ВС РК - Постановление от 19.10.2023 по делу 6001-23-00-6ап/259 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылы 19 қазан 6001-23-00-6ап/259 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Ш.Т.Даниярова, судьялар – Е.Ж.Өміралиев, Ғ.Ө. Әлжанов болып,

талап қоюшының өкілі А[...], жауапкер өкілдері Ш[...] және М[...], мүделлі тұлғаның өкілі Д[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «У[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің С[...] ауданы әкіміне, «Сырдария аудандық жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы туралы жер комиссиясының 2022 жылғы 3 мамырдағы № 10 хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған,

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 желтоқсанындағы қаулысына жауапкер Сырдария ауданы әкімінің және мүдделі тұлға «Ж[...]» шаруа қожалығының келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2022 жылғы 4 шілдедегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 желтоқсанындағы қаулысымен шешімінің күші жойылып, талап қоюшы «У[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкерлер Сырдария ауданының әкіміне «Сырдария аудандық жер қатынастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қойған талабы қанағаттандырылғын. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы туралы жер комиссиясының 2022 жылғы 3 мамырдағы № 10 хаттамалық шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Жауапкер Сырдария ауданы әкімінің және мүдделі тұлға «Ж[...]» шаруа қожалығының кассациялық шағымдарында материалдық заңның дұрыс қолданылмағанына байланысты апелляция қаулысымен келіспейтінің көрсетіп, оның қүшін жойып, бірінші сатыдағы сотының шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мәнжайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, істі қарау мен шешу кезінде процестік заң нормаларының ұсақталуын тексеріп, сот алқасы келесі тұжырымдамаға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (осыдан кейін - ӘРПК) 168-бабаның 1-бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.

Сот шешімін апелляциялық тәртіпте өзгерту және күшін жою негіздері Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (осыдан кейін - АПК) 427 бабында көресетілген.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот тарапынан шешім шығарған кезде бір қатар заң бұзушылықтар орын алғаның көрсетіп, талапты қанағаттандыру туралы негізді және заңды жаңа шешім қабылдаған. Жауапкер ұсынылған құжаттар заңда көзделген келісілу рәсімінің формальды түрде жасалғанын көрсетті, оның іішінде қорытындылардың қандай жер учаскелеріне қатысты қабылданғаны көрсетілмегені, оң немесе теріс қорытынды берілгені қамтылмағандығы. Қорытындылардың бірдей мәтінінен олардың бір жерде дайындалып-басылғаны көрінеді. Одан бөлек күндері мен сандарында сәйкессіздіктер бар. Істі қарау барысында жауапкер өкілі келісуші органдар шеңбері қалай анықталғанын, олардың жалпы саны және ¾ бөлігі қалай айқындалғанын сотқа түсіндіріп бере алмады.

Әкімшілік рәсімнің келесі кезеңі конкурсты тікелей ұйымдастырып,

өткізу кезеңінде бұзушылықтар орын алған.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 27 тамыздағы № 359 бұйрығымен бекітілген Жер комиссиясы туралы үлгі ережеге (бұдан әрі - Ереже) сәйкес комиссия отырысы, егер оған оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. Бұл ретте қатысатын қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саны қатысып отырған жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының кемінде елу пайызын құрауы тиіс. Жер комиссиясының мүшелері оның отырыстарына ауысу құқығынсыз қатысады. Сотқа ұсынылған материалдарға қарағанда Даулы конкурс кезінде әрекет еткен жер комиссиясының құрамы Сырдария аудандық мәслихатының 2022 жылғы 9 наурыздағы №127 шешімімен бекітілген. Алайда жер комиссиясының құрамы келтірілген шешімнің 1-қосымшасында комиссия мүшелерінің аты-жөні және нақты саны көрсетілмеген.

Қосымшада мемлекеттік мекемелер, ұйымдар тізбектеліп, олардың басшысы және міндетін атқарушы, аудандық мәслихат депутаты, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі немесе төрағасы, қоғамдастық жиналысынан жіберген халық өкілі деп көрсетумен шектеліп, нақты кім комиссия құрамына кіретіні көрсетілмеген.

