ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 ақпан 6001-25-00-6ап/50 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар –Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, жауапкер өкілі Ж.Д.Мұңсызовтың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Жандарбек Кумисбекович Дауренбековтің жауапкер «Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы» мемлекеттік мекемесінің Кадрлық жұмыс департаментінің басшысы Аида Қылышқожақызы Ануарға қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 қазандағы ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшы Ж.К.Дауренбековтың келтірген кассациялық шағымы келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талаппен сотқа жүгінді, бұл даулы тексеру нәтижелері туралы актінің негізсіз және заңсыз шығарылғандығына, сондай-ақ жоспардан тыс тексеру барысында іс-әрекеттер мен әрекетсіздіктерді заңсыз деп тануға түрткі болғанына негіздеді.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 қазандағы ұйғарымымен талап қоюлары Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138 - бабының 2- бөлігінің 11) - тармақшасы бойынша қайтарылған.
Астана қаласы сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 қарашадағы ұйғарымымен соттың ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының жеке шағымы – қанағаттандырусыз қалдырылды.
Кассациялық шағымда талап қоюшы шығарылған сот актілерімен келіспей, материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының дұрыс қолданылмауына байланысты олардың күшін жоюды және істі бірінші сатыдағы соттың жаңа қарауына жіберуді сұрайды.
Талап қоюшы сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған
жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Жауапкер өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, істің материалдарын зерттегеннен кейін сот алқасы келесі қорытындыға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігінің талаптарына байланысты осы Кодекстің 427-бабында көзделген, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі бұзушылықтар сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар сот актілерін қайта қарауға әкеп соғатын бұзушылықтарға жол бермеді.
Соттар талапты қайтара отырып, даулы акт әкімшілік сот ісін жүргізуге шағымдануға жататын әкімшілік акт не әрекет (әрекетсіздік) болып табылмайды және жария-құқықтық қатынастардан туындамайды, яғни құқықтар мен міндеттерді тудырмайтындықтан дау әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деп тұжырымдаған.
Жергілікті соттардың көрсетілген қорытындыларымен сот алқасы мыналарға байланысты келіседі.
ӘРПК-нің 4-бабы бірінші бөлігінің 4), 5), 8) тармақшаларына сәйкес:
әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім; - әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі);
әкімшілік рәсім – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешімді қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет.
Баяндалғанды ескере отыра, сот алқасы жергілікті соттардың талап қоюды қайтару туралы тұжырымдарын негізді деп санайды, талапкердің ӘРПК нормаларын қате түсінуі және түсіндіруі мәні бойынша дұрыс сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
АПК-нің 426-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыру кезінде қаулының дәлелді бөлігінде жаңа дәлелдердің болмауына байланысты осы Кодексте көзделген бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін негіздердің жоқтығы ғана көрсетіледі. Кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отыра, сот алқасы шағымданатын сот актілерін қайта қарауға негіз жоқ деп санайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отыра, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 қазандағы ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 қарашадағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Ж.К.Дауренбековтың келтірген кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ. Әлжанов
Ж.Ермағамбетова
Судьялар
Б.Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.