ҚАУЛЫ
2026 жылғы 5 наурыз №6003-25-00-4к/2599 (2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә. Назарова,
судьялар М. Қасымов, Д. Нұрлыбаева болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Бахрамжон Усмантаевич Хасановтың жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына, мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысы жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесіне жер учаскелерін кадастрлық істерін бастапқы абриске сәйкес орналастыруды міндеттеу және хаттаманың күшін жою туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған
Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 12 ақпандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысына мүдделі тұлғаның кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Б.У. Хасанов жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 12 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Оңтүстік Қазақстан облысы (бұдан әрі – ОҚО) Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің ОҚО, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылы, А. Икрамов көшесі нөмірі жоқ (н/ж) мекенжайдан Одилжон Каримжанович Файзуллаевтың жеке меншігіне көлемі 2000,0 шаршы метр жер учаскесін қосалқы шаруашылық жүргізуге бекіту туралы 2007 жылғы 26 қарашадағы № 606 шешімінің 0,0264 га құрайтын жер учаскесін бекітуге қатысты бөлігі заңсыз деп танылып күші жойылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Б.У. Хасановтың Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің 2006 жылғы 15 мамырдағы №340 шешімімен табысталған кадастрлық нөмірі 19-295-045-680 (19-295-044-4186) А. Икрамов көшесі, №19 мекенжайда орналасқан жер учаскесін жер кадастрлық іс деректеріне сәйкес 2017 жылғы 11 қаңтарда нақтыланған нық нүктелердің байламдары мен абрис сызбалары бойынша орналастыруға (мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің базасына осы мекенжай бойынша енгізу) міндеттелген. Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің шешімінің аталған бөлігінің күші жойылуына байланысты осыдан туындайтын барлық заңды салдарлар туралы шешім қабылданған, атап айтқанда:
Одилжон Каримжанович Файзуллаев пен Сабиржан Музаббарович Ирскуловтың арасындағы 2018 жылғы 8 қаңтардағы кадастрлық нөмірі 19-295- 044-1119 жер учаскесін сату сатып - алу келісім шартының ауданы 0,0264 га құрайтын жер учаскесіне (Б.У.Хасановтың жер учаскесімен қабаттасатын бөлігі) қатысты бөлігі жарамсыз деп танылған.
Талап қоюшы Б.У. Хасановтың жауапкерлер Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің әкіміне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, Түркістан облысы «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне берген талап қоюының қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, жаңа шешім шығаруды сұрайды.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың отырысы осы соттың ғимаратында қарауға тағайындалған болатын.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 168-бабының 1-бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі –АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 427-бабының 1-бөлігінің 1) тармағында апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту негіздері қарастырылған.
Осы әкімшілік іс бойынша мұндай заң бұзушылықтар орын алмаған.
Жергілікті соттар іс бойынша төмендегі мән-жайларды анықтаған:
- ОҚО Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің 2006 жылғы 15 мамырдағы №340 шешімімен Б.Хасановқа 1998 шаршы метр жер учаскесі Қарабұлақ ауылы, Икрамов көшесінен тұрғын үй және қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жеке меншік құқығымен берілген.
Б.Хасанов аталған шешім негізінде кадастрлық нөмірі 19-295-045-680 санды Жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін Акт алып мемлекеттік тіркеуден 2006 жылы 17 қарашада өткен. Б.Хасановтың жер учаскесінің ескі кадастрлық нөмірі 19-295-045-680 жаңа кадастрлық нөміріне 19-295-044-4186 ауысқан.
2017 жылы 11 қаңтарда Мемлекеттік корпорация Б.Хасановтың өтініші негізінде № 19-295-044-4186 жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын (конфигурациялары, шекаралары) өзгерткен.
- ОҚО, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің 2007 жылғы 26 қарашадағы №606 шешімімен азамат О.К.Файзуллаевқа Қарабұлақ ауылы, А.Икрамов көшесі н/з мекенжайдан тұрғын үй салу және жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жалпы алаңы 0,20 гектар жер учаскесі жеке меншік құқығымен табысталған.
О.К.Файзуллаев аталған шешімнің негізінде кадастрлық нөмірі 19-295044-1119 Жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін актіні 2008 жылы 19 наурызда алған және 2008 жылы 24 сәуірде мемлекеттік тіркеуден өткізген.