Жоғарыдағы Ережеде көрсетілгендей комиссия мүшесінің оның отырыстарына ауысу құқығынсыз қатысуы жөніндегі талапты орындау үшін және арнайы тәртіппен бекітіліп отырғаннан кейін, комиссия мүшесі ретінде нақты тұлға көрсетілуі тиіс болған. Мұндай талап Сырдария аудандық мәслихатының 2022 жылғы 9 наурыздағы жоғарыда көрсетілген №127 шешімімен бекітілген Аудандық жер комиссиясы туралы ережеде де көзделген. Одан бөлек, комиссия отырысын заңды деп тану үшін кворум сақталуы шарт. Ережеге сәйкес комиссия отырысы, егер оған оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса ғана заңды деп танылады.

Ал кворумның сақталған-сақталмағанын анықтау үшін комиссия құрамының жалпы саны (Жер кодексінің 43-1-бабына сәйкес бекітілген комиссия мүшелерін қоса алғанда) нақты болуы керек.

Дауланып отырған конкурсқа қатысты 2022 жылғы 3 мамырда комиссия отырысының екі хаттамасы жасалған:

  • конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу хаттамасы №1;

  • конкурстың қорытындысы туралы №10.

Екі хаттама да бір күнмен (2022 жылғы 3 мамыр) және бір комиссия отырысынан жасалғанымен, хаттамаларға қол қойған комиссия мүшелерінің саны мен құрамында айырмашылық бар.

Атап айтқанда, ашу хаттамасында комиссия хатшысынан бөлек 25 адам көрсетіліп, олардың 21-і қол қойған.

Қорытында хаттамада комиссия хатшысынан бөлек 15 адам көрсетіліп, олардың 10-ы қол қойған.

Ал қағида талаптарына сәйкес жер комиссиясының хаттамалық шешіміне жер комиссиясының отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қоюы тиіс.

Осы тұрғыдан дауланып отырған конкурс бойынша кворум сақталған деуге келмейді.

Комиссия отырысына қатысып отырған жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының кемінде елу пайызын қоғамдық ұйым өкілдері құрауы тиіс деген талапта сақталмаған. №10 хаттама бойынша комиссия отырысына қатысты деп көрсетілген 11 мүшенің 7-уі мемлекеттік басқару органдарының өкілдері (Е[...], М[...], Ж[...], К[...], Ж[...], Р[...], К[...]), 4-уі ғана қауымдастық, өзін-өзі басқару орғандарының өкілдері.

Сонымен қатар, Жер Кодексінің 43-1 бабы 14 тармағының екінші абзацында - осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жер учаскесін алу кезінде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық беріледі делінген. Бірақ, конкурстық комиссиясы осы заң талабына мән берілмеген және есепке алынбаған.

Комиссия тарапынан дауыс беру барысында заң бұзушылықтар орын алған.

Сотқа ұсынылған комиссия отырысының аудио-бейнежазбасынан даулы болып отырған конкурстың 15-лоты бойынша дауыс берушілердің саны 12 болғаны, олардың бір мәрте ғана дауыс бергені, қолдап дауыс берушілер саны 9 болғаны (К[...],Н[...] дауыс беруге қатыстырылмағаны) көрінеді. Бұл мән-жайлар даулы №10 хаттамада келтірілген мәліметтермен сай келмейді. Хаттамада комиссия мүшелері «Ж[...]» ШҚ-на 11 дауыс, «Қ[...]» ШҚ-на 4 дауыс, «У[...]» ЖШС-на 7 дауыс бергені жазылған. Комиссия мүшесі Р[...] дауыс беруге қатысқан, бірақ белгісіз себептермен хаттамада қол қоймаған.

Кассациялық шағымдардың иелері келтірген уәждеріне апелляциялық сот қаулысында тиісті құқықтық баға берілген, шағымдарда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы 2 бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 желтоқсанындағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Сырдария ауданы әкімінің және мүдделі тұлға «Ж[...]» шаруа қожалығының кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Ш.Даниярова Е.Өміралиев Ғ.Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.