ВС РК - Постановление от 13.02.2025 по делу 6001-23-00-6ап/2516 (Административное)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 13 ақпан №6001-23-00-6ап/2516 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев пен Ғ.Ө.Әлжанов болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақбұлақ» өндірістік кооперативінің жауапкерлер Төлеби аудандық жер комиссиясына, «Төлеби аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне үлестік жерін жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жаңа массивке беру туралы ұсыныс айту әрекеттерін заңсыз деп тану, жер комиссиясының 2023 жылғы 12 қаңтардағы №01/01 хаттамалық шешімін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 маусымдағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшы «Ақбұлақ» өндірістік кооперативінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 маусымдағы шешімімен «Ақбұлақ» өндірістік кооперативінің (бұдан әрі – Кооператив) Төлеби аудандық жер комиссиясына, «Төлеби аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне үлестік жерін жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жаңа массивке беру туралы ұсыныс айту әрекеттерін заңсыз деп тану талабы қанағаттандырудан бас тартылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Жауапкер өкілі істі оның қатысуынсыз қарауды сұраған.

Талап қоюшы сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған

жоқ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Төлеби ауданы әкімдігінің 2002 жылғы 28 ақпандағы №221 қаулысына сәйкес Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр ауылдық округінен 161,73 га ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскесі «Ақбұлақ» ӨК-іне уақытша ұзақ мерзімге 49 жылға жер пайдалану құқығымен беріліп, осы шешім негізінде жер учаскесіне кадастрлық №19-298-067-702 сәйкестендіру құжаттары рәсімделіп, мемлекеттік тіркеуден өткен.

Төлеби аудандық мәслихатының 2013 жылғы 29 наурыздағы №32/228-V шешімімен Төлеби ауданының Бірінші Мамыр, Көксәйек, Сұлтан Рабат елді мекендерінің бас жоспарлары мен Зертас елді мекеніне бас жоспардың оңайландырылған нұсқасы бекітілген. Бас жоспарға сәйкес, «Ақбұлақ» ӨК-нің кадастрлық №19-298-067-702 жалпы алаңы 161,73 га жер учаскесі елді мекен шегіне енгізіліп, жеке тұрғын үй массиві үшін 27,0 га жер учаскесі жоспардың бірінші кезеңіне қарастырылған.

Төлеби аудандық жер комиссиясының 2023 жылғы 12 қаңтардағы №01/01 хаттамалық шешімімен, Төлеби аудандық мәслихатының 2013 жылғы 29 наурыздағы №32/228-V шешімі негізінде бекітілген бас жоспарына сәйкес, жеке тұрғын үйлер үшін қаралған жаңа массивке 27,0 га жер учаскесін беру жөнінде шешім қабылдаған.

Төлеби ауданы әкімінің 2023 жылғы 17 қаңтардағы №17 қаулысымен «Ақбұлақ» ӨК-нің кадастрлық №19-298-067-702 алаңы 161,73 га жер учаскесінің 27,0 га жер учаскесі жеке тұрғын үйлер үшін қаралған жаңа массив үшін мемлекет мұқтажына алу жөнінде шешім қабылданған.

«Ақбұлақ» ӨК-і талап арызында Жер комиссиясының хаттамалық шешімімен келіспейтіндігін, оның құзырына мемлекет мұқтаждығына жер учаскесін алу жөніндегі мәселелерді қарау кірмейтіндігін көрсетіп, аталған комиссиясының 2023 жылғы 12 қаңтардағы №01/01 хаттамалық шешімін заңсыз деп тануды сұраған.

Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген. Төлеби ауданы әкімдігінің 2013 жылғы 26 ақпандағы №166 қаулысымен Бірінші Мамыр, Көксәйек, Сұлтан Рабат елді мекендерінің бас жоспарлары мен Зертас елді мекенінің бас жоспарының оңайландырылған нұсқасын мақұлдап, аудандық мәслихатқа бекіту үшін ұсыну қабылданған.

2012 жылғы 27 қарашадағы Төлеби аудандық қала құрылысы кеңесінің «Тұрғындар саны бес мыңнан жоғары – Бірінші Мамыр, Көксәйек, Сұлтан Рабат елді мекендеріне әзірленіп жатқан бас жоспарлар» қала құрылыстық құжаттарын талқылауға байланысты кеңейтілген мәжілісінде қоғамдық тыңдау өткізілген.

Төлеби аудандық мәслихатының 2013 жылғы 29 наурыздағы №32/228V шешімімен Төлеби ауданының Бірінші Мамыр, Көксәйек, Сұлтан Рабат елді мекендерінің бас жоспарлары мен Зертас елді мекеніне бас жоспардың оңайландырылған нұсқасы бекітілген.

Төлеби аудандық мәслихатының 2021 жылғы 30 шілдедегі №6/36-VII шешімімен Төлеби аудандық жер комиссиясының ережесі бекітіліп, ереженің 2-тарауында Жер комиссиясының мемлекет мұқтажы үшін алып қою құқығы көзделген.

Жер кодексінің 17-бабының 2) тармақшасына сай, осы Кодекстiң 13, 16 және 18-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерін алып қою, соның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою аудан шекарасының шегiнде жер қатынастарын реттеу саласында аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органның құзыретiне жатады.

Атап айтқанда Жер комиссиясының 2023 жылғы 12 қаңтардағы Төлеби аудандық мәслихатының 2013 жылғы 29 наурыздағы №32/228-V шешімі негізінде бекітілген бас жоспарына сәйкес жеке тұрғын үйлер үшін қаралған жаңа массивке 27,0 га жер учаскесін беру жөнінде №01/01 хаттамалық шешімі заң талаптарына дұрыс сәйкес келеді.

Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән- жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 маусымдағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Ақбұлақ» өндірістік кооперативінің келтірген кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С.Баймаханов

Е.Өмірәлиев

Судьялар

Ғ.Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.