2018 жылғы 8 қаңтардағы жер учаскесін сату сатып - алу келісім шартына сәйкес О.К.Файзуллаев кадастрлық нөмірі 19-295-044-1119 жер учаскесін С.М.Ирскуловқа сатқан. 2019 жылы 15 мамырда Мемлекеттік корпорация С.Ирскуловтың жерге орналастыру жобасын әзірлеу жөніндегі өтініші негізінде №19-295-044-1119 жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын (конфигурациялары, шекаралары) өзгерткен.
Сот ұйғарымының негізінде жасақталған Мемлекеттік корпорацияның 2024 жылғы 9 желтоқсандағы зерттеу қорытындысы бойынша Б.Хасановтың кадастрлық нөмірі 19-295-044-4186 жері мен С.Ирскуловтың кадастрлық нөмірі 19-295-044-1119 жері орналасқан координаттары бойынша зерттелген кезде 99,4 шаршы метр аумағы қабаттасатыны, сонымен қатар көлемі 216,0 шаршы метр жерде Б.Хасановтың соққан құрылыстары орналасқаны көрсетілген.
Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 27 мамырдағы № 5152-24-00-2/132 шешімімен С.Ирскуловтың талап қоюы қанағаттандырылып, кадастрлық нөмірі 19-295-044-1119 жер учаскесінде орналасқан өз бетімен салынған 319,0 шаршы метр құрайтын құрылыс нысандарын Б.Хасановтың есебінен мәжбүрлеп бұзу туралы шешім қабылданған.
Департаменттің 2024 жылғы 11 шілдедегі №110 нұсқамасы бойынша Мемлекеттік корпорацияға Б.Хасановтың кадастрлық нөмірі 19-295-045-680, С.Ирскуловтың кадастрлық нөмірі 19-295-044-1119 жер учаскелерін кадастрлық істеріндегі сызбаларға (абристерге) сәйкес орналастыру жұмыстарын жүргізуге нұсқау берілген.
Талап қоюшы өзінің жер учаскесін бұрын алғанын, абрис бойынша орналастырылуы тиіс екенін көрсетіп, сотқа аталған талап қоюды берген. Соттар талап қоюды қанағаттандырған кезде мына мән-жайларды ескергені негізді.
« » Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес бір жер учаскесіне екі және одан да көп меншік иелерінің (жер пайдаланушылардың) меншік құқығының туындауы, сондай-ақ аралас жер учаскелерінің шекарасын бұзу туралы дауды шешкен кезде сот Жер кодексінің белгіленген талаптарды назарға алуы керек. Жерді бөліп беру тәртібін сақтау қажет болған жағдайда, тараптардың әрқайсысының жерге құқықтарының туындау негіздерін, сонымен қатар құқық белгілейтін құжаттарын, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу хронологиясын тексеру керек.
Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағына сәйкес жер учаскесін пайдалану және оған билік ету үшін нақтылы (жергілікті жердегi) шекарасын белгілеу және құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу қажет.
Белгілі бір жер учаскесіне немесе учаскенің бөлігіне тең құқықтар болған жағдайда, соттар азаматтық заңнамаға сәйкес құқықтың туындау күні бойынша белгіленетін жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың басымдығын негізге алуға тиіс.
Сотта анықталғандай, Б.Хасанов жер учаскесін Жер кодексінің талаптарын сақтай отырып, 2006 жылдан бері иеленеді, жер учаскесіне сәйкестендіру актісін 2006 жылы алған, 2017 жылы оны нақтылап, ал меншік құқығын мемлекеттік тіркеуден 2006 жылы өткізген. Мемлекеттік корпорацияның заңсыз әрекеті салдарынан электрондық картаға абрисі мен координаттары бойынша дұрыс енгізілмеген.
Аталған жағдайда, жергілікті соттар ОҚО, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылы, А.Икрамов көшесі н/ж мекенжайдан О.Файзуллаевтың жеке меншігіне көлемі 2000,0 шаршы метр жер учаскесін қосалқы шаруашылық жүргізуге бекіту туралы Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің 2007 жылғы 26 қарашадағы №606 шешімінің 0,0264 га құрайтын жер учаскесін бекітуге қатысты бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою туралы қорытындыға келгені дұрыс және негізді.
Сондықтан, жергілікті соттардың талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы шешімдері заңды және негізді болып табылады.
Соттардың қорытындылары іс бойынша белгіленген мән-жайлар мен заң талаптарына сәйкес келеді, істе бар дәлелдемелермен расталады, әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарына қойылатын талаптарға жауап береді.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланып отырған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа уәждер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.
Мұндай жағдайда мұделлі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 12 ақпандағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мұдделі тұлға Сабиржан Музаббарович Ирскуловтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә. Назарова
Судьялар
М. Қасымов
Д. Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.