6001-24-00-6ап/1347
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 9 сәуір
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев болып,
талап қоюшы Б.Д. Есжанның, талап қоюшының өкілдері Б.К.Махмудовтың,
М.Тоқтамысұлының қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Бауыржан Дүрманұлы Есжанның жауапкер «Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне жүк көлігінің салмағын өлшеу әрекетін заңсыз деп тану; жүк көлігінің салмағын қайта өлшеуді міндеттеу туралы; алым төлеу арқылы актіні заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 қарашадағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының
2023 жылғы 14 қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. «Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Инспекция) қызметкерлерінің 2023 жылғы 15 қыркүйектегі мемлекеттік белгісі «045 АСС 17 DAF» жүк көлігінің салмағын өлшеу әрекеті заңсыз деп танылған.
Инспекцияның 2023 жылғы 15 қыркүйектегі №086852 серия ЕК алым төлеу туралы актісі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талап қою арызының қалған бөлігі қанағаттандырылудан бас тартылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген, талап қоюды қанағаттандыру бөлігінің күші жойылып, шешімнің бұл бөлігінде талап қоюшы Б.Д. Есжанның талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім қабылданған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған апелляциялық саты сотының қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Жауапкер тарапы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі
- ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық саты сотымен мұндай кемшіліктерге жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2023 жылғы 15 қыркүйекте Инспекцияның қызметкерлері Е.Тусипбеков және Е.Әділханұлы Түркістан облысының Түлкібас ауданында аумағынан өтетін «Батыс Қытай-Батыс Европа» тас жолының бойында Б.Есжанның басқаруындағы мемлекеттік белгісі 045 АСС 17 DAF жүк көлігіне көліктік бақылау жүргізген.
Автокөлік құралының параметрлерін өлшеу туралы 2023 жылғы 15 қыркүйектегі №086852 серия ЕК актісінде жүк көлігінің рұқсат етілген салмағы - 63 000 кг, нақты салмағы - 81 130 кг, асқаны - 18 130 кг құрағаны көрсетіліп, жүріп өтуі үшін 3 284 000 теңге алым сомасы есептелген.
Талап қоюшы, Инспекция қызметкерлерінің әрекеттерімен келіспей, аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талапты ішінара қанағаттандыра отырып, жүк көлігінің бір жағы асфальттан шығып тұрғаны салдарынан инспекторлармен көлік құралының нақты салмақтық параметрлерін өлшеу кезінде біліктер топтары үшін нақнұсқаларды қолдана отырып, көлік құралының барлық біліктерінің біркелкілігі қамтамасыз етілмеген деген тұжырымға келген.
Ал, Апелляциялық сатыдағы соттың пікірінше, көлікті мобильді таразыға өлшеу үшін алдын ала белгіленген алаңдар тек қана облыс орталықтарында ғана орналасқандықтан, Инспекциямен көлік құралдарының салмағына өлшем жүргізу, автокөлік иесінің келісімімен трассаның асфальт және бетон жабындыларының қаттылығы, тегістігі және биіктіктері бірдей жері таңдала отырып жүзеге асыру практикасы енгізілген, сондықтан бірінші сатыдағы сот аталған тұжырымдары негізсіз деп пайымдалған.
Сот алқасы, апелляциялық сатыдағы соттың талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген тұжырымымен төмендегі негіздер бойынша келісе алмайды.
ӘРПК-нің 5 бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 7 бабында белгіленген заңдылық қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
ӘРПК-тің 129-бабына сәйкес дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдеу ауыртпалығын ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрінің м.а. 2010 жылғы 13 тамыздағы №362 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларының» (бұдан әрі – Қағидалар) 5-тармағы 2) және 3) тармақшаларына сәйкес: жылжымалы көліктік бақылау бекеті – арнайы автокөлік базасында ұйымдастырылған, техникалық бақылау, байланыс құралдарымен және жабдықпен жарақталған көліктік бақылау бекеті;
көліктік бақылау бекеті (бұдан әрі – КББ) – техникалық бақылау құралдарымен жарақтанған, күрделі ғимаратпен немесе арнайы автокөлікпен жабдықталған стационарлы немесе жылжымалы өткізу-бақылау пункті.
Қағидалардың 17-тармағында көрсетілгендей, КББ қызметкерi көлiктiк бақылау жүргiзу үшін көлік құралын тоқтатады немесе автомобиль жолына бөлiнген белдеуде тұрған көлік құралының жүргізушінен КББ-ға жүріп өтуін талап етеді, бейнежетонды қосады, көлік құралын тоқтату себебін түсіндіреді.
Қағидалардың 17-1-тармағы 1) тармақшасына сәйкес автокөлік құралының Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген автокөлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін асыра отырып, жүріп өтуі КББ қызметкерінің талап етуі бойынша автокөлік құралын тоқтату үшін негіз болып табылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген автокөлік құралын тоқтату негіздері интеллектуалды көлік жүйесімен анықталады.
