовтың, Ж.М.Есетовтың, Р.А.Тилегеновтың, Н.К.Бесбаевтың, А.У.Ағышановтың, өкілдері Т.У.Абзамов пен С.Ақбергенұлының,

жауапкер өкілдері Е.Ә.Асқарбек пен Т.Б.Дуйсемалиевтың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымдарымен түскен,

талап қоюшылар Жолды Мендешович Есетовтың, Мереке Сарсенбаевич Отешовтың, Русланбек Алтынбекович Тилегеновтың, Нурлан Кемелханович Бесбаевтың, Акназар Усенбаевич Агышановтың жауапкер «Тасбулат Ойл Корпорэйшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тәртіптік жаза қолдану және еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтарды заңсыз деп танып бұзу, бұрынғы жұмыстарына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыларын өндіру жөніндегі электрондық азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі шешімімен талап қоюшылардың аталған талап қоюлары қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, соттардың талап қоюшылардың тәртіптік жазасы бола тұра еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамағаны, олармен еңбек шартын бұзуға негіз болып табылатыны туралы тұжырымға келуі негіз болған.

Талап қоюшылар кассациялық шағымдарында, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына және сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, еңбек шарттары мен лауазымдық нұсқаулықтарында көзделмеген міндеттердің заңсыз жүктелуіне байланысты, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, олардың негізсіздігіне байланысты шағым берілген сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi тұрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттармен осы іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 52бабының 1-тармағының 16) тармақшасына сай, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша тәртіптік жазасы бар жұмыскер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаған немесе қайталап тиісінше орындамаған жағдайларда бұзылуы мүмкін.

Кодекстің 1-бабының 1-тармағының 76) тармақшасына сәйкес тәртіптік теріс қылық-жұмыскердің өз еңбек міндеттерін құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, сондай-ақ еңбек тәртібін бұзу болып табылады.

Тараптар арасында дау туындағанда қолданыста болған «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 30, 16 және 22 – тармақтарының талаптары бойынша, жұмыс берушінің жұмыскерді тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы бұйрықтарына дау айту туралы арыздарын қарау кезінде жұмыскердің оған жүктелген еңбек міндеттерін кінәлі орындамауы немесе тиісінше орындамауы (еңбек тәртібі қағидаларын, лауазымдық нұсқамалар мен ережелерді, жұмыс берушінің бұйрықтарын, техникалық қағидаларды және т.б. бұзу) еңбек тәртібін бұзуы болып табылатынын ескеру қажет.

Сот, Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасында көзделген негіз бойынша жұмыстан шығарылған адамды бұрынғы жұмысына қайта алу туралы талап қоюды шешу кезінде жұмыскердің бұрын сол үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған теріс қылық жасаған-жасамағаны, осы тәртіптік жазаны қолданудың заңнамалық актілерде белгіленген тәртібі мен мерзімдерінің сақталған-сақталмағаны, жұмыскердің еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап орындамау немесе қайталап тиісінше орындамау белгісінің бар-жоғы туралы дәлелдемелерді зерттеуге міндетті.

Қайталануды айқындау кезінде жұмыскерде, оның бірінші теріс қылыққа ұқсас қандай тәртіптік теріс қылықты қайталап жасағанына немесе басқа тәртіптік теріс қылық жасағанына қарамастан, тәртіптік жазаның қолданылу кезеңінде оның түрлерінің (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс) біреуінің бар болуын басшылыққа алу қажет. Еңбек шартын бұзудың негізінде жұмыскерге еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап орындамағаны немесе қайталап тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жаза қолдану көзделген.

Соттар жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасауына қатысты дауды қараған кезде жұмыскердің жасаған теріс қылығына байланысты тәртіптік жаза

түрін (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, еңбек шартын бұзу) таңдау жұмыс берушінің құқығы болып табылатынын және ол жұмыскер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушінің құзыретіне жататынын ескеруі керек.

Іс құжаттарына қарағанда, 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап «Тасбулат Ойл Корпорэйшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде (бұдан әрі-Серіктестік) талап қоюшылар Ж.М.Есетов, М.С.Отешов, Р.А.Тилегенов, Н.К.Бесбаев ұңғымаларды зерттеу бойынша операторы қызметін, А.У.Агишанов мұнай және газ операторы қызметін атқарған.

Серіктестік жұмысшыларымен 2024 жылғы 29 қазанда жұмыс берушіге қызметтік міндеттеріне кірмейтін қабат қысымын қолдауға арналған Түркменой және Ақтас кен орындарында орналасқан «Хамелманн» жоғарғы қысымды су айдау сорғысымен жұмыс жасаудан және Тасболат, Ақтас, Түркменой кен орындағы қабат қысымын айдау ұңғылармен жұмыс жасаудан 2024 жылғы 4 қарашадан бастап бас тартатындары туралы хабарлама хаты жолданған, хатқа барлығы 13 жұмысшының қолы қойылған.

