КСАД РК - Постановление от 08.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1568 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 8 қазан № 6003-25-00-4к/1568 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев, судьялар – Д.Н.Нұрлыбаева, Ә.Ж.Назарова болып,

прокурор Р.Б.Казмуханбетовтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Нұргүл Айтілеуқызы Төлегенованың жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне қойған

2025 жылғы 21 ақпандағы №47 аудиторлық есепті ішінара заңсыз деп тану туралы талабы бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 мамырдағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жеке кәсіпкер Н.А.Төлегенова (бұдан әрі -ЖК Н.А.Төлегенова) сотқа жүгінген талабында Аудиторлық есептің ЖК Н.Төлегеноваға, «Айым Е» ЖШС-на, «Айым Б» ЖШС-на қатысты бөліктерін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған. Оған негіздеме ретінде аудиторлық тексеру іс-шараларын жүргізу барысында мәліметтерді жинақтау әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптары бұзылып жүзеге асырылғанын келтірген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымымен талап қоюшының талабы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты қайтарылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 мамырдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Сот актілерімен келіспей, талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жойып, әкімшілік талапты негізінен қарау үшін бірінші саты сотына жолдауды сұраған.

Кассациялық сатыдағы сот жауапкердің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігінің 3),4) тармақшаларында көрсетілгендей, әкімшілік акт - жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Ауыртпалық салатын әкімшілік акт - әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт.

«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 22-бабына сәйкес аудиторлық есеп - мемлекеттік аудитті тікелей жүргізген мемлекеттік аудиторлар жасаған, белгілі бір уақыт кезеңі үшін жүргізілген тиімділік аудитінің және (немесе) сәйкестік аудитінің нәтижелерін қамтитын құжат. Яғни аудиторлық есеп өз бетінше әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім болып табылмайды.

Іс жүзінде аудиторлық есеп дегеніміз аудит жүргізген тұлғаның аудит субъектісі қызметінің Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптарға сәйкестігі жөніндегі пікірін қамтитын құжат болып табылады. Сондықтан Аудиторлық есеп өзінің құқықтық мазмұнына қарай ӘРПК-нің 132 - бабының 1-бөлігіне сәйкес толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айтылатын, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіге жатпайды.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 30 сәуірдегі ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 мамырдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Н.А.Төлегенованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д.Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Д. Нұрлыбаева

Судьялар

Ә. Назарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.