Бірінші саты сотында талап қоюшы Инспекция қызметкерлері Е.Тусипбеков пен Е.Әділханұлының бейнежетондарының бейнежазбасын сотқа ұсыну туралы талап тілек қойған.
Алайда, жауапкер өкілдері 2015 жылғы 15 қыркүйекте бейнежетондары істен шыққанын көрсетіп, ахуалды орталықтан келіп түскен нұсқама жөнінде құжаттарды ұсына алмаған.
Сонымен бірге, Инспекция қызметкерлері мемлекеттік белгісі 484 NKB 05 автокөлік құралына бақылау жүргізу барысында талап қоюшы Б.Есжан келіп, таразыға дұрыс өлшемей жатқанын ескерткеннен кейін оның басқаруындағы мемлекеттік белгісі 045 АСС 17 DAF жүк көлігіне де бақылау жүргізілгенін растаған. Жоғарыдағылардың негізінде, сот Инспекция қызметкерлерінің талап қоюшының басқаруындағы жүк көлігіне бақылау жүргізу, салмағын өлшеу әрекеттері Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген деп санайды.
Қағидалардың 31-тармағына сәйкес көлік құралының нақты салмақтық параметрлерін мобильді таразыларда өлшеу Комитеттің келісімі бойынша Инспекция басшысы бекіткен тізбеге сәйкес алдын ала белгіленген алаңдарда жүргізіледі.
Көлік құралының нақты салмақтық параметрлерін өлшеуге арналған алаңдар мобильді таразының платформасының биіктігі бойынша тереңдеуі бар немесе біліктер топтары үшін нақнұсқаларды қолдана отырып, көлік құралының барлық біліктерінің біркелкілігін қамтамасыз ететін қатты жабында және жарықтандырылған учаскелерде орналастырылады.
Бірінші саты сотында анықталғандай, мемлекеттік белгісі 045 АСС 17 DAF көлігінің салмағы жылжымалы мобильді таразымен өлшенген, бірақ мобильді таразыға өлшеу алдын ала белгіленген алаңда жүргізілмеген.
Қағидалардың 33-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарымен жүруге арналған автокөлік құралдарының жол берілетін параметрлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы №342 бұйрығының талаптарын ескере отырып, көлік құралының нақты габариттік параметрлерін және сызықтық өлшемін өлшеу көліктің осьтерінің бірқалыптылығын сақтайтын жол жабынынан немесе басқа да алаңнан оның ұзындығы, ені және биіктігі бойынша шеткі екі нүктенің арасында өлшенеді.
Қағидалардың 34-тармағына сәйкес көлiк құралының салмақтық және габариттік параметрлерін өлшеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы №206 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру және оның жүзеге асыру қағидаларының 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша автокөлік құралының параметрлерін өлшем актісі дереу жасалады, оның көшірмесі жүргізушіге және тасымалдаушының талап етуі бойынша ұсынылады.
Талап қоюшы Б.Есжан жүк көлігінің салмағын өлшеген кезде көліктің бір жағы асфальттан шығып тұрғанын көрсетіп, бұл факті жөнінде сотқа бейнежазба ұсынған.
Бірінші саты сотында көліктік бақылау жүргізген қызметкерлер Е.Тусипбеков және Е.Әділханұлы жүк көлігінің бір жағы асфальттан шығып тұрғанын жоққа шығармады және жүк көлігінің салмағын өлшеу барысында 4 (төрт) муляждарды қолданылғанын көрсеткен. Істін мұндай тұрғысында, бірінші сатыдағы сот көлік құралының нақты салмақтық параметрлерін өлшеу кезінде біліктер топтары үшін нақнұсқаларды қолдана отырып, көлік құралының барлық біліктерінің біркелкілігі қамтамасыз етілмеген деп санаған.
ӘРПК-тің 84-бабы бірінші тармағында сәйкес Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын бұзу, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болып табылады.
Аталғандар негізінде, сот алқасы бірінші саты сотының жүк көлігінің нақты салмақтық параметрлеріне өлшеу жүргізу барысында Қағида талаптарының сақталмауы дұрыс емес актінің қабылдануға алып келгендіктен, алым төлеу туралы акті заңсыз деп танылып, күшін жойылуға жатады деген тұжырымы дұрыс, ал апелляциялық саты сотының қарама-қайшы тұжырымы негізсіз деп санайды.
Істің бұл тұрғысында апелляциялық саты сотының бірінші саты сотының шешіміне өзгеріс енгізу бөлігінің күші жойылуға, бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылуға, ал талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысы өзгертілсін, қаулының бірінші саты сотының шешімінің күшін жойып, талап қоюшы Бауыржан Дәрменұлы Есжанның талап қоюын қанағатттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім қабылдау бөлігінің күші жойылсын.
Бұл бөлікте Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 қарашадағы шешімі өзгеріссіз қалдырылсын. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 наурыздағы қаулысының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Г.К. Нұрбаев Е.Д.Өміралиев Көшірмесі дұрыс Судья Г.К. Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.