Кейіннен, олардың 7 жұмыстарын жалғастырып, 1 өз еркімен жұмыстын босатылған, 5 жұмысшы аталған жұмысты атқарудан бас тартқан.

Яғни, даудың туындауына талап қоюшылардың еңбек шартында және лауазымдық нұсқаулықтарында көзделмеген жұмыстарды орындаудан бас тартулары негіз болған. Пікірлерінше ұңғымаларды зерттеу операторы мен мұнай және газ өндіру операторының лауазымдық нұсқаулығында аталған міндет көзделмеген.

Алайда, істі қарауда талап қоюшылардың бұл уәждері АПК-тің 72бабының талаптарына сәйкес дәлелдемелер жиынтығымен расталмаған, жауапкердің талап қоюға берген қарсылығы жоққа шығарылмаған.

Кодекстің 23-бабы 1-тармағының 5) тармақшасы бойынша жұмыс беруші жұмыскерлерден еңбек, ұжымдық шарттар талаптарының, еңбек тәртіптемесі қағидаларының және жұмыс берушінің басқа да актілерінің орындалуын талап етуге құқылы.

Іске тіркелген ұңғымаларды зерттеу және мұнай мен газ өндіру операторының лауазымдық Нұсқаулықтарының 1-тармағында, оларға негізгі функционалдық міндеттеріне әртүрлі әдістерді қолдану арқылы мұнай, газ және газ конденсатын өндірудің технологиялық процесін жүргізу және ұңғымалардың, газды кешенді өңдеу қондырғыларының, топтық өлшеу қондырғыларының, күшейткіш сорғылар мен компрессор станцияларының және ұңғымалардың жұмыс режимін ұстап тұру және жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан геологиялық-техникалық шаралардың үздіксіз жұмысын бақылау міндеттері жүктелген.

Талап қоюшылар лауазымдық нұсқаулықтың талаптарымен таныстырылған.

Сотта істі қарауда қабат қысымын ұстап тұруға байланысты міндеттер кен орнындағы бірыңғай технологиялық және өндірістік үдерістің құрамдас

бөлігі болып табылмайтыны, бұл жұмысты атқаруға арнайы жұмысшының көзделуі қажеттілі немесе қосымша жұмыс болып табылатыны расталмаған. Демек, жоғарғы қысымды су айдау сорғысымен жұмыс жасау бірыңғай технологиялық және өндірістік үдерістің құрамдас бөлігі болып табылады.

Талап қоюшылардың арыздары негізінде аталған мәселеге қатысты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік еңбек және халықты әлеуметтік қорғау инспекциясы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментімен жүргізген жоспардан тыс тексерулердің қорытындыларымен еңбек заңнамасының бұзылуы фактілері немесе құқық бұзушылықтар анықталмаған.

Кодекстің 22-бабының 1-тармағының 19) тармақшасына сәйкес, өзінің денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін ахуал туындаған кезде, бұл туралы тікелей басшының немесе жұмыс берушінің өкілін хабардар ете отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға құқылы.

Сотта істі қарауда талап қоюшылардың аталған құрылғымен жұмыс істеуден денсаулықтарына немесе өмірлеріне қауіп төндіретін ахуал туындағаны анықталмаған.

Кодекстің 22- бабының 2-тармағының 1, 2) - тармақшаларына сай, жұмыскер еңбек міндеттерін келісімдерге, еңбек, ұжымдық шарттарға, жұмыс берушінің актілеріне сәйкес орындауға және еңбек тәртібін сақтауға міндетті.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының талабы бойынша, азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi. Бұл талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.

Осы мән-жайларға байланысты, соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшыларға тәртіптік жазасы бар бола тұра, еңбек тәртібі қағидалары, лауазымдық нұсқамалар мен жұмыс берушінің бұйрықтары дәлелді себепсіз қайталап орындамағаны үшін оларға еңбек шартын бұзу туралы тәртіптік жазасының қолданылуы заң нормаларына қайшы келмейді деген заңды тұжырымға келген.

Жоғарыда аталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот соттардың бұл тұжырымдарымен келіседі, себебі олар талап қоюшылармен іске қатысты, анық және жол беруге болатын дәлелдемелер жиынтығымен жоққа шығарылмаған.

Кассациялық шағымда қайталап келтірілген уәждерге тиісті және дұрыс құқықтық баға берілген.

Талап қоюшылардың соттардың тұжырымдарымен құқықтық негізсіз келіспеулері, өздігінен сот актілерінің заңсыздығына әкеп соқтырмайды.

Соттардың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.

Сондықтан бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 шілдедегі қаулысы күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар Н.Ормаханов

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.