Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2863 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 11 желтоқсан №6003-25-00-2к/2863 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы А.А.Пайзахметовтың, жауапкер өкілі

Т.Н.Абдрахманованың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Пайзахметов Азиз Абдукахарович (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер Рызметов Бахтияр Октамбековичтен (бұдан әрі - жауапкер) ақша өндіру туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 16 мамырдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 тамыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкер қарызды қайтармай жүргенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4, 6 және 7- тармақтарына сәйкес азаматтар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын сақтауға тиiс. Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.

Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.

АПК-тің 76-бабының 2-бөлігіне сай соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мәнжайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.

Анықталғаны, талап қоюшы талап қоюында жауапкер 2022 жылғы 2 наурызда қолхат арқылы 15 000 000 теңге қарызға алып, оны 2022 жылғы 3 наурызда қайтарып беруге міндеттенгенін, бірақ осы күнге дейін 12 000 000 теңге қарызын қайтармағанын көрсетіп, жауапкерден 15 000 000 теңге өндіруді сұраған.

Сотта жауапкер 2021 жылғы күзде талап қоюшыдан 15 000 000 теңге қарызға алып, 2022 жылғы 30 наурызға дейін қайтаруға міндеттенгенін, шын мәнінде ақша берілген кезде қолхат жазылмағанын, 2022 жылғы бірінші тоқсанда талап қоюшының өтініші бойынша жазбаша қолхат жазып бергенін, бірақ қолхаттың мазмұны талап қоюшыға сәйкес келмей, талап қоюшының талабы бойынша күнін көрсете отырып, мазмұнын оның айтуы бойынша басқа қолхат жазғанын, жарамсыз қолхатты жоюға уәде бергенін, 2022 жылғы сәуіріне дейін бөліктеп қарызды қайтарып бергенін, бұл қолхат бойынша Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 10 маусымдағы шешімімен талап қоюшының талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, өзінен 11 043 000 теңге өндірілгенін көрсеткен.

Соттың 2024 жылғы 10 маусымдағы шешімімен анықталған мәнжайларға қарағанда жауапкер 2021 жылғы қараша айында талап қоюшыдан жалпы сомасы 15 000 000 теңге қарыз алып, 2021 жылғы желтоқсан айынан бастап 2022 жылғы 18 сәуірге дейін соңғының жеке есеп шотына алған қарыздың есебінен барлығы 3 957 000 теңге аударған, сол себепті қарыз сомасы 11 043 000 теңге деп айқындалған және талап қоюшының пайдасына өндірілген.

Демек, талап қоюшыда жауапкермен орындалған 15 000 000 теңге алғаны жөнінде екі қолхат бар, оның біреуі 2022 жылғы 5 қаңтарда жазылған және ол бойынша соттың 2024 жылғы 10 маусымдағы шешімі бар, ал екіншісі 2022 жылғы 2 наурызда жазылып, қазіргі дау бойынша дәлелдеме ретінде ұсынылған.

Жергілікті соттармен зерттелген екі қолхатқа қарағанда олардағы сөздер кішкене бөлек болғанымен мазмұндары бірдей және бір міндеттеме бойынша жазылғаны көрінеді, екеуінде де қарыз сомасы мен қайтару мерзімі бір, екі қолхат арасында екі ай ғана өткен.

Өз кезегінде, талап қоюшының екі ай ішінде кепілмен немесе өзге де тәртіппен қамтамасыз етілмеген 15 000 000 теңге қайтарылмаған қарызы бар жауапкерге тағы да 15 000 000 теңге қарыз беруі, жауапкердің үлкен сомадағы қарызды қайтаруға мүліктік жағдайы жоқ бола тұра екі айдың ішінде

30 000 000 теңге қарыз алуы, соңғы қолхат бойынша 15 000 000 теңге қарызды не бәрі бір күн ішінде қайтаруға міндеттеме алғаны соттың негізделген күмәнін туғызған.

Бұл жағдайда соттар жауапкердің уәждеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі екі дау бойынша да жауапкер сотта тұрақты түрде бір тектес жауап берген, соттың 2024 жылғы 10 маусымдағы шешімімен жауапкер қарыздың 3 957 000 теңгесін қайтарғаны бекітілсе, талап қоюшы қазіргі дау бойынша берген талап қоюында жауапкердің 3 000 000 теңге қарызын қайтарғанын көрсеткен, қарыздың қайтарылған кезеңдері де жауапкердің жауаптарымен сәйкес келеді.

Сотта талап қоюшы аталған мән-жайларды жоққа шығаратын нақты дәлелдемелерді ұсынған жоқ және оның уәждері өз дәлелін таппады, тиісінше АПК-тің 72-бабына сәйкес тараптар өз уәждерін дәлелдеуге міндетті.

Істің мұндай тұрғысында, талап қоюшы өзінің құқықтарын теріс пайдаланып отырғанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 16 мамырдағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 тамыздағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Пайзахметов Азиз Абдукахаровичтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.