Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 26.08.2025 по делу 6003-25-00-2к/262 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 26 тамыз №6003-25-00-2к/262 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Рустембеков Ж.К., судьялар Тогумбетова А.К, Алпысова Л.С, прокурор К.К.Тогаевтың,

талап коюшының өкілі С.Х.Тастыбайдың, жауапкер Ж.С.Дюсекееваның өкілі А.М.Сарсенованың, үшінші тұлға - Астана қаласының білім басқармасының өкілі Д.Т.Дауренбековтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы

талап қоюшы «Астана қаласының тұрғын үй жəне тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан əрі - Мекеме) жауапкерлер Дюсекеева Жанара Сагынтаевнаға, Токтасинов Ринат Нуркалыковичке, Дюсекеева Тендык Толегеновнаға, Дюсекеев Сагынтай Кенесовичке, Жусупов Кенжеболат Толегеновичке, Кенесов Арман Сагынтаевичке, Мансүр Гүлзада Азаматқызына ақшалай өтемақы төлей отырып, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мəжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) жəне шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 06 қаңтардағы шешіміне жəне Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Мекеме жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 06 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер Ж.С.Дюсекееваға жеке меншік құқығындағы тиесілі Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Заречный тұрғын ауданы, Ақселеу көшесі, 8/3 үй, 1 пəтер, мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-320-128-417, жалпы ауданы 0,1913 га, оның ішінде үлесі 0,0957 га жер учаскесіне 82 999 000 теңге мөлшерінде өтемақы төлене отырып, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мəжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) жүргізілген.

Ақшалай өтемақы төлегеннен кейін Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Заречный тұрғын ауданы, Ақселеу көшесі, 8/3 үй, 1-пəтер мекенжайында орналасқан тұрғын үйден жауапкерлер шығарылсын деп шешім етілген. Сот шығындары туралы мəселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысымен бұл сот шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары дұрыс қолданбағанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жоюды жəне бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, ақшалай өтемақыны 59 004 254 теңге дейін азайтуды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсылығын, үшінші тұлға өкілінің сот актілерімен келісетіндігі туралы түсінігін, прокурордың сот актілері заңды, əрі негізді деген қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болады.

Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сəйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мəжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 67бабының 2-тармағына сəйкес мемлекет мұқтажы үшін иеліктен - шығарылатын жер учаскесінің, сондай ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Іс материалдарынан жауапкер Ж.С.Дюсекееваның меншік құқығындағы Астана қаласы, «Есіл» ауданы, Заречный тұрғын ауданы, Ақселеу көшесі, 8/3 үй, 1 пəтер, мекенжайында орналасқан, кадастрлық

нөмірі 21-320-128-417, жалпы ауданы 0,1913 га, оның ішінде үлесі 0,0957 га жер учаскесі (бұдан əрі -даулы жер учаскесі) Астана қаласы əкімдігінің 2023 жылғы 13 шілдедегі «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мəжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» №510-1372 қаулысымен (бұдан əрі - əкімдіктің қаулысы) негізінде мемлекет мұқтажы үшін мəжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жататыны анықталған.

2023 жылдың 16 қарашасында жауапкер Ж.С.Дюсекееваға алдағы уақытта жер учаскесін алып қою жөнінде хабарланған.

Жауапкер жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иелігінен шығаруға қарсы болмағанымен, талап қоюшы ұсынылған «Дом оценки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан əрі - ЖШС) тəуелсіз бағалау компаниясының 2024 жылғы 17 қазандағы №62 есебімен (1-қорытынды) анықталған 59 004 254 теңге көлеміндегі ақшалай өтемақымен келіспеген. Нəтижесінде даулы жер учаскесінің өтемақы мөлшеріне байланысты тараптар арасында дау туындаған.

Бірінші сатыдағы сот дауды дұрыс шешу мақсатында құрылыстауартану сараптамаларын тағайындаған.

«Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2024 жылғы 09 желтоқсандағы №С.127-11.24 сот құрылыс-тауар сараптамасының қорытындысына (2қорытынды) сəйкес зерттеу жүргізу кезінде жылжымайтын мүлік объектісінің нарықтық құны 85 908 764 теңгені құраған.

«Астана қаласының сараптамалық-бағалау орталығы» ЖШС-нің сарапшысы В.Н. Лобаевтың 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №С-75-24 қорытындысымен (3-қорытынды) 82 999 000 теңге сомасындағы объектінің нарықтық құны расталған.

Бірінші сатыдағы сот өтемақыны айқындау кезінде сараптаманың 3- қорытындысын негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде онда тұрған жылжымайтын мүлік объектісі мен жер учаскесінің нақты нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы 82 999 000 теңгені құраған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тəртібі, стандарты мен əдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау жəне зерделеу негізінде құрастырылған.

Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.

Апелляциялық сот істің мəн-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында келтірген уəждері дəйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған жəне дауланған сот

актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Касациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық жəне процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Талап қоюшы өкілінің іс бойынша анықталған мəн-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 06 қаңтардағы шешімі жəне Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Алпысова

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.